Шымкентке 1 млрд 750 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылатын болды

23 Мамыр, 00:30 571

Шетелдік компания Шымкенттің өнеркәсіп саласына 1 млрд 750 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатын болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Меморандум алдыңғы кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында жасалды.

Айта кетсек, өткен аптада Ғабит Сыздықбеков инвесторларды аумағында зауыт салу жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен таныстырған болатын.

Әкімдіктің хабарлауынша, жобаны жүзеге асыру барысында компания қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашады.

Үш кезеңдік  металлургиялық зауыт 5 жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты 5 миллион тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады.

Қала әкімі компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр,-делінген әкімдік мәліметінде.

Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd ірі корпорациясының бөлігі болып табылады.

Зарина Арман
Бөлісу: