Шымкент тұрғыны жүргізуші куәлігі үшін алаяққа ақша берген

5 Қараша 2022, 04:30 1400

Шымкент тұрғыны жүргізуші куәлігін әперемін деп уәде берген алаяққа алданып қалды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  
  
19 қазанда кешкі сағат 20:10-да Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының «102» арнасы арқылы қала тұрғыны арызданған.  
 
Ол арызында әкімшілікте көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайтын танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп сеніміне кіріп, 120 мың теңге ақшасын алып, алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен. Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Полиция қызметкерлері хабарламаны алған бойда жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.  
 
Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты бір тәулікте қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған. Қазіргі уақытта ұсталған азамат алған ақшаны жеке басының пайдасына жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

EL.KZ
Бөлісу: