Шымкентте ірі мөлшерде синтетикалық есірткі заттарын сақтаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды El.kz
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен “Қарасора-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүріп жатыр. Кезекті іс-шара барысында тәртіп сақшылары қаладағы көшелердің бірінде күдік тудырған Өскемен қаласының тұрғынын байқады.
Құжаттарын тексеру және заңға қайшы заттардың бар-жоқтығын сұрастыру кезінде азаматтың өз сөмкесінде қара түсті полиэтиленді пакетте жапсырмаға (скотчқа) оралған жалпы салмағы бір келіден асатын синтетикалық есірткі заттарын сақтап, тасымалдап келе жатқаны анықталды. Қарау сәтінде аталған пакеттен ақ түсті өткір иісті есірткі затына ұқсас ұнтақ табылып, жедел-тергеу тобымен тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысымен аталған заттың “Мефедрон” есірткі заты екендігін расталып, оның жалпы салмағы 1 келі 151 грамды құрады. Бүгінде аталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Атап өту қажет, 29 жастағы азамат бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған. Ал оның бұл әрекеті қолданыстағы заңға сәйкес ауырлататын мән-жай болып табылады және ол үшін оған қатаң жауапкершілік қарастырылған.