Шымкентте қаңғыбас иттер қабірлерді қазып, күшіктеп тастаған

26 Қыркүйек 2023, 10:47 1664

Шымкентте қаңғыбас иттер қабірлерді қаза бастаған. Жаңа жерленген мүрделерді жеп кетпеу үшін күні-түні күзетте тұрамыз дейді шырақшылар. Тіпті аш иттер көшедегі адамдарға да шабуылдай бастаған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шымкентте қаңғыбас иттер мазараттарды жайлап жатыр. Тіпті, жабайы иттер бейіттерді қазып, көр ішіне күшіктеуге дейін жеткен. Бейіттердің маңында шашылған сүйектердің малдікі, не адамдікі екенін айту қиын.

Мазарлардың іші ит-құстың саңғытына толып, көп қабірдің беті бүлінген. Қорымды күндіз-түні қаңғыған иттен қорып жүрген шырақшы Шухрат Исраилов биылдың өзіне ит қазып тастаған қырық шақты бейітті қайта көміп шықтым дейді.

Ит ататындарға арыз бердік. Келеді, ата алмайды оны. Үш-төрт метрге жетеді оғы, ұйықтатуға. Қазып, денені сыртқа шығарып жейді ме, білмейміз, не істейтінін. Осында үнемі артынан көміп жүрміз. Күнде осы жердеміз, - дейді шырақшы Шухратбек Исраилов.

Арнаның мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентте ит қапқан адам саны 1700-ден асып кеткен. Оның көпшілігі кәмелетке толмағандар. Ал тұрғындар төбеттің көшеде күрт көбейгенін айтады.

Шымкентте ит аулаумен айналысатын 6 бригада бар. Олар былтыр 40 мың қаңғыбас ит-мысық ауласа, биыл бар болғаны 16 мың 800 бұралқыны ұстапты. Жабайы жануарларды аулап, кастрация жасап әрі жоюға 264 миллион теңге бөлінген.

16 мың 800 ит ауланып келген болса, ит‑мысықтар оның 13 мың 500-не жуығы жансыздандырылды. Олар жансыздандырылып, эвтаназия жасап, арнайы биотермиялық шұңқырлар бар, соларға тасталынды. 4200 бас итті, қоғамдық еріктілер бар ғой, зооволонтерлар деп атаймыз, солардың тарапынан питомникке барып, өздері асырау үшін алып кеткен. 4200 бас ит-мысықты, - дейді Шымкент ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: