Шымкентте әлеуметтік осал топтағы 217 тұрғын қайтарымсыз грант алатын болды

14 Тамыз, 01:30 573

Шымкентте 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі қайтарымсыз грант берудің екінші легінің комиссия отырысы өз мәресіне жетті. Комиссия өкілдері әлеуметтік осал топқа жататын 217 адамның бизнес-жобасын мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл жолы BUSINESS.ENBEK порталына 1294 адамнан өтінім келіп түскен. Олар – атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көпбалалы отбасы (ең үлкен перзенті 23 жастан аспаған), асыраушысынан айырылған жөнінде әлеуметтік төлем алушы отбасылар, қолданыстағы қандастар, қоныс аударушылар (солтүстік өңірлерге), еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және кәсіпкерлер болды.

Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 19-ы мал және құс шаруашылығын, 49-ы қызмет көрсету саласын, 22 жоба кондитер және нан өнімдерінің өндірісін, 44-і тігін, 16 жоба жартылай фабрикаттар, 5-і жиһаз өндірісін, 27 жоба өндіріс саласы мен 35-і қоғамдық тамақтану орындарын іске қосу жобаларын құрады. Ал санаттар бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы – 5, 130-ы көпбалалы отбасы, 14-і асыраушысынан айырылып, бүгінде әлеуметтік төлем алып отырған отбасы, 31-і еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар болса, 37-сі мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Қала әкімдігі бүгінде грант жеңімпаздары Еңбек мобильділігі орталығымен келісімшартқа тұрып жатқанын атап өтті. 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды.

Айта кетейік, қайтарымсыз грант қаржысы несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қолданылмайды. 

Перизат Саденова
Бөлісу: