Шымкентте мал ұрлаған жігіт 5 жылға сотталды

29 Тамыз 2023, 00:40 953

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 28 жастағы жігітке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол қаланың шет елді-мекендерінде мал ұрлығымен айналысты деп айыпталды. Бұл туралы Абай АПБ-ға 4 жергілікті тұрғын ұқсас мазмұнды арызбен жүгінген.

Олар үй жанында жайылып жүрген төрт түліктерін белгісіз біреу қолды еткенін айтып жеткізді. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1- бабы 3-бөлігі бойынша тіркеді.

Оқиға болған маңды тексеріп, куәгер болуы мүмкін азаматтармен сөйлесті. Нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады.

Тергеу барысында жұмыссыз жігіт қаржылай мәселелерін шешу үшін осындай қадамға барғанын мойындады. Ол өзіне тиесілі Mitsubishi Galant автокөлігімен қараусыз жүрген малдарды ұрлап, сатып жіберген.

Полицейлер жинақталған іс-құжаттарды сотқа жолдады. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Ұрланған мал заңды иелеріне қолхатпен қайтарылды.

Сот 28 жастағы азаматқа қатысты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсанынан бастап мал ұрлығы ауыр санаттағы қылмыстардың қатарына жатады.

Берік Арманов
Бөлісу: