Шымкентте былтыр 100-ден астам жоғалған адам отбасымен қауышты. Бұл ретте еріктілер құқық қорғаушыларға жоғалған адамдарды табуға бағытталған іздестіру жұмыстарында белсенді түрде көмектесіп келеді. Осыған орай полиция оларды марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің басшылығы іздестіру жұмыстарына еріктілердің қосқан зор үлесін жоғары бағалады. Ведомство ғимаратында «Lider» еріктілер қозғалысының Шымкент қаласы бойынша үйлестірушілері Людмила Герасимова мен Нина Аронова марапатталды.
ПД бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев оларға Алғыс хаттар табыстап, жоғалған адамдарды жедел анықтаудағы маңызды үлесі мен салған күштері үшін алғыс сөздерін жеткізді.
Өткен жылы және осы жылдың басынан бері аталған еріктілер қозғалысының көмегімен 100-ден астам хабар-ошарсыз кеткендер табылып, үйлеріне қайтарылды. Полиция мен еріктілер ұйымдары арасындағы мұндай серіктестік қиындыққа тап болғандарға жедел көмекке келіп, іздеу жұмыстарының тиімділігін арттырады,-деп атап өтті полициядан.