АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өңірлерде халықпен кездесуі жалғасуда. Бүгін Шымкент қаласында Штаб мүшелері атом электр станциясының артықшылығы туралы әңгімелесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындардың бірі саналатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен жүздесуден басталды. Білім ордасының шәкірттері бірқатар техникалық мамандық бойынша білім алады, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Болашақ инженерлер Атом электр станциясы идеясының елді одан әрі дамыту және өндіріс саласында жаңа мультипликативті мүмкіндіктер жасау бағытындағы барлық перспективаны жақсы түсінеді. Сондықтан студенттер, жас ғалымдар, жастар ұйымдарының белсенділері кездесуде АЭС салу идеясын толық қолдайтындарын мәлімдеді.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атом электр станциясы экономиканың, өнеркәсіптің, білімнің, ғылымның дамуына тың серпін беретін аса маңызды жоба екенін ерекше атап өтті. АЭС түрлі тәуекелдің алдын алып, елімізді қуатты энергетикалық базасы бар прогрессивті мемлекеттердің қатарына қосады.
АЭС салу – бір күннің мәселесі емес. Жобаны іске асыру он жылды, тіпті одан да көп уақытты алады. Бәріңіз де экономикасы дамыған, болашағы зор, қуатты да тәуелсіз Қазақстанда өмір сүргілеріңіз келетіні сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көздегені – осы. Қазіргі қолға алынып жатқан істер, ең алдымен, сіздер үшін жасалып жатыр. Ендеше, батыл шешім қабылдайтын уақыт жетті. Ал батыл шешімді қабылдайтын – жастар! Олай болса, алдағы референдумда АЭС салуға қолдау көрсетіп, өз болашақтарыңыз үшін дұрыс таңдау жасауларыңыз қажет, – деді Ерлан Қошанов жастарға қарата айтқан сөзінде.
Әңгімелесу барысында Халықтық штаб мүшелері АЭС құрылысы жастарға мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айтқанда, лайықты жалақысы бар онмыңдаған жаңа жоғары білікті жұмыс орны құрылады. Қазақстандағы жоғары оқу орындардың түлектері АЭС құрылысына қатысуға және отандық атом индустриясында қызмет етуге қажет барлық мүмкіндікке ие. Болашақта атом энергетикасын дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, онда АЭС қажеттілігіне қарай арнайы кадр даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.
Қала жастары атынан энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер кафедрасының PhD докторы Нұрсұлтан Файз, жас ғалым Исабек Әзімхан, жастар орталығының директоры Ақан Бесбаев, Студенттік парламенттің төрағасы Сабина Сағынтай АЭС-ты қолдауға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Олар Қазақстанның прогрестен тыс қала алмайтынын, сондықтан бізге энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін, жастарға жаңа мүмкіндіктер жасайтын атом электр станциясы қажет екеніне сенім білдірді.
Бұдан соң АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Іс-шара барысында Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту перспективалары және алдағы 6 қазанда өтетін жалпыхалықтық плебисцитте АЭС-ты қолдап, дұрыс шешім қабылдаудың маңызы талқыланды. Әңгімелесу барысында референдумға қатысу үшін тұрғындарды жұмылдыру қажет екеніне ерекше назар аударылды. Халықтық штаб қоғамда зор беделге ие зиялы қауым өкілдерінің атсалысуы ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайтатын АЭС-тың маңызын адамдарға дұрыс жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімді.
Осы күні Штаб мүшелері «Тассай» индустриялық аймағына барып, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар АЭС салынған жағдайда елдің экономикалық жағдайы қалай өзгеретінін айтты. Атап айтқанда, ұзақ уақыт пайдалануға болатын мұндай станция кәсіпорындар үшін аса маңызды электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифін қамтамасыз етеді. Бұл қадам зауыттардың, фабрикалардың өндіріс шығынын азайтып, өз тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Штаб мүшелері кәсіпкерлерге Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын еске салды. Яғни көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға әлемдік нарықта қосымша салық салынады. Электр энергияның 70%-ын көмір станцияларынан алатын Қазақстан үшін бұл айтарлықтай кедергі болуы мүмкін. Сондықтан АЭС салу қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыруда стратегиялық маңызға ие.
Кездесу соңында кәсіпкерлер мен жұмысшылар алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС-ты қолдауға дайын екендерін жеткізді. Олардың айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елімізде озық технологияларды енгізуге, шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға, өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.