Шымкентте 20 жастағы жігіт екі аптадан бері табылмай жатыр

29 Қаңтар, 11:43 1644

Шымкентте із-түссіз жоғалып кеткен 20 жастағы жігіт екі аптадан бері табылмай жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ордабасы ауданында тұратын Бәйдібек Еділбек 14 қаңтарда жүргізуші куәлігін алу үшін Шымкент қаласына жолға шыққан. Сол күні түсте 20 жастағы жігіт әкесіне хабарласып, ауылға қайтатынын айтыпты. Арада бірнеше сағат өткен соң телефоны өшірулі болған. Содан бері екі апта өтсе де, жоғалған жігіттен әзірге ешқандай хабар жоқ.

Камераға қарасақ бері қарай аялдамаға жүрген кадры ғана бар. Одан басқа ешқандай хабар жоқ. 12 б немесе а-ға отырды деген ақпарат естідік, – дейді жігіттің туысы Әйгерім Әбітаева. 

Жас жігіттен хабар ала алмаған жақындары қаланы аралап, ауруханалар мен мәйітханаларға да кіріп шыққан. Бірақ оны көрген-білген жан табылмай тұр. Шымкент қалалық полиция департаменті іздестіру жалғасып жатқанын жеткізді. Олар адам көп жүретін қоғамдық орындарды сүзіп шыққан. Жігітті әлі де іздейтін боламыз дейді полицейлер.

Жоғалған азамат туралы арыз бойынша полицейлермен іздестіру шаралары жүргізілуде. Ер адамды анықтауға бағытталған жұмыстарға полиция департаментінің барлық күштері жұмылдырылды. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ, – делінген полиция хабарламасында. 

Бәйдібек Еділбек жақында әскерге барып, борышын өтеп келген екен. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: