Шымкентте 23 жастағы қыз балалардың алтын сырғасын ұрлаумен айналысқан

20 Қыркүйек 2023, 12:02 1092

102 қызметіне Тұран ауданының тұрғыны хабарласып, белгісіз адам кішкентай қызын алдап, алтын сырғасын алып кеткенін айтқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, анасының құрбысымын деп таныстырып, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алған. Қыз балаға балмұздақ алып беремін деп оқиға орнынан ізін суытқан.

Полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер барлық куәгерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Нәтижесінде олар күдіктінің кім екенін анықтап, оны 2 тәулікте ұстады.

Тұран аудандық ПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы қыздың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар. Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қыздың алтын сырғасын иемденіп, қарт әйелдің телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: