Шымкентте АӘК алушылар саны азайған

12 Қараша, 08:45 323

Шымкентте жыл басынан бері 8 511 отбасының 44 342 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылардың саны 29,7 пайызға азайған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімдіктің ұсынған мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың осы кезеңінде 12 108 отбасындағы 61 605 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл көрсеткіш жұмыспен қамту шараларының оң нәтижесін көрсетеді.

1-6 жас аралығындағы балаларға төленетін 1,5 АЕК көлеміндегі (5 538 тг) жәрдемақы биыл 7 608 отбасының 14 907 баласына берілген. Бұл көрсеткіш те биыл төмендеген. Өткен жылы мұндай көмек 12 927 отбасындағы 24 521 балаға төленген. Биыл 28 пайызға азайған.

Жалпы 2024 жылдың III тоқсанына арналған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 36 637 теңгені құрап отыр. Бұл көмек әр отбасының жан басына шаққандағы орташа кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі. АӘК  алушылардың 12 482-і еңбекке жарамды азаматтар. Олардың 7 369-ы өтініш берген кезде жұмыс істеп жүргендер болса, қалғаны жұмыспен қамту шараларына тартылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, 436 адам нәтижелі жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Яғни, 265 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 48-і қоғамдық жұмыстарға, 15 адам жастар практикасына, 17 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. Сонымен қатар 46 адамға кәсіпкерлік бастамалары үшін қолдау көрсетілген. 

Перизат Саденова
Бөлісу: