Шығыс Қазақстанның қасиеттi нысандары

28 Тамыз 2020, 17:48 14831

Елiмiздiң шығысындағы киелi орындар

Елiмiзде рухани қалқанымызға арналған қасиеттi жерлер көп. El.kz порталы ерекше табиғаты және киелi орындарымен белгiлi Шығыс Қазақстанның өңiрлiк қасиеттi нысандарына тоқталып, тарихы маңызы туралы ақпарат беретiн болады.

 

Бөрiтастаған құз жартасы

Бөрiтастаған құз-жартасы Тарбағатай ауданы Күмiстi жазығында орналасқан. Жартасың ұзындығы 300 метр шамасында, енi 10 метр, биiктiгi 50 метрдi құрайды. Жартас шығыстан батысқа ұзыннан созылып жатыр. Оңтүстiк жағынан жартас тiк орналасқан. Кезiнде ата-бабаларымыз осы жерде құрбандық шалып, жартас үстiне өсiп тұрған ағашқа ақтық байлап кететiн болған. Бөрiтастаған алыстан қарағанда, жазық далада жүзiп келе жатқан кеме iспеттес көрiнедi. Аңыз-әңгiмелерге сенсек, кезiнде осы өңiрдiң тума перзентi, алаш арыстарының бiрi – Отыншы Әлжанұлы «Дала уәлаяты» газетiне Бөрiтастаған туралы қызықты аңыздың нұсқасын мәтiн түрiнде жариялаған. Онда: «Тарбағатай тауының солтүстiгiндегi һәм Қалба тауының оңтүстiктегi бөктерлерiнiң ортасында Сарыдала деген жазық бар. Бұл даланың ортасында Бөрiтастаған деген биiк тау жартасы жападан-жалғыз тұрады. Ұшар басында үйiлген тастар кездеседi, – деп жазылған. Бөрiтастаған туралы тағы бiр аңызда: «Бағзы бiр заманда Тарбағатай тауының бөктерiне алып бiр жiгiт тұрған екен. Оның алып болғаны соншалықты түйенiң үстiне отырғанда аяғы жерге тиiп тұрады екен. Бiр күнi сол алыптың әйелi қозыларды жайылымға жiберiп, өзi жүн иiрiп отырғанда қозыларына қасқыр шабады. Есi шыққан әйел қолындағы ұршығын жыртқыштарға лақтырып жiбергенде ұршық жазыққа домалап түсiп, үлкен тауға айналған» деген аңыз қалған. 


Ашутас тауы

Ашутас тауы Күршiм ауданнан 155 км, Боран ауылының шығысынан 10 км жерде орналасқан. Ашутас шоқысы табиғи геологиялық-палеоботаникалық ескерткiш. Қара Ертiстiң оң сағасында, Боран және Ардынка ауылдарынан жоғары орналсқан. Ашутастың ұзындығы шамамен 8 км, енi 1 км болса, биiктiгi 411 метрдi құрайды. Қара Ертiс суының үстiнен табылған үшiншi кезеңдегi субтропикалық өсiмдiктер қалдықтарының қабаттарынан шыққан иiсi үшiн ащы тас деп аталған. Бұл жерде 25млн жыл өскен өсiмдiктердiң 80-ге жуық түрi кездеседi. Флора өкiлдерiнен – пальма, шетен ағаштары, бамбук, лавр кездеседi. Жәндiктердiң, жорғаулаушылардың және сүтқоректiлер – шошқа тәрiздi энтелодонттар мен мүйiзтұмсықтардың iздерi табылған.

 

Жаңбыр, күн, желдiң әсерiнен табиғат ескерткiшi бүлiнiп жатыр. 1990 жылы Зайсанда болған жер сiлкiнiсi салдарынан қатты зиян шегiп, сол жылы флора қабаттары топырақ астында қалып қойған. Қазiргi заманғы жартастарда сасықкөкектер, көк қарғалар мен үкiлер ұялайды.

Қиын-Керiш таулары

Қиын-Керiш таулары Күршiм ауданы Монықой ауылының солтүстiгiне қарай 20 шақырымда орналасқан. Қиын-Керiш табиғи-ландштафтық нысаны – құм, саз және альевролит қатпарларының бiрегей кескiнi мен тропикалық және жалпақ жапырақты ормандардың, субтропикалық өсiмдiктерiнiң таңбалары сақталған геолого-полеонтологиялық және геморфологиялық табиғи ескерткiш. Барлық кескiндер пiшiндерiмен ерекшеленедi. 


Олар Ашутас адырындағы таңбалардан бұрын пайда болған. Қиын-Керiш тауының флорасы 47 түр, 22 тұқымдастан тұрады. Қазылған өсiмдiктер төрт түрге бөлiнедi: ағашатр, бұталар, лианалар және шөптер. Олардың iшiнде iрi, жалпақ жапырақты, жiңiшке пiшiндi жапырақтылар және қылқан жапырақты өсiмдiктер басым. Бұл өсiмдiктер келесi экологиялық түрлерге бөлiнедi: су өсiмдiктерi, жағалаулық-сулы және жалпақ жапырақты орман өсiмдiктерi. Флораның жақсы сақталуы шөгiндiлердiң мерзiмiн анықтауға және палеографиялық жаңғырту жасауға мүмкiндiк бередi. Шөгiндiлердiң жоғарғы қабатында субтропикалық ормандарға тән мүйiзтұмсықтардың, шошқа тәрiздiлер, қолтырауындар, тасбақалар мен кесiрткелер сүйектерi кездеседi. Қиын-Керiштiң халықаралық геология үшiн маңызы зор. Бұл жердегiдей мол сүйек қалдықтары мен сан алуан палеогон шөгiндiлерi Еуразия аумағының басқа жерлерiнде кездеспейдi.

Алау адырлар шоқысы

Алау адырлар шоқысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының солтүстiк-шығысынан 20 км жерде орналасқан. Алау адырлар шоқысы 130 млн жыл бұрынғы уақытпен мерзiмдiледi. Ауданы 2 га жердi қамтиды. Марс ғаламшарына тән қызыл қошқыл саздардан құралған табиғат қойнауы екi шақырым жерге созылып жатыр. 


Алау адырлардан табылған қалдық олжалар жоғары бор дәуiрiнiң қалдықтары мен мезозой және төменгi неогендi кайназой дәуiрлерiнiң қалдықтарының ұласпалы шегiн айқындауға мүмкiндiк бердi. 1965 жылы тұңғыш рет КСРО территориясынан динозавр жұмыртқасы мен сүйегiнiң қалдықтары табылды. Палеофлорасы бойынша секвоя, шалшық кипарисi, платан, аралия, анепис, гинкко, дебея кездеседi. Маңырақ жотасының етегiн ала орналасқан шоқыдан табылған ескерткiштiң маңында бүгiнгi кездерi сирек кездесетiн жануарлардың өкiлдерi – түз қыраны, ителгi қыран, жыланжегiш, үкi, арқар, жалман, қалқанқұлақ тәрiздi жануарлар тiршiлк етедi.

Тана би Тiлемiсұлының кесенесi

Тана Мырза Тiлемiсұлы 1837 жылы 5 қазанда өз өңiрiнде болыс билеушiсi болып сайланады. Орта жүздiң шығысындағы iргелi елге ғасырдан астам билiк жүргiзген Әбiлпейiз сұлтанның әулетiнен тараған өлке төрiндегi төрелер арасынан қарадан дара шыққан Тананың таңдалу, оның өресiнiң тым биiк болғандығын көрсетедi. Көптi көрген ел iшiндегi саяси жағдайларға белсене араласып, сол кездегi өзектi мәселелердiң бiрi бодандықта мойынсынуды қолдаған қаракерей, мұрын руларының сұлтан билерi қатарында 1830 жылы ант беруге қатынасқаны белгiлi. Алайда осы көзқарасын кейiн өзгертiп, Ресей ұлықтарына ымырасыз күрес жүргiзген Сыбанқұл сұлтанның ықпалында болғандығы жөнiнде мұрағат деректерiнде кеңiнен баяндалады. Тана мырза Қарғыба өзенi бойында су диiрменiн орнату үшiн генерл-губернтордың рұқсат қағазы, мұрағат қағаздары сақталған.

Тана би туралы айтқанда, келесi бiр елеулi оқиға «Бiржан-Сара» айтысы туралы айтпай кету мүмкiн емес. Осы айтыста ақын Сара найманның игi жақсыларын айта келiп, сол өңiрден шыққан адамдарды да мақтан ете жырлаған. Бүгiнде Тана би Тiлемiсұлына арналған кесене Тарбағатай ауданында орналасқан.

Ескi там мектеп-медресесi

Ескi там мектеп-медресесi – XIX ғасырдағы қазақ ұлтының ағарту қызметiн дәрiптейтiн тарихи орын. Құнанбай Өскенбайұлы Шыңғыстаудағы Ескi там деген жерде тұңғыш медресе салдырады. Ескi там Абай ауданында Жидебайдан батысқа қарай 15 км, шөбi шүйгiн Кiшi Орда мен Доғалаң тауларының ортасында орналасқан. Шәкәрiм Құдайбердiұлы өзiнiң естелiктерiнде «Қажы сауаттылықты өз еркiмен меңгердi, кiтаптар оқитын. Сондай-ақ қазақ балаларының сауатын ашу үшiн ноғай молдаларын шақырып, оларға үй тұрғызып бердi. Сол жер қазiр Ескi там деп аталады» деп жазады. Құнанбай 1845 жылы жергiлiктi патша үкiметiнiң әкiмшiлiгiне хат жолдайды. Онда мектеп салуға рұқсат және қазақ тiлiн бiлетiн мұғалiмдер тауып беруiн сұрайды. Бұл жайлы Семей қаласындағы Абай мұражайының қорындағы iс қағаздардың бiрiнде сақталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының орталық мұрағатында жоғарыдағы деректердi растайтын iс қағаз сақталған. Сонмен қатар «Мектеп салу туралы» құжат та бар. Аталған орын қыстаудан сонша алыс емес қолайлы жер болған. Оның үстiне мұнда көктем мен күзде алты-жетi ай бойы ауылдардан балалар жиналатын. Құнанбай осы мүмкiндiктi пайдаланып, балалардың сауатын ашу жұмыстарын жүзеге асырады. Мектеп-медресенiң алғашқы ұстазы «Абай жолы» романы арқылы көпшiлiкке таныс Ғабитхан молда болады. Осы медреседе Құнанбайдың балалары Тәңiрбердi, Абай, Ысқақ, Оспан, Халиолла және Смағұл бiлiм алды.

Тыныбай Қаукенов мешiтi

Тыныбай Қаукенов мешiтi Семей қаласының Жамбыл көшесiнде орналасқан. Мешiт 2-гильдиялық қазақ көпесi Тыныбай Қаукеновтiң қаражатына 1830-1840 жылдар аралығында салынған. 1872 жылғы 15 желтоқсанда Семей қалалық думасы Үкiметтiк сенаттан Ертiстiң сол жақ жағалауындағы Слободкаларды қаланың шеңберiне қосуды сұрайды. Бұл туралы Омбы мұражайындағы «Судың ар жағындағы Слободканың Семей қаласына қосылуы туралы iстiң» материалдарында жазылған.


Т. Ҡаукенов мешiтiнiң тарихы жайында жазбалар кездеседi. 1858 жылы 6 мамырда толтырылған «Семей қаласындағы магометандық мешiттер және келетiн ерлер мен әйелдердiң саны жайында» тiзiмдемеге сәйкес Т. Қаукенов мешiтiне 145 еркек және 137 әйел адам келiп жүрген. Анық мұрағаттық мәлiметтерге сүйенсек, мешiт шамамен 1840 жылы салынған деп айтуға болады. Мешiттiң iргетасы тастан, ал мешiт мұнарасының күмбезiне дейiнгi қабырғалар ағаштан жасалған. Мешiт екi қабатты залдардан құрылған. Астындағы қабат ер адамдардың намаз оқуына арналған. Ал үстiңгiсi әйел адамдарға арналған зал бар. Күмбез бен сыртқы қабырғаның бөлiгi түрлi пiшiндегi өрнекпен безендiрiлген. Тыныбай мешiтi – дiнiмiзге тосқауыл қойылған кеңес заманында да үздiксiз жұмыс iстеген бiрден-бiрмешiт.

Омар Смағұлұлы кесенесi

Омар Смағұлұлы кесенесi Тарбағатай ауданында орналасқан. Аталған кесененi 1918 жылы белгiлi шебер Есiлбай салған. Ескерткiш жазықты жерде орналасқан. Кесене үш бөлмелi, тiк күмбездi пiшiнде. Әр күмбез төрт бұрышты негiзгi бөлменiң үстiнде орналасқан. Ортасындағы күмбез жанындағы екеуiнен биiк орналасқан. Кiреберiсi оңтүстiк шығысқа қаратылған. Әр бөлменiң екеуден, төртеуден ауа кiруге арналған саңылау орындары, бiрiншi және екiншi бөлмелерiнде қабiр тастары бар. Кiреберiс бөлмесiнде арабографиялық жазумен 1918 жыл деп жазылған. Кесенеден бiрнеше метр жерде тас стела орналасқан. Стелада арабографиялық жазумен 1918 жыл саны тағы да жазылған. Кесене саман кiрпiштен төртбұрышты пiшiнде жасалған. Сәулеттiк тұрғыдан қазақ мемориалының көп камералы композициясының бiр нұсқасы түрiндегi кесене үлкен қызығушылық туғызады.

Дулат Бабатайұлы кесенесi

Дулат Бабатайұлы 1802-1874 жылдары өмiр сүрген. Дулат туған елiнiң тарихи бiр кезеңiн жырлап өткен қайталанбас ақын. Ол патшалық Ресейдiң қазақ өлкесiн күшпен отарлау кезеңiн, одан туған зобаландарды өз көзiмен көрiп, соған барынша наразылық бiлдiрген адамдардың бiрi. Отарлау саясатына қарсы шығып, халықты күреске үгiттеу мiндеттерiн алдына мақсат қылған нағыз ел қамқоры, сыншыл да күрескер ақын. Дулат ескiше оқыған, сауатты болған. Ол өз өлеңдерiн қолжазба кiтап етiп тiзiп жүрген. Сондай-ақ Дулат арқылы осы Аягөз өңiрiнен шыққан асқақ жырау Ақтамбердiнiң толғаулары халыққа жетiп, ақсақалдар жадында сақталып қалды. Дулат ақынның жерленген жергi белгiсiз болып келген. Тек 1990 жылы Ақшатау ауылынан 20 шақырым жердегi Қызылжар ауылынан жерленген жерi жазылған тас табылды. Кесенесi Аягөз ауданы Ақшатау ауылында орналасқан.

Барақ батыр Шүрекүлының ескерткiшi

Барақ Шүрекұлы, яғни Көкжал Барақ (1702-1772) – қазақ халқының батыры, жоңғар басқыншыларына қарсы шығып, қазақ халқының азаттық соғысына зор ықпал еткен батыр-қолбасшылардың бiрi. Шығыс Қазақстан облысы Күршiм ауданы Қызылжар деген жерде дүниеге келген. Жаугершiлiк өнерде Барақ батырдың аты Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнiбек сияқты қазақтың батыр-қолбасшыларымен тең аталады. Халық оны Көкжал Барақ деп атаған. «Көкжал» сөзi жал дегендi бiлдiредi. Батырдың шынымен де жалға ұқсайтын мойнынан омыртқасына дейiн шаштың жолағы болған. Батыр жеңiлген жауына жомарттық, мейiрiмдiлiк танытып отыратын. Көптеген тарихшылардың айтуынша, қазiргi Күршiм ауданы ұзақ уақыт жылдар бойы жоңғар тайпаларының бақылауында болды. Бұл кейбiр атаулармен де расталады. Барақ батыр өз жауынгерлерiмен осы жерлердi босатқан. Осы сапарда Барақ батырдың сарбаздарына Ертiс өзенi кедергi келтiрдi. Сонда Барақ батыр өткел жасауды бұйырады. Сол кезде бұл шайқастың жүруiне әсер еткен батыл, күтпеген оқиға болады. Содан берi әскерлер өз аттарымен Ертiстен өткен. Халық оны Барақ өткел (яғни Барақтың өткелi) деп атайды. Жасаған ерлiгi үшiн Абылай хан батырға Күршiм өзенiнiң оң жағындағы жердi бередi. Ол қазiргi Теректi бұлақ ауылы. Ал оның тұрғындары Барақ батырдың тiкелей ұрпақтары. Бүгiнде Барақ батыр Шүрекұлының ескерткiшi Күршiм ауданы Күршiм ауылында орналасқан.

Батыр Шахантай Жауғашарұлының кесенесi

Шахантай Жауғашарұлының кесенесi Аягөз ауданы Қосағаш ауылынан 4 шақырым жерде, Қарағанды-Боғас тасжолы бойында, Орта қарауыл төбеде, Бақанас өзенiнiң аңғарындағы некропольдiң солтүстiк-шығыс бөлiгiнде орналасқан. Шахантай батыр Жауғашарұлы шамамен 1706-1791 жылдары өмiр сүрген. Шақантай батырдың туған жерi алтын тау Алтайдың Сауыр деген жерi екен. Батырдың туған жылы шамамен 1706 жылы делiнген. Батыр XVIII ғасырда өмiр сүрiп, сол бiр қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болғандығы ақиқат. Жауғашар ұлы Шахантай жоңғар шапқыншылығына қатысқан қазақ қолбасшыларының бiрi. Сол өнiрдегi қазақтардың саяси өмiрiнде айрықша орны бар батыр тұлға. Шахантай батыр атақты Жобалай бидiң туысы әрi досы болып келедi. Олардың көшi Бақанас өзенiнiң аңғарына келiп орналасқан. Батырдың қабiрi төбенiң басында (сол қабiрде Шахантай батырдың ағасы Матақ та жерленген). Солтүстiк-шығысқа қарай төбенiң етегiнде батырдың туыстары мен ұрпақтары жерленген. Шақантай батыр мазары дөңгелек пiшiнде, батыр мазарын осылай салу керек екенiн өзi айтып кеткен екен. Шахантай батырдың кесенесiнiң салынған кезеңi XVIII ғасырдың соңы. Кесене табаны алты бұрышты таған түрiнде орнатылған. Бұрын тас зират болған. Кесене 1993 жылы жаңартылды.

Батыр Күшiкбай Қанайұлы кешенi

Күшiкбай батыр XVIII ғасырдың соңында өмiр сүрген, жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгiлi батырлардың бiрi. Бiрақ оның есiмi, Мұхтар Әуезов болмаса ұмыт болар едi. Жазушы қазақ батырының ерлiгi туралы өз жазбаларында баяндаған болатын. Күшiкбай батыр жоңғарларға қарсы соғыста белсендi қатысқанымен белгiлi. Сонымен қатар жомарттылығымен, әдiлеттiлiгiмен даңқы жайылған. Жиырма жасында оның аты бүкiл Алашқа әйгiлi болды. Батыр зиратының қасында күннiң ең суық кезiнде қатпайтын, шипалы бұлақ бар.

Мұхтар Әуезовтiң «Қорғансыздың күнi» әңгiмесiнде Күшiкбай батыр туралы мынадай тарихи дерек жазылған: «Арқалықтың жолы асатын кезең – Күшiкбай кезеңi деп аталады. Күшiкбай – Арқалықты қыстайтын бес-алты ауылдың атасы. Өзi батыр болған адам дейдi. Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бiр кiшiлеу биiгiнiң басында тастан үйген оба секiлдi жалғыз мола бар. Сол мола Күшiкбай батырдiкi. Кезең де сол себептi Күшiкбай атымен аталған…». Батыр жайындағы ел iшiндегi аңыз бойынша, қоныс еткен жерiне тосыннан шабуылдап, ауылдастарының малын тартып әкеткен ойрат-қалмақтардың соңынан түре қуып келiп, осы жерде айқасқа түскен. Өн бойына шешек қаптап, ауыр халде жатқанына қарамастан, атқа қонған ол жаудың бетiн қайтарғанымен, жарақаты ауырлап, жасы 20-дан ендi асқанда осы жерде найзасына сүйенiп тұрып жантәсiлiм еткен. Күшiкбай кезеңi Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Батыр Күшiкбай Қанайұлы кешенi Семей қаласы маңында орналасқан.

Қасиеттi бұлақ

Қасиеттi бұлақ – Семей қаласындағы христиандық дәстүрге жататын мәдени орын. Қасиеттi бұлақтың тарихы 1719 жылдан басталады. Сол жылы Тоболдан Абалацк Ертiске қарай Ресей империясын жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшiн қорғандар салу мақсатында гвардия майоры Иван Лихаревтың жетекшiлiгiмен экспедиция жолға шығады. Дiндар адам өзiнiң алдында кезiгетiн қауiп-қатерден сақтану үшiн Тобол түбiндегi Абалацк шiркеуiне келiп, жергiлiктi шiркеу қызметкерiнен өзiнiң кораблiне Құдай Анасы бейнесiндегi сиынуды сұраған. Қазiргi заманауи семейлiктер Қасиеттi бұлаққа барып қана қоймай, шiркеудi де естерiнде сақтаған. Бұл жерде дiни дәстүрдi өткiзушiлер саны жылдан-жылға артып келедi. Бiрнеше жыл жаз мезгiлiнде В.Колбин мен А. Долгушевтердiң жетекшiлiк етуiмен мектеп археологиялық экспедициясы шiркеуге қазба жұмыстарын жүргiзiп келедi. Бұлақ жанындағы шiркеу орны анықталған. Жертөледегi шiркеу қалдыктары табылған. Олардың қабырғасы ақ тас пен жұмыртқа қосылған лаймен сыланған. Экспедиция мүшелерiн таңғалдырғаны «Қасиеттi бұлақ» деген жазуы бар шыны құтының бөлiктерiнiң табылғаны. Семейге жеткеннен кейiн И. М. Лихаревтiң кемесi тоқтап, «орнынан жылжымай қалады. И. М. Лихарев кемедегi әулие иконасын шiркеуге апарып қоюды бұйырады. Осыдан кейiн кеме орнынан оңай қозғалады. Осындай қасиетiмен танылған икона Антоний және Феодосия Печерскийдiң шiркеуiнде сақталады. 1740 жылы иконаның жоғалуы туралы тағы бiр аңыз бар. Оны шiркеуден жоғалғаннан кейiн тау жанындағы бұлақтың басынан тапқан. Оның алдында майшам жанып тұрған. Икона шiркеуге қайтарылып, «Қасиеттi бұлақ» деген атау алды. Осыдан бастап, бұл жер тәу ететiн орынға айналды.

Бектұрған әулие кесенесi

Бектұрған әулие Қапанбұлақ ауылында туған, қайтыс болған жылы белгiсiз. Зираты Қапанбұлақ ауылының батыс жағындағы Қаратұмсық тауының етегiнде орналасқан. Қазiрге дейiн бiлетiн адамдар зиратына барып тағзым етiп жүредi. Оның әулиелiк қасиетi жөнiнде халық арасында көргендердiң әңгiмелерi көптеп кездеседi. Аңыз бойынша, бесiн намазы кезiнде қос атпен бiр жiгiт келiп: «Сiзге арнайы жiбердi. Байдың баласы қатты ауырып жатыр. Сiзден бiр жәрдем бола ма деп отырмыз» дейдi. Әулие: «Бармасам, аттың терi мойнымда,барсам…» деп көп ойланып, ақыры баруға келiседi. «Сен төртiншi жұртыңда отырмысың? – дейдi бара байдан. - Үшiншi жұртыңдағы төбенiң басында отырғаныңда ширатқан екi түп көде табылса, балаң жазылады, табылмаса – өледi» дейдi. Содан бай ауыл-аймақты жинап, көденi iздеп табады екен де, шөппен ұшықтап, бала ауруынан жазылып кеткен екен. Бектұрған өзiнiң өлерiн үш ай бұрын бiлген, «Менiмен қоштасуға келемiн деген ағайындарға хабарландар» дейдi. Өлетiн күнi ағайыны Қобдолла (Ерменбайдың әкесi) келедi. «Сендер кешке келiндер"деп керi қайтарады. Кенет «Қабдоллағайтыңдаршы, үйдiң жанындағы сайда шылбыры ердiң қасына iлулi қасқа ат тұр, екi қасқыр келiп қалды, жарып жiбердi-ау, тез барсыншы», – дейдi. Қабдолла барсайтқандай-ақ қаңтарулы бiр ат тұр екен. Қараса iшегi шұбатылып жатыр. Ал өзi сол күнi түн ортасында дүниеден қайтыпты. Бектұрған әулие кесенесi Жарма ауданы Қаратұмсық тауында орналасқан.

Боранбай би Қалқаманұлының кесенесi

Боранбай Қалқаманұлы (шамамен 1704-1802) қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы катысқан батыр, белгiлi би. Жас кезiнде Түркiстанда ескiше оқыған. Тарихи деректерде Боранбай мен Қаракерей Қабанбайдың есiмi қатар жүредi. Ол қазақ хандығының тәуелсiздiгi мен ел бiрлiгi жолында Абылай хан жүргiзген саясатты жүзеге асыру iсiне үлкен үлес қосқан. В. В. Вельяминов-Зерновтың еңбектерiнде Кiшi жүздiң қаза тапқан ханы Әбiлқайырдың орнына таққа оның ұлы Нұралыны отырғызуға мұрындық болып, Орынборға барып қайтқан сегiз бидiң бiрi осы Боранбай екендiгi айтылады. Тұсында Абылайдың ақылшы боп, ордасында қызмет қылған деген сынды өлең-жырлар қалған.1748 жылы Әбiлқайыр ханды Барақ сұлтанның өлтiруiне байланысты құрылған Көкшетаудағы билер сотында ханның құнын жоқтап, Барақты айыптаған сөздiң тiзгiнiн Шектi Сырлыбай ұстаса, Барақты ақтайтын сөздiң бұйдасын Боранбай ұстаған деген сөз бар. Билер сотына сайланған жетi бидiң бiрi. Халқына қорған болып, қабырғалы бiр ру елдi билеген Боранбай Қалқаманұлы 1807 жылы 98 жасында дүние салған. Боранбай би Қалқаманұлының кесенесi Жарма ауданы Қапанбұлақ бекетi маңында орналасқан.

Жобалай би кесенесi

Жобалай би – ру арасындағы тартыс, дау-дамайды ақылымен, даналығымен шешiп отырған. Жоңғар шапқыншылығынан кейiн Алтайдан Бақанас өзенiнiң бойына өз руын көшiрiп әкелген ру басшыларының бiрi. Шамамен 1700 жылы туып, 1770 жылы қайтыс болған. Ол 12 жасында бала би атанған. Бұзылып қалған зиратты жөндеп кесене тұрғызылған. Ескерткiштiң құрылысы (1924-1925 жылдар шамасында) Жобалай бидiң ұрпағы, 1916 жылдары араб жазуымен ескерткiш тақта қойған Бейсенбай (1924 Тойсариннiң бастамасымен салынады. Құрылыс Жоба Мыстарына Естебай шебер жетекшiлiк етiп, алдын ала дайындалған кiрпiшпен небәрi 4-5 күннiң iшiнде салынған ескерткiш ауданның солтүстiк-батыс жағында орналасқан. Кесене бiр бөлмелi, алты қырлы, төбесi доғалданып жабылған. Қабырғасы үш қатар таспен қаланған. Кесене балшықтан тiкбұрышты болып құйылған кiрпiшпен қаланған. Мавзолейдiң iшiнде қабiр орналасқан, ұзындығы 4,5 м, биiктiгi 8,6 м, қабырғасының қалыңдығы 1,44 м. Араб әрпiмен жазылған ескерткiш тақта кесененiң батысына қарай орналастырылған. Жазуда керей руының тарихы мен Жобалаудың өсиеттерi жазылған. Жазулар алғашқыда бояумен боялған (бояу қалдықтары сақталған). 2000 жылы ескi құрылыстың үстiне доға тәрiздi жабық силикат кiрпiшпен қапталған кесене тұрғызылды. Жаңа ескерткiш бұрынғы кесене сияқты алты қырлы болып салынды. Бiрақ биiк, доғаның үстiнде жарты ай тәрiздес ауыр металл шар орнатылған. Жоғарыда және оң жағында қара мәрмәр тастар орнатылған: Бiреуiнде бидiң аты, өмiр сүрген кезеңi мен руы, екiншiсiнде оның өсиеттерi жазылған. Жобалай би кесенесi Аягөз ауданы Мәдениет ауылынан батысқа қарай орналасқан.

Зайсан көлi

Зайсан көлi Өскемен қаласынан 458 км қашықтықта орналасқан. Зайсан көлi 90 млн жыл бұрын пайда болған табиғи-ландшафтық нысан. Үзындығы 105 км, енi 48 км, тереңдiгi 6 м. 90 миллион жыл бұрын Зайсан көлiнiң жағасында динозаврлар мекендеген. Зайсан көлiнiң жанында атақты Азия саяхатшыларының жүрiп өткен жолы жатыр. 


Оның атауы «сайхан» (әдемi, әсем) деген Сөзге моңғол сөзiмен, сонымен қатар ойрат тiлiнде «запасун» (балық) сөзiмен байланысты. Аңыз бойынша моңғолдар мен қалмақтар балық жемеген. Олар аштықтан балық аулап жеуге мәжбүр болған. Нұр-Зайсан, 3ай-сан-нұр және Заасингор - «ғажайып балықты көл» деген мағына бередi. Зайсанның көптеген атауы бар: 280 жыл бұрын-Қызыл-Пу, кейiннен Корсан, Теңiз деп аталған. Жұт жылдары қалмақтар Зайсан көлiнен балық аулап жеп, аштықтан аман қалған екен. Соған байланысты көлдi Нұр-Зайсан, жақсы көл деп те атаған. Шығыстың кей тiлдерiнде әлi күнге дейiн басшыларды, қолбасшыларды «зайсан» деп атайды. «Зайсан» сөзi «берушi , «асыраушы» деген мағынаны бередi.

Зайсан көлiнiң шаруашылықта маңызы зор. Қазiргi кезде 360-дан аса балықтардың түрлерi бар. Олардың көпшiлiгi шаруашылыққа жарамды. Көлдiң жағасында ҚР Қызыл кiтабына енген көптеген құстар мен сүтқоректiлер мекендейдi.

Шәкi би Тасыбайұлы жерленген жер

Шәкi Тасыбайұлы - би әрi шешен, 1805-1885 жылдары өмiр сүрген. Елiнiң намысын қорғап, сөзiн сөйлеген аса беттi де бiлгiр шешен болған. Шәкi шешен кезiнде Құнанбай, Кеңгiрбай, Алшынбай, Едiге сияқты әр елдiң атақты би-сұлтандарымен даулы мәселелердi шешуде айтыс-тартыстарға қатысқан. Бидiң Шал Қажымен, Құнанбаймен, Танамырзаның әкесi Тiлемiспен, тағы басқа белгiлi тарихи адамдармен кездесулерi туралы ол кiсiнiң ерекше қасиетiн танытатын әңгiмелер ел аузында баршылық. Бiр келгенде Шәкi де, Құнанбай да «Мұхтасарды» бiр молдаға оқытып тыңдап отырады. Бiр кезде Шәкi: «Құнанжан, мына жерде бiр бетi жоқ қой» дептi. Сол күнi қос атпен кiтапты Семейдегi хазiретке жiберсе, жоғы рас екен. Тағы бiр рет күздi күнi Құнанбайдiкiне ел қораға қонғанда келiптi. Шөп түспеген екен. Кешке би атшыға қарап: «Аттарды ауыл маңына тұсап жiбере сал» десе керек. Сонда Құнекең. «Би, ауыл маңы тақыр, ештеңе тауып жей алмайды, ой, таң атқан соң ұзатыңқырап жайып келмесе» деген екен. Сонда «Құнанжан, жер–анасы, мал – баласы емес пе, баласы емiренсе, иiмейтiн ана бола ма, бiрдеңе тауып жер» дептi шәкi би. Бүгiнде Шәкi Тасыбайұлының кесенесi Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылдық мекенiнде орналасқан.

Арқарбай әулие Шоқантайұлы жерленген жер

Халық аңыздарына сай, Арқарбай Шоқантайұлы 1862 жылы Аршалы округiнiң Әлжан тауында туған. Бақсы, көрiпкел әрi емшiлiк қасиеттерi бар ерекше адам болған. Батасын алған кiсiлер тез арада сауығып кетедi екен. Жаяу жүргенде жүйрiк-ақ, өмiрiнде пойызға, машинаға отырған емес. Елдiң айтуына қарағанда, Арқарбай дуана «Ұшатын адам» атанған. Арқарбай өмiрiне байланысты оның көзi көрiп, жүздескен темiржолшы, Аягөз қаласының тұрғыны Жасәмiр Әбдiлда былай дейдi: «1937-1938 жылдары Ақтоғай-Жарма станцияларында пойыз шеберi болып iстейтiнмiн. Күз мезгiлi. Кезектi пойыздың Жармадан жүруiне аз уақыт қалғанды. Арқарбай дуананы станция басынан көрiп сәлемдескен едiм. Аягөзге бар-бақша екен. Арқарбай менен: «Мына пойыз қашан жүредi» деп сұрады. «Қазiр жүредiә деп жауап қаттым. Пойыз қозғалғанда оның қалып қойғанын кезiм көрдi. Төрт-бес сағаттан кейiн Аягөзге келгенiмде, вокзал алдында фонтандағы суға бетiн жуып тұрған Арқарбайды көрiп таңғалдым. Аягөз бен Жарма аралығы 110 шақырым. Арқарбаймен көршi тұрып, оны жақсы бiлетiн бiр қарт шешейден сұрағанымда, ол кiсi: «Арқарбайдың көтерiп кететiн киесi бар» деп едi. Арқарбайдың қызы Аман апай болса: «Әкем бақи дүниеге аттанарда бiзге: Мен өлмеймiн, менiң денемдi жерлеген соң үш күннен кейiн алып кетедi. Ақ түйе мiнiп, бүкiл әлемдi кезiп, сендердi көрiп жүремiн. Бұл Бөлектаста ел қалмайды. Менiң зиратымның басына ары-берi өткен ел дұға оқып, Құран бағыштап, сиынып жүретiн қазандық орнатыңдар» деп өсиет қалдырып кеткен», – дейдi. Айтқаны келiп, қазiргi кезде Арқарбай дуананың зиратының басында ары-берi өткен адамдар дұға оқып, Құран бағыштап, сиынып жүретiн үй бар. Арқабай әулие кесенесi Жарма ауданы Аршалы ауылы Бөлектас тауында орналасқан.

Марқакөл көлi

Марқакөл көлi Күршiм ауданы Теректi ауылының солтүстiгiнде 60 шақырым жерде орналасқан. Марқакөл көлi табиғи-ландшафтық киелi нысан болғандықтан 70 мың жылмен мерзiмделедi. Ұзындығы 38 км, енi 19 км, тереңдiгi 27 м. Марқакөл жайлы аңыздар қазақтың марқа жарты жастағы қозы сөзiмен байланысты. Қарттардың айтуынша, ертеде көл маңайын қоныстанған байдың сұлу қызы болыпты.


Бай қызын ешкiмге қимаған екен. Күндердiң бiр күнiнде бай сөз салып жүрген жiгiттерге: «Кiмде-кiм марқа етi пiскенше мына көлдi атпен айналып шығады, соған өз қызымды және жарты отар малымды беремiн» деп шарт қояды. Жiгiттер арасында жас қойшы жiгiт болған екен. Жiгiттер шаба жөнелгенде, аспаздар қойды сойып, қазанға салып от жағып, еттi қойшы жiгiт келгенше дейiн пiсiрген екен. Сөйтiп, қойшы жiгiт жеңiске жетiп, сол марқа етiмен той жасап, көлдiң атын Марқакөл деп атап кеткен екен. Тағы бiр аңызда, ерте кезде көлдiң орнында кең жазық дала болыпты деседi. Бiр күнi шопан осы жерде отар жайып жүргенде, қойлардың iшiндегi ең жақсы марқасы бұлақ басына су iшiп тұрып жер астына құлап кетедi. Қойшы оны көрiп, қойды бар күшiмен суырып алады. Сол мезетте бұлақ орнынан су атқылап шығады. Жайылған су шөптердi ағаштарды басып, жоғары көтерiлiп, тау баурайына дейiн жетедi. Осылайша Марқакөл көлi пайда болады. Жел, көлдiң толқындарын көбiктетiп көтерген кезде шыныменде көл үстiнде әппақ қозылар жайылып жүргендей көрiнедi.

Батыр Шынкожа Базарқұлұлы жерленген жер

Шынқожа Базарқұлұлы – 1706-1768 жылдары өмiр сүрген батыр. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерен ерлiктер жасап, қазаққа даңқы жайылған қазақ жасақтарының қолбасыларының бiрi. Базарқұлдың Шынқожасы жастайынан шынығып, ерлiгiн ерте танытқан тұлға.


 Шынқожаның батыр атағы алғаш шыққаны жоңғардың Аюқара атанған Доба деген батырымен жекпе-жекке шығып, оны өлтiрген кезi, ол кезде батыр жиырма бiр жаста екен. Жиырма жасында жасындай жарқылдаған ердiң даңқы дүйiм елге тарап, қалың қауымның мақтанышы болды. Одан кейiн де Аңырақай, Қалба, Алакөл шайқастарында Қабанбай батыр мыңдықтары мен бiрге жеңiстерге жеткен Шынқожа есiмi осы өңiрдiң ұранына айналған. Ел iшiндегi шежiрелерде Шынқожа батыр Туса, Тоқпақ, Байғана жасағына қолбасы болып, Ақшаулiге (Тарбағатай биiгi) ту тiгiп, жорыққа дайындалып жатқан (Емiл, Алакөл, Үржар, Қатынсу бойында) Қабанбай, Есенгелдi, Еспембет, Баймұрат, Дәулетбай батырларға келiп қосылып, ұрыс жүргiзген. Бұл өңiрде қырқ жылдай мекендеп, шұрайлы өлкенi иемденген сыңсыған көп қалмақ аса қатты қарсылық көрсетiп, сұрапыл соғыс онан әрi үдей түскендiгi айтылады. Осы шайқастарда бас қолбасшы Қабанбай батыр Еспембет мындығын - маңдайда, Шынқожа мен Баймұрат жасағын екi қанатта, Есенгелдi мен Дәулетбай құрамын артқы тосқауылда ұстап соғысқан екен деген де деректер бар. Батыр Шынқожа Базарқұлұлы Аягөз ауданында жерленген.

Еңлiк-Кебек кесенесi

Еңлiк-Кебек кесенесi Абай ауданындағы Ералы жайлауының шығыс жағында, Семей-Қарауыл тас жолынан 5 шақырым жерде орналасқан. Махаббат мұнарасы - билер сотының кесiмi бойынша 1780 жылдың шiлдесiнде құрбан болған қос ғашық, Еңлiк пен Кебектiң зиратына қойылған ескерткiш мұнара.


 Жергiлiктi тұрғындардың ерекше ықыласымен ескерткiш 1960 жылы тұрғызылған. 1917 жылы М. Әуезовтiң «Еңiлiк-Кебек» поэмасы жарық көрген. Қазiргi таңға дейiн қазақ драма театрында қойылып келедi және тарихи, мәдени құндылығын жоймаған. Бiр күнi Кебек атын ерттеп, бүркiтiн баптап, аң аулауға шығады. Аң аулап жүрiп уақыттың өткенiн бiлмей кештi батырып алады. Сөйтiп тұрып бiр төмпешiктiң үстiне шығып қарап тұрса, Хан тауынан алыс емес Шыңғысхан тау шатқалынан ақырын ғана будақтаған түтiндi көредi де, бiр пана бар екен деген сенiммен сол жаққа бет алады. Сол ауылда әдемi бойжеткен Еңлiкке кездеседi. Олар танысып, бiрiн-бiрi сүйiп қалады. Алайда Еңлiктiң атастырып қойған жiгiтi болған екен. Осыған қарамастан олар түн iшiнде ауылдан қашып кетедi. Арада уақыт өте олар ұлды болады, алайда қуаныштары ұзаққа созылмайды, себебi қыз жақтан туыстары Кебектiң руына тыныштық бермей кектене түседi, кегiн алу мақсатында найман руы атақты Кеңгiрбай биге барып ақыл сұрайды, ол екi жасты өлiм жазасына кеседi.Соңында екi жастың мойнына қыл арқан салынып, ат құйрығына байланып өлтiрiледi. Өлерiнiң алдында Еңлiк пен Кебек екеуiн бiр орынға жерлеудi өтiнедi.

Абылайкит – бекiнiс-ғибадатханасы

1654 жылы Қалба жотасында Абылайкит будда ғибадатханасы салынды. Оның үйiндiлерi 1654 жылғы сәулет өнерiнiң ескерткiшi болып саналады. Ертiс өзенiнiң сол жағалауы мен Қалба сiлемдерiнiң басым бөлiгi Абылайкиттiң негiзiн қалаушы - Абылайтайшының иелiгiнде болған. Ғибадатхана бұрышты платформада орналасқан. 


Абылайкит XVII ғасырдың 50-60-жылдарының ортасындағы будда құндылықтарын сақтайтын iрi дiни орталық болған. 1720 жылы ғибадатхана үйiндiлерi арасынан будда иконалары, әр түрлi құдайлардың мүсiндерi табылған. XVIII ғасырдың басында будда ғибадатханасы аумағынан келесi қола мүсiндер табылған. Жауынгер мүсiнiндегi шырағдан, жауынгер мүсiнiндегi ыдыс, құдай-ананың мүсiнi. Абылайкиттен табылған олжалардың хронологиялық шегi V-VI ғасырдан XVI-XVIII ғасыр аралықтарын қамтиды. Бұл – осы өңiрдiң Ұлы Жiбек жолының бiр торабы болғандығының көрiнiсi. Жазба деректер мен археологиялық қазба жұмыстары - Абылайкит лама ғибадатханасының, қазақ елiнiң Орта және Таяу Шығыс елдерiмен саяси және мәдени байланыстарының болғандығын көрсетедi. Ғибадатхананың суреттерi мен сипаттамасы алғаш рет ғылыми экспедиция мүшелерi Г. Ф. Миллер, П. Паллас және саяхатшылар Е. Мейер, П. Чихачевич және т. б. еңбектерiнде кездеседi. Аблайкит туралы деректер И. Г. Гмелиннiң, С. С. Черниковтың еңбектерiнде баяндалған. 2017 жылдан берi К. Байпаковтың басшылығымен ғылыми экспедиция Абылайкит ғибадатханасын қайта қалпына келтiре бастады. Абылайкит бекiнiс-ғибадатханасы Өскемен қаласының оңтүстiк-шығысынан 70 км жерде орналасқан.


Акжан Ибрагимова
Бөлісу: