Шымкентте қарт әжені алдап, ақшасын алған күдікті қолға түсті

11 Қыркүйек 2023, 11:47 572

Шымкентте күдікті өзін 83 жастағы қартқа полиция тергеушісі ретінде таныстырып, ақшасын ұрлаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түн ортасында ер адам жәбірленушіге өзін Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырып, зейнеткердің қызы ауыр жол-көлік оқиғасын жасады деген айыппен ұсталғанын хабарлаған.

Жалған полиция қызметкері егер анасы ақшасын төлесе, күдіктіні қазір босатуға болады деп сендірген. Әбден қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен.

Күдікті ақша алуға курьер келгенше жәбірленушіге ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке әжей 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған.

Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлаған. Аталған жайт бойынша тергеушілер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері іздеу шараларының нәтижесінде мекен-жайдан ақша алған курьердің жеке басын анықтап, ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ұсталған адам мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады. Ол алған ақшаның 90%-ын онлайн-жұмыс берушілердің есеп шотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып қалып отырған. Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу барысында интернет-алаяқтық жасаған күдіктінің сыбайластары анықталатын болады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: