«Шығыс-2023» оқу-жаттығуында Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі тексеріледі

2 Қыркүйек 2023, 07:37 1386

ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Талғат Қойбақовтың басшылығымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басқару органдары, құрамалары және бөлімшелері арасында «Шығыс-2023» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында «Шығыс», «Ново-Ахмирово», «Изенді» және «Спасск» полигондарында өтеді.

Оған 5 мыңға жуық әскери қызметші және 1,5 мың бірлік қару-жарақ пен әскери техника жұмылды.

Аталмыш оқу-жаттығудың мақсаты – басқару органдары мен әскерлердің жауынгерлік дайындығын, олардың белгіленген мерзімде міндеттерді орындау қабілетін тексеру.

Бірінші кезеңде әскерлер берілген дабылмен көтерілгеннен кейін оқу полигондарына қайта топтасты.

Әскери техниканың қозғалысы теміржол көлігінде және автомобиль жолдарында және арнайы жабдықталған бағаналы жолдарда іске асты.

Бөлімшелер белгіленген аудандарда жерлерді инженерлік жабдықтауды және тактикалық-арнайы міндеттерді пысықтауды орындады.

Армия авиациясының, әскерлер топтарының қатысуымен әскери маневрлер осы жылдың 5 қыркүйегіне дейін жалғаспақ. Соңғы кезеңде жауынгерлік атыспен әскерлердің практикалық іс-қимылдарын пысықтау жоспарланып отыр.

Әскерлерді даярлаудың осы түрі әскери бөлімдердің жауынгерлік дайындығын, оларды алыс қашықтыққа тасымалдау қабілетін, техника мен қару-жарақтың дайындығын, жеке құрамның әзірлік деңгейін және командирлердің оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында бөлімшелерді басқару қабілетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

Перизат Саденова
Бөлісу: