Шымкентте полиция аса ірі көлемдегі мефедронның таралуына жол бермеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында есірткі заттарын өткізумен айналысып жүрген Алматы тұрғынын құрықтады. 20 жастағы ер адам өзімен бірге қытырлақ картоп (чипсы) қаптамасына салынған синтетикалық есірткіні тасымалдаған.
Оның жалдамалы пәтерін тексеру кезінде ұнтақ салынған полиэтилен пакеттер және 150-ден астам есірткі орамасы табылды. Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы 3,5 келіні құрады. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр, - деп жазылған Polisia.kz сайты таратқан ақпаратта.
Шымкент қаласының полиция департаменті есірткімен байланысты кез келген заңсыз іс-әрекет заңмен қудаланатынын ескертіп отыр.