Шығыстан Батысқа дейін автостоппен саяхаттаған жалғыз жолаушы

26 Тамыз 2021, 17:17 7115

Автостоп – бір мекеннен басқа мекенге жолшыбай жету.

Пандемия кезінде шекаралардың жабылуына байланысты көптеген отандастарымыз ішкі туризмге көңіл бөліп, еліміздегі біздерге мәлім де беймәлім талай өлкелерді аралап, тұмса табиғатына тамсанып, небір ғажап жерлердің сұлулығына куә болғаны бар. Бүгін де әлеуметтік желілерде «жалғыз жолаушы» ретінде танылып жүрген Санат Ілиясов жақында ғана бір айдың ішінде еліміздің Шығыс өлкесінен Батыс даласына дейін автостоппен саяхаттап, таңғажайып табиғатына сүйсініп қайтты. Бұл сапарға Санат табаны күректей екі жыл бойы әзірленіп, қамданған екен.


Санат 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің айтуынша, әке-шешесі қарапайым мал бағатын шаруа адамдары. Мал өсіретін шопандар ауылында өмірге келген.

– Бала күнімнен жазда жайлау, күзде күзеу, қыста қыстау деп өмір сүрдік. Сол кезден бастап-ақ жалаң аяқ ойнап, табиғатқа құмар әсіресе еркіндікке құмар болып өстім. Табиғатпен тілдесіп, айналадағы әсемдікке сүйсіну менің жанымның қалауы,- дейді Санат.

Автостоп – бір мекеннен басқа мекенге жолшыбай жету. Бұл өте қауіпті әрі қызықты саяхат. Жаңа таныстар табуға, жаңа әсерлер алуға болады. Сондай-ақ, автостоп көп қаржыны талап етпейді. Автостоппен таныс жергілікті қалалар мен шетелдік мекендерді аралауға болады.


Санат «Жалғыз жолаушы» деген жобаның авторы.

– Саяхат – менің ішкі қалауым, таңдауым,-дейді кейіпкеріміз. – Саяхат – бұл тек өз еліңді, жеріңді, ғана тану емес, өзіңді де тану. Неге «жалғыз жолаушы» себебі оператор да, видеограф та, мотажер да өзім. Алдын-ала келісім, алдын-ала «постоновка» деген жоқ. Оқиға қалай бар, солай өрбиді. Алдымен діттеген жеріме барам, сосын сол жердің тұрғындары көмектеседі. Қазір әлеуметтік желі деген ұғым бар. Желіге жазба қалдырып, қандай елді мекенді бетке алғанымды жазам. Өздері хабарласып, көмек қолын созады, барынша жәрдемдесуге дайын тұрады. Мәселен, алғашқы саяхатым Күршімнен басталды. Тамылжыған табиғатын сөзбен суреттеу мүмкін емес, керемет жер. Баруға кеңес берер едім. Бардым, ол жақтан ешкімді танымаймын. Instagram-да «Күршім жастары» деген парақшасы бар екен. Сол парақшаға алдын-ала хабарландыру бердім. «Мен автостоппен саяхаттап жүрген жалғыз жолаушымын, жатын орын жағынан көмек қолын созсаңыздар жақсы болар еді» деп жаздым. Сол сәтте бірден маған «Кел, бауырым!»,- деп 5-6 адам хабарласты. Бірден үй тауып алдым. Адамдардың мейірімі, жақсылық жасауға деген құлшынысына риза болдым.


Санат алғашқы сапарын төмендегі бағыт бойынша жүріп өтіпті. Нұрсұлтан қаласынан шығыстың Өскемен шаһарына дейін поезбен жетеді. 1 шілде күні Өскеменнен Күршімге дейін жол тосып, алғашқы автостоп сапарын бастаған.

Семей – Өскемен – Күршім – Марқакөл – Зайсан – Ақсуат – Ақжар – Үржар – Алакөл – Үшарал – Лепсі – Текелі – Қапшағай – Алматы – Меркі – Тараз – Түлкібас – Шымкент – Түркістан – Қызылорда – Ақтау (поезбен барған).

– Көпшілік адамдар автостоп бізге таңсық дүние деп ойлауы мүмкін. Жолдың бойында тұрып, бір қаладан екінші қалаға тегін сапарлауды қалыпты нәрсе деп қабылдай алмауы да мүмкін. Автостоппен Шығыстан Батысқа дейін бардым. Бұл сапардағы менің басты бергім келгені – ол шынайылық. Жасандылық деген нәрсе өткеннің еншісіне кетті. Мақсатым – көргенімді шынайы қылып жеткізу,- дейді кейіпкеріміз әңгімесін сабақтап.


Автостоппен саяхаттағаннан кейін әрине Санаттың қолында рюкзагы, керек-жарақ дүниесі, әсіресе жолай көрген білген ғажабын таспаға түсіретін техникасы болары сөзсіз. Санаттың айтуынша бір жерде қалып қалса да, қиналып қалса да, арқалап жүрген техникаларына қауіп төнсе де тек қана шынайылықты жеткізгісі келген.

– Бірде жолда мынандай оқиға болды. Жолай тоқтаған көлік иесі менен «Сен кімсің, не істеп жүрсің?» деп сұрады. Видео түсірумен шұғылданам, осындай жобамен жүрмін деп түсіндіріп, әрі сұқбаттасып, әңгімелесіп келе жатырмыз. «Техникаң қанша тұрады?» деп сұрады. Барлығының бағасы жобамен 2 млн шығатынын айттым. «Осы жерде мен сені тонап кетсем не істейсің?» деп қалжыңдағаны бар. Сапарға шығарда да менің көп таныстарым «сені жолда тонап кетсе не істейсің, сені ұрлап кетсе не істейсің?» деп сұраған жағдайлар көп болды. «Жоқ ондай болу мүмкін емес, біз өз елімізде, туған жерімізде жүрміз, қорқа берсем мақсатыма жете алмаймын ғой, тәуекел керек» деп айтатынмын. Бірақ, бірде-бір келеңсіз жағдай болған жоқ, жолымда тек жақсы жандар жолықты. Маған бөгде адамдар тарапынан жасалған жақсылықта есеп жоқ,-дейді кейіпкеріміз таңданысын жасыра алмай.


– Санат, саяхат барысында кездескен қызықты оқиғаларыңмен бөлісе отырсаң.

– Ондай жағдайлар өте көп болды. Марқакөлге кетіп бара жатқанмын. Марқакөл деген Шығыстың інжу маржаны деп айтуға болады. Марқакөлді көрмеген адам әсем табиғатты көрдім деп айтпай-ақ қойсын. Ондай ғажап мекенді әрбір отандасымыз көруі тиіс. Марқакөлді бетке алып сапарға аттандым. Жол алыс әрі нашар, өзі жердің түбінде. Кетіп барамын, жеткізетін емес. Ешкім алмайды. Көлік тоқтамады, күтіп-күтіп кеш батты. Өзім де шаршадым, бір жағынан жалығып кеттім. Содан Ақжайлау деген жерге бір түнеймін деп шештім. Палаткамды құрдым, енді ұйықтағалы жатсам бір мотоциклдың дауысын естідім. Шығып қарасам, бір адамның сұлбасы көрінді. «Ассалаумағалейкум аға, қалайсыз?» деп сәлемдесіп жатсам, «Мен қыз баласымын» дейді. Сөйтсем рулді тізгіндеген қыз екен. Бұл мен мүлдем күтпеген көрініс болды. «Сен қай жерде тұрғаныңыды білесің бе, бұл біздің ауылдың зираты ғой» демесі бар ма. Сөйтсем мен тура зираттың үстіне қоныстаныппын. Күн батпай тұрғанда бір тастың үстіне отырып стендап жазған болатынмын, сөйтсем зираттың үстінде отырып стендап жазған екенмін. Сосын дұрыстап, нақтылап қарасам үйінді тастар, зираттар орналасқан жер екен. Бір емес, бірнеше мола екен. Бұрын ұзақ сапарлап келе жатқан жолаушылар молаға түнейді деп айтушы еді ғой, сол себепті бұл жағдайды қатты көңіліме алған жоқпын,-дейді Санат.

Кейіпкерімізді өзіне тәнті еткен адамдардың жомарттығы мен жүректеріндегі мейірімін суреттейтін қызықты оқиғалары көп екен.


– Қалжыр деген ауылдан Ұрынқай деген елді мекенге жету үшін жол тосып тұрдым. 1-2 сағат тұрған шығармын, шаршап кеттім. Сосын болмаса жол қысқара берсін деген ниетте жолдың бойымен ақырындап ілбіп жүре бердім. Қарсы бетте келе жатқан бір көлік қасымнан өте шықты. Кері бұрылып, қасыма келіп: «Бауырым, қайда бара жатырсың?» деді. Бара жатқан бағытымды айттым. Бетке алған бағытым Қалжырдан жобамен 120 шақырым қашықтықта болса керек. Есімі Бауыржан деген жігіт екен. Мені қасына отырғызып алды да, діттеген жеріме жеткізіп тастады. Жолы менімен тоғыспайды екен, бағыты мүлде бөлек болса да күн ыстықта жол тосып тұрғанымды көріп, қол ұшын созды. Осындай оқиғадан кейін адамдарда мейірім жоқ деп қалай айтасың. Сол оқиға маған қатты әсер етті. Бауыржанға алғысым шексіз,- дейді Санат ризашылығын білдіріп.


Санаттың пікірінше Қазақстанның тұмса табиғаты мен ұлан ғайыр даласы ерекше тылсымға толы. Сұлулығына көз тоймайды.

– Біз өз еліміздің қадірін түсіне алмай жүрген сыңайлымыз. Өйткені, сол көз көрген сұлулықты сөзбен де, көкжиегіңдегі қиялыңмен де суреттеу мүмкін емес. Табиғат ол – ерекше тылсымға толы ғажап әлем. Ол әдемілікті көзбен көру керек, сезіну керек. Сол ғажап дүниені таспаға түсіретін «Сұңқарым» бар. Шынын айтсам осы бір ерекше жаратылыс пен сұлулықты жан-жақты назарына ала алатын Сұңқардың көзіне қызығамын. «Қалайша бұлай әдемі болуға болады» деп ойға қалған кездерім көп болды,- дейді жалғыз жолаушы.


Санат қолындағы әрбір техникаға ат қойыпты. Мәселен, әуеден бейне түсіретін құрылғыны «Сұңқар», фотоаппаратын «Алпамыс», штативін «Көркем», кішкентай құрылғысын «Құйыршық» деп атайды екен.

– Тағы бір қызық оқиға айтып берейін,- деп Санат әңгімесін жалғастырды. – Осы сапарымда автостоппен Шымкент қаласында болдым. Көп жастар хабарласты, қандай да бір көмек керек болса қысылмай айтуымды өтінді. Бір оқырман қыз бала «Мен сізге Шымкент қаласын көрсетейін, аралатайын» деп ұсынысын жазды. Уақытым аз екенін айтып, тек түске дейін ғана Шымкенттің көрікті жерлерін көруге ниетті екенімді жеткіздім. Түстен кейін Түркістанға жол жүретінімді айттым. Хабарласқан қарындас жұмыста екенін айтып, мүмкіншілік болса жұмысынан сұрануға тырысатынын жазды. Мен оған өз телефон нөмірімді берген болатынмын. Алайда қызметінен сұранудың ыңғайы келмеген болар, айтылған уақытта келе алмады. Бірақ, сол оқырманымның атынан банк картасына ақша келіп түсті. «Маған неге ақша жібердіңіз, телефон нөміріңізді беріңіз, қаражатыңызды кері салып жіберейін. Себебі, менің қарным тоқ, керісінше күніне жұмсайтын екі мың теңге көлеміндегі қаражатты жұмсай алмай жатырмын өзіңіз секілді жомарт жандардың жақсылығының арқасында» деп жаздым. Қарындас: «Сізді қыдыртуға келе алмай қалдым, болмаса осы қаражатқа түскі ас ішіңіз» деп жазыпты. Қазір бұл ақшаға мұқтаж емес екенімді, керісінше маған көптеген адамдар көмектесіп жатқанын, қарным тоқ екенін айтып, кері салып жіберуге ниетті екенімді жеткіздім. Сонда ол маған бүгін түсте бір кісі оны түскі асқа шақырып, жақсылық жасағанын айтып, сол жақсылықтың жалғасы ретінде маған ақша салып жібергенін, егер ары қарай жалғасын тапқанын қаласам өзге бір адамға жақсылық жасауымды өтінді. Егер мен осы жақсылықты кері қайтаруға ниетті болсам, оған емес, басқа бір адамға жақсылық жасағанымды қалайтынын айтты. Осылайша жақсылық бізді айналып, өз жалғасын таба берсін деген ниеті барын жеткізді. Бейтаныс жанның осы игі әрекетіне бір жағынан таң қалдым, бір жағынан тәнті болдым. Осы оқиғадан кейін еріксіз біз негізі өз миымызды өзіміз шектеп тастаймыз, бір жаман стеоротипке сеніп аламыз деген ойға қалдым. Ары қарай мен басқа бір адамға жақсылық жасадым. Ол кісіге айттым бірақ сіз де жалғастырыңыз деп. Осылай жақсылық жалғасын тауып жатса керемет емес пе?,- дейді кейіпкеріміз.


«Жалғыз жолаушы» жобасының әу бастағы мақсаты – күніне тек екі мың теңге жұмсау болатын.

– Сапар барысында көп жағдайда күніне жұмсалуы тиіс екі мың теңгені жұмсай алмаған кездерім көп болды. Әлбетте ол да жаңағы бейтаныс ару секілді секілді жомарт жандардың арқасында дейді,- ол.

Санаттың пікірінше «қазақ жалқау, қазақ жаман, еріншек, мына заманда кім кімге жақсылық жасайды, әркімнің өз проблемасы бар» деген сыңаржақ пікірден арылып, өмірдің тек қырын көруге тырысқан абзал.


«Қоғамда қандай мейірімді адамдар бар, жаңаша әрі позитивті ойлайтын адамдар көп, өзін өзі өзгерткісі келетін, қоршаған ортаға пайдасын тигізгісі келетін адамдар көп екен. Маған қарап «Иығына рюкзак асып алып, саяхат жасайтын адамдарды тек шетелден ғана кездестіруге болады деп ойлайтынмын. Бірақ бізде де бар екен ғой» деп айтқан жандар болды»,- дейді ол.

Санат адамдар өз-өзін шектейтінін айтады, көбінесе әркім өзіне ыңғайлы үйренісіп қалған жайлы мекенінен немесе «қорабынан» шыққысы келмейді, қораптан шықса, тыныштығы бұзылып, ештеме істей алмай қаламын деп ойлайтынын айтады. Санат сапарға шығарда оған көптеген таныстары күманмен қарап, сенбеген екен. «Қалайша иен далада жалғыз жүресің, автостопты бізде түсіне қоймайды, қолыңдағы қымбат техникаңды жоғалтып алсаң не істейсің, өміріңе қауіп төнсе, денсаулығыңа нұқсан келсе не істейсің» деген сауал қойғандар да аз болмапты. Егер қорқа берсе, тәуекел ете білмесе ешқашан өз мақсатына жете алмайтынын, ешқандай шыңды бағындыра алмайтынын тілге тиек етті.


«Жоңғар Алатауында мынандай оқиға болды. Үшаралдың жастары мені күтіп алды. Өзім қатарлас жігіттер екен. Ешқайсысын танымаймын, алғаш көріп тұрмын. Ішінде бір жігіт бүгін туған күні екенін айтып, жастар болып тауда қарсы алайық деген ұсыныс тастады. Бір топ жігіт Лепсінің тауларына аттандық. Сарқыраған өзен, жап-жасыл тоғай, жасыл желек. Тұмса табиғатқа тамсанып отырғанда, кенет жаңбыр құйып кетті. Барған көлігіміз батып қалды. Енді не істейміз? Осылай әбігер болып жатқанда, Фархад есімді бір жігіт тоқтады. Тізгіндегені микроавтобус секілді көлік екен. Ішінде 8-9 адам бар екен. Біз бес адамбыз. Тоқтап, жөн сұрағаннан кейін жағдайымызды айттық. «Мен сені көрдім, «жалғыз жолаушы» жобасымн таныспын. Кеттік жүріңдер біздің үйге барайық» деді. Біз тұрған жерге 15 шақырым жерде иен далада омарта шаруашылығымен шұғылданып отырған отбасы екен. Лепсінің балы әлемнің ең үздік балдарының қатарына жататынын осы сапарда білідім. Сұраныс та жоғары екен. Бірнеше рет үздік белгісін жеңіп алыпты. Тиеліп алып, бәріміз бардық. Үйіне барғаннан кейін кәдімгі араның бал алатын жәшігенен балды кесіп алып, ауыз тигізді. Бұрын-соңды ондай бал жеп көрмеппін. Нағыз бал десе бал екен. Араның балынан сусын жасайды екен, сол сусынды іштік. Арқа-жарқа болып отырғанда саяхат деген осындай оқиғаларымен, жаңа таныстығымен, жүрегі жұмсақ мейірімді жандардың жомарттығымен, дархан көңіліңімен қызық екен ғой деп еріксіз ойға қалдым. Бір айға жалғасқан алғашқы сапарым мен күткеннен де әсерлі болды. Өмірге басқа қырынан қарайтын болдым, таным-көкжиегім, түсінігім өзгерді»,- дейді Санат таңданысын жасырмай.


– 2000 теңге жұмсаймын деп айттың ғой. Сол қаражат жете ме?

–Көп жағдайда сол күнделікті жұмсайтын 2000 теңгені жаны жомарт жандардың арқасында жұмсай алмадым. Үйіне жатқызып, тамағымды, дәрі-дәрмегімді салып беріп, киімімді түгендеп берген мейірімді адамдар көп болды.

– Осы сапар барысында жүз адаммен танысуды мақсат қойыпсың. Сол жоспар орындалды ма?

– Екі жүзге жуық адамдармен таныстым. Жақсы жандарға айтар алғыс көп болды. Менің амандығымды тілеп отырған ата-анамның дұғасы болар, жалпы жолымда кездескен жақсы жандардың үлгілі әрекеті мен игілікті ісіне тек таңғалумен болдым.


– Сені қатты таңқалдырған оқиға.

– Сапарлап келе жатып, Меркі деген жерге тоқтадым. Мейірхан деген жігіт күтіп алды. Біз әлі кездескен жоқпыз, көліктен түсіп қалғаннан кейін мен Мейірханды күтіп тұрдым. Сол аралықтағы 5 минуттың ішінде бірнеше көлік келіп тоқтап «Бауырым қай жаққа бара жатырсың, жүр жеткізіп тастайын» деп ыңғай білдірген жандар болды. Жөнімді айтып, бір адамды күтіп тұрғанымды түсіндірідім. Мейірхан келді, әңгіме қызды. Мейірхан маған осында Сандық деген жер барын, мүмкіндік болса көріп кеткенім дұрыс екенін айтты. «Әулиекөл деген көл бар, барсаң өкінбейсің» деді. Менің көңілім кетіп, қатты көргім келді. Көлік іздедік. Сандыққа дейін дейін жол жоқ екен. Малшылар ғана барады, оның өзінде атпен барады. Әкімшілікке барайық, көмек сұрап көрейік, мүмкін жергілікті туризмді дамыту мақсатында көмектесіп қалар деп ақылдастық. Бардық, жағдайды түсіндіріп, видео түсіргіміз келетінін айттық. Олар ресми хат болмаса, еш көмектесе алмайтынын айтып шығарып салды. Шешілген жағдайда да келесі аптаға дейін күту керектігі белгілі болды. Ақыр соңында әкімшіліктен еш қайыр болмады. Басқа да жолдарын қарастырып, көлік іздеуді доғармадық. Бір көлік тауып алып, апаруын өтіндік. Көлік иесі 80 мың теңге қаражат сұрады, жолдың жаман екенін алға тартып, бұл сапардан кейін тәуір шығын болатынын айтты. Бұл деген – менің 1 айлық бюджетім ғой. Ойлана келе әріптестеріме айттым. Олар ақша жинап, салып жіберді. Сол ақшаны көлік иесіне төлеп, таң атпастан жолға шығып кеттік. Таудың етегінен ғажап көрініске куә болдық. Бұл әлемнің қарбалас тіршілігінен бейхабар жайылып жүрген еліктерді көрдік. Алғаш рет «Еліктің лағындай» деген теңеудің түпкі мағынасын сол кезде түсінгендей болдым. Тау ешкілерді көрдік. Қызыл кітапқа енген Ұлар деген құсты алғаш көрдім. Мені Меркінің табиғаты қатты таңғалдырды. 800 мың төлесең де тұрарлық сапар болды. Теңіз деңгейінен 2300 метр биіктікте орналасқан тауға көтерілгенде, беті теп-тегіс болып жатады екен. Таудың үстінде орналасқан ерекше көл бар екен. Әрине ішкі туризмді қолға алып, сервис мәселесі мен жол жағын шешсе, нағыз турист тартарлық орын екен.


– Сапар барысында қандай қиыншылықтар кездесті?

– Судың қадірін түсіндім. Шарынға 2-3 шақырым жерде бұлақ ағып жатыр екен. Сол бұлақты түсіргім келді. Күн шыжып тұр. Ауа температурасы 37 градусты көрсетіп тұр. Бұлаққа дейінгі жолды қызықтап, бейнеге түсірдім. Сөмкемнің жан қалташасында су болған. Жеткен соң ішермін деп ойлаған едім. Бәрін қызықтап, енді жоғарыға көтерілгенде қарасам суым түсіп қалыпты. Сол жерге дейін бір жарым сағаттай жүріп бардым. Ерінім кеуіп, қатты шөлдедім. Бұлақтың суы ішуге жарамсыз екен. Қарап тұрсам бір ер кісі күнмен шағылысып су ішіп тұр екен. Қасына барып, «суыңыздан бір ұрттайыншы» дедім. Маған қарап тұрды да, ал «сонда мен не ішемін?» деді. Көңілім түскені соншалық, басқа ешкімнен су сұрағым келмеді. Кері қайттым. Судың қадірін түсіндім. Не болса да жақсылыққа деп шыдадым. Осы жағдайдан кейін әрбір видеоға судың планын беруді дағдыға айналдырдым. Өйткені сусыз өмір жоқ.

– Осы сапар барысында қандай ой түйдің?

– Саяхаттау керек екенін түсіндім. Егер адам өзін басқа қырынан танығысы келсе саяхаттау керек. Өзіңді шектемеген дұрыс, еркін ойлауға тырысу керек. Автостопқа қызығып, бірақ тәуекел ете алмай жүрген жандар болса айтарым, өмірді сүйетін адамдар тәуекелді жақсы көреді. Автостоп деген ол шытырман оқиға, жаңа таныстық, әдемі әсер.

Санат Түркістан қаласы арқылы Қызылордаға бағыт алғанда биылғы қуаңшылық пен құрғашылықтан зардап шеккен малдар мен Аралдың проблемасын көргенде көз жұмып өте алмапты. Осы жердің проблемасын түсіріп, халыққа көрсетем деген азаматтық позиция қалыптастырыпты. Алдағы уақытта Қызылорда облысының экологиялық мәселесін қаузайтын деректі фильм түсіруді қолға алғанын айтады.

Санаттың ендігі жоспары Солтүстік Қазақстанды аралап, видео түсіру. Одан кейін жалғыз жолаушыны Грузия сапары күтіп тұр. Бұл – Санаттың автостоппен шетелге шығуға жоспарлаған алғашқы сапары. Ол өзінің ютуб каналындағы блогына қызықты сапардан бейне түсірілімдер жүктеуді жоспарлайды.


– Неге Грузия?

– Қазақстанға жақын екінші жағынан тамылжыған табиғаты үшін Грузияны таңдадым.

Осылайша 31 маусым күні Шығысты бетке алып, сапарға аттанған жалғыз жолаушы 30 шілде күні бас шаһарға кері оралыпты. Екі жыл бойы тиянақты дайындалып, фото-видео түсіруді, монтаж жасауды үйренген. Қандай техника қолайлы болатынын білетін мамандардан сұрап, сапалысын алуға тырысқан. Кейіпкеріміз бұл тек қызықты сапардың басы ғана болғанын айтады. Санаттың қиялы қалықтап, шабыты шарықтап тұр. Алдағы сапарларына ақ жол тілеп, талай қызықты оқиғаларға куә болуына тілектестігімізді білдірдік.

Фотосуреттер Санат Ілиясовтың жеке мұрағатынан алынды.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: