Шымкентте мопед ұрлап, кейін сатып жіберген азамат қолға түсті

21 Қыркүйек 2023, 13:38 575

Мопедті ұрлай салып, сатып жіберген шымкенттік ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Полиция дерегінше, Тұран АПБ-ға “102” арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз шағымында құны 430 мың теңге тұратын Samurai мопеді ұрланғанын жеткізді. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті.

Оқиға болған маңдағы бейнекамераларды тексеру кезінде жедел басқару орталығының инспекторлары жүк салғышына мопед артқан жеңіл көлікті байқады. Оның алған бағыты мен жүрген ізіне түсіп, тоқтаған соңғы нүктесін анықтады.

Көрсетілген мекенжайға жедел-тергеу тобы барғанда бірнеше бөлшекке бөлінген мопедті тапты. Ер адам жауабында көлік құралын досынан сатып алғанын және оның ұрланған мүлік екенінен хабары болмағанын жеткізді.

Полицейлер 1 тәулікке жетпей нағыз ұрының жеке басын анықтап, оны қала аумағында қолға түсіріп, полиция басқармасына жеткізді. Белгілі болғандай, жергілікті тұрғын, мопедті ауладағы көлік тұрағынан көше бойына шығарып, сатып алушының автокөлігіне тиеп жіберген.

42 жастағы азамат бұған дейін есірткі қылмысы үшін сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда іс бойынша жинақталған құжаттар барлық айғақтармен бірге сотқа жолданды, – деді анықтаушы Қажымұрат Халил.

Равиль Ашығали
Бөлісу: