Шығыс Қазақстан облысында жоғалған баланы іздеу жалғасып жатыр

15 Тамыз 2022, 12:08 1218

Құтқарушылар саяжай массиві ауданында ағып жатқан Маховка өзенінің арнасын тексеруді жалғастырып жатыр

ШҚО-да жоғалған баланы іздеу жалғасуда, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 14 тамызда 2010 жылы туған Ахмеджанов Тамирлан Тимуровичті іздеуге көмек көрсету туралы өтініш келіп түсті. Ол 13 тамыздан 14 тамызға қараған түні сағат 02:30 шамасында саяжай аумағында орналасқан үйден кетіп, қайтып оралмаған. Сигнал түсісімен полиция қызметкерлері, құтқарушылар, ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері және еріктілер дереу іздестіру жұмысына кірісті. Қазіргі уақытта оларға 550-ден астам адам тартылған.

 Сонымен қатар іс-түссіз жоғалу фактісі белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Кәмелетке толмаған бала жоғалып кеткен сәтте көк түсті жемпір, көк түсті трико, жасыл түсті жаздық аяқ киім (сланцы) киген. Белгілері: бойы 140 см, орташа дене бітімі, шашы қысқа, қара түсті, көздері ашық-қоңыр түсті, екі аяғында да бас бармақтың аймағында зақым бар. Сол түні бала анасымен бірге ұйықтап жатқан, түнде оянғанда баласының жанында болмай шыққаны анықтады. Бала ақыл-есі кем, тұйық, сөйлемейтін бала деп сипатталады. 

Полиция ұқсас аурулары бар балаларды емдеуге маманданған медицина қызметкерлерінен сауалнама жүргізді. Ол басқалардан әдейі жасырынып, оның атын атағанда жауап бермеуі мүмкін деген болжам бар. Отбасының өзі қолайсыз отбасы ретінде есепте жоқ. Жоғалған бала үйіне өзі оралады деп болжаған анасы полицияға уақытылы жүгінбеген. Жоғалған сәттен бастап полицияға жүгінген сәтке дейінгі уақыт аралығы 10 сағаттан асқан. 

Қазіргі уақытта іздеу аумағы 14 секторға бөлінген. 1 мыңға жуық саяжай учаскелері тексерілуде, олардың көпшілігі қараусыз қалған. Тексеру жаяу жүру тәртібімен де, қызметтік автомашиналар мен атты әскерлерді пайдалану арқылы жүргізілуде. Таңға қарай саяжай массивіне жақын жатқан көпқабатты үйлер, Жаңа Согра кенті пысықталды, шатырлы үй-жайлар мен жертөлелер қаралды.Дүкендердің, соның ішінде азық-түлік дүкендерінің барлық қызметкерлерімен әңгімелесу жүргізілді. Құтқарушылар саяжай массиві ауданында ағып жатқан Маховка өзенінің арнасын тексеруді жалғастыруда.

Бөлісу: