Шымкентте «Ізетті зейнеткер» орталығы ашылды

5 Қараша 2023, 22:31 802

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үш қабатты орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта түрлі ем шараларын алып, демалу үшін барлық жағдай жасалған.

Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары, кітапхана, мәжіліс залы қарастырылған.

Орталықта жыл сайын 2 мыңнан аса ардагерге санаториялық қызметтер көрсетілетін болады. Санитарлы-гигиеналық, мәдени іс-шаралар демалушылардың денсаулығына, жас ерекшеліктері мен қызығушылығына қарай жүргізіледі.

Айта кетейік, қалада бүгінде 88 030 зейнеткер тұрады. Биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды. Жыл басынан бері 4 мыңға жуық адам еліміздегі түрлі шипажайларға жолдама алған.

Жыл соңына дейін мыңнан аса зейнеткерді оңалту шараларымен қамту жоспарлануда.

Перизат Саденова
Бөлісу: