Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан жастарының халықаралық форумы өтті

20 Қыркүйек 2019, 17:35 3713

Бүгін Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан жастарының қатысуымен «Дарынды жастар – ел тірегі» тақырыбында халықаралық форум өтті.

 

Оған көршілес Өзбекстаннан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан барлығы 800-ден астам жастар жиналды.


Еліміздегі Жастар жылы аясында өткен форумды Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығы мен Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырып отыр. 


Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев қатысты.


Форумда екі ел жастары арасындағы достықты нығайту мәселелері қаралып, жастардың 10-нан астам инновациялық жобалары мен жетістіктері таныстырылды.


«Өзбекстандағы Қазақстан жылы және Қазақстандағы Жастар жылын сабақтастыра ұйымдастырған форум екі елдің жастары арасындағы өзара түсіністікке ықпал етері сөзсіз. Үздік жобаларды таныстыруға бағытталған іс-шаралар бір-бірлерімен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Биыл жастарға бағытталған жаңа бағдарламалық құжаттар мен жобалар сәтті іске асырылуда. Игі бастамаларға елдегі бірлік пен берекенің ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы да өзінің елеулі үлесін қосып келеді», - деді жиында сөз сөйлеген ҚХА төрағасының орынбасары Ш. Пулатов.


Ал, екі ел арасындағы сан ғасырлық достық пен ынтымақтың одан әрі беки түскенін тілге тиек еткен Өзбекстан елшісі жастар арасында осындай басқосулардың жиі ұйымдастырыла бастағанына қуанышты екенін жасырмады.


Форум соңында Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастының төрағасы Икрам Хашимжанов белсенді жастарға ерекше құрмет көрсетіп, сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Бөлісу: