Шығыс Қазақстанда электромобиль құрастыратын мамандарды оқытып жатыр

11 Мамыр, 11:41 560

Еліміздегі техникалық мамандық иелері мен инженерлердің ұстаханасына айналған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында былтыр желтоқсанда Лу Бань шеберханасы ашылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі altainews.kz-ке сілтеме жасап.

Бірегей орталық бұл күнде студенттердің теориялық білімін тәжірибеде жүзеге асырып, дағдыларын ұштай түсуге, автокөліктерге эксперимент жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Биыл ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс өңіріне жұмыс сапары аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың қызметімен танысып, Лу Бань шеберханасының оқу орталығында болған. Президент шеберхананың жұмысына оң бағасын берген.

Лу Бань шеберханасы екі зертханадан тұрады: Автомобильдердің инновациялық конструкциялары және Автомобильдердің SMART-технологиялары.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әсия Машекенованың айтуынша, орталықтың бірегейлігі студенттердің практикалық дағдыларды алу және автокөліктерге сынақтар жүргізу мүмкіндігінде. Бұл жерде электромобильдер мен гибридті автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және диагностика бойынша жаңа технологияларды игеруге айрықша мән беріледі. Өйткені қазір әлемдік машина жасау нарығында жетекші автоөндірушілердің қызығушылығы бензин немесе дизель отынымен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар автокөліктерден электрлі көліктерге ауа бастағаны жасырын емес. Сарапшылардың пікірінше, ондағы басты себеп – электр қуатымен жүретін көліктерді қолдану экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді. Сондай-ақ мұнай өнімдеріне тәуелділік проблемасын шешуге септігін тигізеді.

Жоғары оқу орнындағы көлік құрастыру саласының инженерлерін даярлауға арналған шеберхананы Қытайдағы Тяньцзинь кәсіби институты толық жабдықтап бергенін айта кету керек.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: