Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Universal Ropeways» ЖШС басшылығымен кездесті. Басқосу барысында мегаполисте аспалы арқанжол салу тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігі бұл жоба қалада заманауи әрі тұрақты көлік жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Игі бастама Мемлекет басшысының жақында Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапарында жүктеген міндеттерін орындау мақсатында қолға алынып отыр. Әсіресе, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және көлік салаларындағы жобаларды дамытуға басымдық берілмек.
Кездесу барысында арқанжол желісінің алдын ала бағыттары, ықтимал технологиялық шешімдері, жобалау мен құрылыс кезеңдері талқыланды. Әуе көлігі арқылы Республика, Тәуке хан, Қонаев, Бәйдібек би, Абылай хан даңғылдарын, Цитадель аумағы мен «Тұран», «Шымкент сити» шағынаудандарын кезең-кезеңімен жалғау жоспарланып отыр.
Аспалы арқанжол іске қосылса, халықтың жүріп-тұруы жеңілдеп, тығыз құрылыс салынған, көлік қозғалысы көп аумақтарда жол-көлік жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Сонымен қатар бұл нысан туристер үшін тартымды орынға айналуы мүмкін.
Қала әкімі жобаны қолдап, ашық әрі сындарлы пікір алмасуға дайын болған инвесторларға алғыс білдіріп, толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, жобаның жүзеге асуы қаланың дамуына серпін беріп, заманауи шешімдердің енгізілуіне жол ашады. Сондай-ақ бұл бастама құрылысы мен кейінгі кезеңде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.