Шымкентте автокөліктерді заңсыз иеленіп алуды кәсіпке айналдырған азамат ұсталды, – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданған. Ол өз арызында үйінің ауласында тұрған өзіне тиесілі ВАЗ-2114 автокөлігін түнгі уақытта белгісіз біреудің заңсыз иемдену мақсатында жүргізіп алып кеткенін жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 600 мың теңгені құрап отыр.
Орын алған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кірісті. Аталған аймақты жіті зерделей шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, күдік тудырған азаматтардан түсінік алды. Жүргізілген шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде, осы жайтқа қатысы бар азамат қала аумағынан ұсталып, басқармаға жеткізілді. 26 жастағы ер адам, уақытша жұмыссыз.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті бұған дейін де дәл осындай санатты қылмыс жасағаны үшін істі болған. Қазіргі кезде күдіктіге қатысты ҚР ҚК-тің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.