Шымкентте АИ-95 маркалы жанармай өндірісі қайта жанданды

30 Тамыз 2023, 20:03 1108

Шымкентте «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге  «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ұйымына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мұнда кәсіпорынның жұмысын кеңейту, жуықта МАЭК-те болған апат сияқты жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды. «Энергетикалық қауіпсіздік бойынша ПҚОП-тың жеке қосалқы станциясы болуы тиіс. Жобаны мақұлдау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, зауытты үздіксіз қуатпен қамту мақсатында, қаланың мүмкіндіктерін ескере отырып, желілер салынады», - деді Нұрлан Жақыпов.

Өз кезегінде компания басшылығы АИ-95 маркалы жанармай өндірісі қайта жанданғанын мәлімдеді. Алайда ол әзірге қоспамен шығарылады. 

Келесі жылы ақпанда жаңа жылу алмастырғыш сатып алынған соң өндіріс толықтай қалпына келтіріледі. Жаңа құрылғыны дайындау үшін біраз уақыт қажет. 

Сонымен қатар Қор басшысы мен Шымкент әкімі әлеуметтік жобаларды да талқылады. Бүгінгі таңда Қордың демеушілігімен Шымкентте 1,6 млрд теңгеге 24 қайырымдылық жобасы атқарылған.

Берік Арманов
Бөлісу: