Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағының бірі жабылды

20 Шілде 2022, 23:10 2177

Басқосу барысында тараптар әуежай қызметін қалыпқа келтіру бағытындағы қадамдарды назарға алды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде ұйымдастырылған «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында өткен жиында Шымкент әуежайының бүгінгі аухалы талқыланды, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Видеоконференция режиміндегі басқосуда әуе терминалын одан әрмен дамыту мәселесі де назарға алынды. Жиынға ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті, Шымкент қаласы әкімдігі мен аталған әуежайдың басшылары және Қазақстанның авиация әкімшілігі мен «Қазаэронавигация» РМК өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы әуе терминалындағы ұшу кезіндегі қауіпсіздік сақталмағаны үшін бір ұшу-қону жолағында шектеу енгізілген.

Осы ретте Азаматтық авиация комитетінің өкілдері мүдделі тұлғалармен бірлесіп, ескертулерді жою және әуежайдың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар іс-шараларды әзірледі. Басқосу барысында тараптар әуежай қызметін қалыпқа келтіру бағытындағы қадамдарды назарға алды.

Сонымен қатар жиында Шымкент әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы бойынша жобаның жүзеге асу барысы баяндалды. Өз кезегінде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің өкілдері аталған жобаның маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын тез арада бітіру қажеттігін алға тартты. Бұл жоба – жолаушылардың жайлылығын арттырып, ұшу кезіндегі қауіпсіздікті арттыруға септеседі.

EL.KZ
Бөлісу: