Шымкентте дәрігер инсульт алған науқасқа «мас» деп ойлап көмек көрсетпеген

24 Мамыр, 11:26 2033

Шымкентте миына қан құйылған науқасқа дер кезінде көмек көрсетілмеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жолда өзін жайсыз сезінген әйелді көшедегі бейтаныс адамдар №1 ауруханаға жеткізген. КТК арнасының хабарлауынша, науқастың құсқанын көрген кезекші дәрігер ішімдікке тойып алған деп, палатаға кіргізіп, ұйықтатып тастапты. Науқастың күйеуі Құттымұрат Азтаев әйеліне бірінші көмек көрсетілмегенін алға тартады. Тіпті кезекші дәрігер «рентгенге түсірдік, бәрі сау, жай ғана мас, үйге алып кетіңіз» деген.

Инсульт алған Қалдыкүл Мамытова палатада екі сағаттай жатып қалған. Күйеуі келген соң ғана токсикология бөлімшесіне апарып тексертіпті. Тек сонда ғана инсульт белгілерін анықталған.

Дереу өзге ауруханаға апарып, басына ота жасалғанша, арада алты сағат уақыт өтіп кетіпті.

Миына көп қан құйылған 45 жастағы науқас комаға түсіп кеткен. Әйелінің мүлде ішімдік ішпейтінін айтқан күйеуі ісіне салғырт қараған дәрігердің үстінен полиция мен прокуратураға шағым түсірді. Ал ауырып келген адамды «мас» деп ойлаған дәрігер науқастың құсқанын көріп, қате жормал жасадым деп ақталып отыр.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: