Шымкент командасы қарсыластарының ұпай жоғалтқанын тиімді пайдалана алмады

31 Тамыз 2023, 10:23 1047

Қазақстан премьер-лигасының 21-туры артта қалды. Ұлттық құраманың ойыны қарсаңында «Қайрат» Алматыда «Астананы» жеңсе, «Ақтөбе» сырт алаңда «Атыраумен» тең тарқасты. Сол секілді көш басында келе жатқан «Ордабасы «Қостанайда «Тобылмен» кездесіп, есеп ашылмады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

 «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Каспий» (Ақтау) – 3:3

Голдар: Жұмаханов, 16 (1:0). Димитров, 21 (2:0). Үсенов, 44 (2:1). Бугулов, 53 (2:2). Үсенов, 68 (2:3). Димитров, 81 (3:3).

Екі клубта жақында бапкер ауыстырған. «Оқжетпес» бұрынғы бапкердің көмекшісі Андрей Ферапонтовқа мүмкіндік берсе, «Каспий» Константин Горовенконы алдырды. Былтыр дәл осындай турнир кестесінің соңғы жағында жүрген «Мақтааралды» алып қалған еді. Биыл Горовенко сол жетістігін қайталай ала ма, ол жағын енді уақыт көрсетеді.«Оқжетпес» маусым басталғалы Көкшетауда ойнаған емес. Стадионы талапқа сай емес, амал жоқ Астананы жағалап жүр.

Матчқа оралсақ, «Оқжетпес» бәрі керемет басталған. Кездесудің 21-минутында 2:0 есебімен алда тұрды. Бірақ үзіліске шығар тұста қонақтар сапынан Данияр Үсенов стандарттан есеп айырмасын қысқартты. Барлығы осы жерден басталды. Екінші таймға «Каспий» футболшылары ерекше құлшыныспен кірді. Таразы басын теңестіріп ғана қоймай, есепте алға шықты.

Көкшетау командасы осыдан кейін біраз есеңгіреп, өз-өздеріне келе алмай жүрді. Абырой болғанда матч соңына қарай Димитров таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп – 3:3.

Бұл әрине екі команда үшін де қолайлы емес. Премьер-лигада орындарын сақтап қалу жоспары екі команда үшін де әлі өзекті.

Соңғы орындағы командалардың таласы чемпиондыққа үміткерлердің ойынынан да қиын. Ешкім төменге түсіп қалғысы жоқ. Жылдам екі гол жіберіп алдық, ойынға оралу үшін уақыт керек болды. Үзіліске шығар тұста соққан доп бізге үміт сыйлады. Жеңіс үшін ойнадық. Қорғаныста жатып алуды білмейміз. Тек шабуылдауға тырысамыз. Өкінішке қарай, кездесудің бітуіне 10 минут қалғанда тағы бір доп жіберіп алдық. Жігіттер жанын салды, ешқандай кінә арта алмаймын. Кейде қорғаныста шеберлік жетіспей жатады. Біз әлі соңғы сөзімізді айтқан жоқпыз, - дейді « Каспий» бапкері Константин Горовенко.

«Мақтаарал» (Атакент) – «Шахтер» (Қарағанды) – 3:1

Голдар: Добай, 5 (1:0). Жаңғылышбай, 7 (2:0). Чогадзе, 27 (2:1).Себаихи, 33 (3:1).

Қарағанды командасының биылғы жоспары әу баста білінген. Нақтырақ айтсақ, премьер-лигадан түсіп қалмай, ортасында жүру. Тәуелсіздік алған 32 жылдың ішінде жоғары топта барлық маусымда ойнап шыққан осы «Шахтер» ғана болатын. «Кеншілер» өткенде өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» жеңген соң, бір серпіліп қалған. Бірақ бұл жолы Атакенттің командасына шамасы жетпеді.

Ал «Мақтаарал» Қайрат Нұрдәулетов келгелі ұпай жинауды бастаған. Осы ойында Әділхан Добай-Билал Себаихи-Тоқтар Жаңғылышбай үштігі матч тағдырын шешті. Әрқайсысы бір доптан соқты.

Ойынға көңілім толады. Бірінші таймда қонақтарға дайындаған тактикалық жоспарларымызды жүзеге асыра алдық. Команданың ішінде жылы қарым-қатынас орнай бастады. Футболшылар біздің талапты енді түсініп келеді. Әлі де жұмыс істейтін тұстарымыз бар. Оның бәріне уақыт керек. Сосын шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай туралы бір-екі ауыз сөз айтқым келеді. Соңғы бір айда ол өте көп жұмыс істеді. Футболға деген көзқарасын өзгертті. Ол бүгінгі матчтың үздік ойыншысы деп санаймын, - деді матчтан кейін «Мақтаарал» бапкері Қайрат Нұрдәулетов.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:1

Голдар: Бородин, 36-пенальтиден (1:0). Цуцкич, 53 (1:1).

«Қайсардың» өз алаңында қысылып ойнайтыны бар. Керсінше, сырт алаңда жинаған ұпайы көп. Мысалы, өз алаңындағы ұпай көрсеткіші бойынша Қызылорда командасы 14 команданың арасында 13 орында тұр. Ал сырт алаңғағы көрсеткіші бойынша «Ордабасы», «Ақтөбе», «Астанадан» кейін төртінші сатыға жайғасқан.

Бұл жолы да өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубын жеңе алмады. Матч 1:1 есебімен аяқталды.Тағы бір айта кететін жайт, «Қайсар» сапында грузиялық Георгий Бухаидзе деген шабуылшы бар. Тізімге енеді, алаңға шықпады. Көктемнен бері бар-жоғы 15 минут ғана ойнапты. Командаға көмегі тимесе, не үшін тізімде жүр? Бұл сұраққа клуб басшылығы мен бапкерлер штабуы жауап беруі тиіс.

«Қызылжар» (Петропавл) – «Ақсу» (Павлодар) – 1:0

Гол: Цмилянич, 9 (1:0).

«Қызылжардың» әлі де жүлделі орынға таласуға мүмкіндігі бар. Ол үшін осындай  «Ақсу» секілді командалардан ұпай жоғалтпауы тиіс. Мұны Әли Әлиев жақсы түсінеді. Петропавл футболшылары өз алаңында Павлодардан келген команданы жеңді. Есеп – 1:0. Гол авторы – Борис Цмилянич.

«Ақсу» әзірге соңғы орында келе жатыр. Вахид Масудов шәкірттері премьер-лигадағы орнын сақтап қалу оңай болмасы анық.

«Қызылжар» бүгінгі таңда белгілі бір мақсат қойды. Соған сай болуы тиіс. Әрине, қысым бар. Жігіттер оған шыдап, жеңіске жетті. Бүгін матчты толық өз қолымызда ұстадық. Тек екінші таймда ұйымдастырған қауіпті шабуылдарымызды голға айналдыра алмадық. Борис Цмиляничтің жеке шеберлігі ерекше қуантты, - деді «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев.  

«Қайрат» (Алматы) – «Астана» (Астана) – 1:0
Гол:
 Баньяк, 87 (1:0).

«Астана» Конференция лигасының топтық кезеңіне өтуді мақсат етіп, Алматыға қосалқы құрамның ойыншыларын жіберді. Оның үстіне, елорда клубы «Ордабасыны» қуып жету қиын екенін де түсіне бастағандай. Сондықтан негізгі күшті еурокубокка салып жатыр.

Алматыдағы ойынға 20 мыңнан астам жанкүйер келді. «Қайрат» бірінші ойында да «Астананы» жеңген. Бұл жолы біраз қиналды. Тіпті, қауіпті шабуылдар аз болды. Ойын соңында бұрыштамадан Маки Баньяк мергендік танытып, алаң иелеріне үш ұпай сыйлады.

Ерекше есте қалғаны «Қазақтың Мессиі» Еркебұлан Сейдахмет сүйіктісіне ұсыныс жасауы болды.

Плюс-минус тең ойын. Бізде гол соғатын көп мүмкіндік болды. Тек соны пайдалана алмадық. Қиын кездесу болатынын түсіндік. Сол себепті маңызды еурокубок матчының алдында тәуекелге бармадық. Ойыншыларды қосалқы құрамға қалдырдық. Оның үстіне, жаттығуда Михаил Габышев жарақат алды. Оған ұзақ уақыт қалыпқа келу қажет. Біз чемпиондыққа таласудан бас тартқан жоқпыз. Тек дәл қазір мақсат Конференция лигасының топтық кезеңіне өту. Содан кейін чемпионатқа көңіл бөлеміз, - деді «Астана» бапкері Григорий Бабаян.

 «Атырау» (Атырау) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 0:0

«Ақтөбенің» еурокубоктағы жорығы аяқталған соң, чемпионатқа бар күшін сала ма деп едік. Әзірге бітіріп жатқандары аз болып тұр. Өткенде өз алаңында «Тобылды» жеңе алмады. Бұл жолы «Атырауға» барып, бір гол соқпай қайтты.

Шыны керек, командалық ойын жетіспейді. Тек шебер футболшылар бар. Карпович соларға сенім артады.

Бұл ойында бастысы гол жетіспеді. Негізі бірнеше қауіпті сәттеріміз болған. Бірақ оны жүзеге асыра алған жоқпыз. Эмоция, тың күш қажет. Команда ауыр кезеңдерді өткеріп жатыр. Психологиялық және физикалық шаршау бар. Чемпионаттағы үзіліс біздің пайдамызға шешіледі деп үміттенемін. Жігіттер кішкене демалып, жинақталып алуы тиіс, - дейді «Ақтөбе» бапкері Андрей Карпович.

 «Тобыл» (Қостанай) – «Ордабасы» Шымкент) – 0:0

Шымкент командасының чемпиондыққа таласуына өздерінен басқа қазір ешкім кедергі емес. «Астана» мен «Ақтөбе» өздері ұпай жоғалтып жүр. «Ордабасыға» бар болғаны қалған матчтарын жеңу керек. Бірақ осы жолы Александр Седнев шәкірттері «Тобылдың» екінші құрамына азуларын батыра алмады. 19 жастағы Бейбіт Ғалымның өзі Шымкент командасының қорғанысын біраз шайқады.

Біз әрбір матчты жеңгіміз келеді. Сондықтан екі ұпай жоғалттық деп айта аламын. Бұған дейін «Ақтөбемен» де солай болды. Осымен үшінші дерби қатарынан өткізіп жатырмыз. Оның алдында «Қайратпен» кездескенбіз. Соңғы үш ойын қиын қарсыластар. Ұпай жоғалтсақ та, жігіттер барын салып жүр. Қарсыласты құттықтаймын. Ойындары жақсы, бапкері өз жұмысын жақсы білетіні көрініп тұр. «Ордабасы» кез келген секундта ойын тағдырын шешіп кете алатын команда. Оларда тәжірибелі, жоғары деңгейлі ойыншылар көп. Біз соңғы екі айда өте көп ойын өткіздік. Бірақ бұл ақталуға жатпайды. Әрбір кездесуде жеңіске жетуге тырысамыз. Кейде жолымыз болады, кейде басқаша өрбіп жатады, - деді «Тобыл» бапкері Милич Чурчич.

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: