Шымкентте ерекше балаларға арналған орталық ашылады

2 Желтоқсан 2022, 16:05 1661

АВА-терапия бойынша бірінші курстан өткен мамандар таңдалды

«Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық жарақтандырылатын 8 өңірдің алғашқысы – Шымкент шаһары. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып, жиһаз орналастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Балалармен жұмыс істеу үшін АВА-терапия бойынша бірінші курстан өткен мамандар таңдалды.



Орталық аутизм спектрі бұзылған 1,5-нан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Жыл сайын 125 бала мамандардың тегін көмегін ала алады.
Орталықта балалармен жұмыстың келесі бағыттары болады: АВА-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, адаптивті және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арттерапия, музыкалық терапия, қыш жасау, ата-аналармен жұмыс, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопедпен, психологпен, дефектологпен сабақтар.

Қордың «Аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» бағдарламасы бойынша аталған орталықтар сондай-ақ Алматы, Қостанай, Тараз, Өскемен, Ақтөбе, Талдықорған, Павлодарда жарақтандырылады. Бағдарламаны іске асырудағы серіктестер – «Samruk-Kazyna Trust» КҚ және «Қамқорлық қоры» қоры.

EL.KZ
Бөлісу: