«Шыңырау құс»

30 Сәуір 2014, 10:10

Композитордың осы аталған көріністі музыка тілінде қалай өрнектегенін әңгімелеп көрейік.

«Шыңырау құс»

Ғасырлар сүзгісінен өтіп бүгінге жеткен қазақ фольклорындағы сан түрлі ертегілер мен ерлік дастандар, ғашықтық эпостар, қара өлең мен тұрмыс-салт жырлары, айтыстар мен жыр-толғаулар, шешендік сөздер мен нақылдар, мақал-мәтелдер мен жаңылтпаш, жұмбақтардың ұрпақ тәрбиесі үшін қашанда орны ерекше болған. Ақыл-ойдың жетіле түсуіне қажетті қуаттың қайнарын да халық ауыз әдебиетінен табамыз. Ұлттың мәңгі мүддесіне қызмет еткен осынау інжу-маржандарымыз өнер атаулының сан түрлі жанрына негіз болғанын кино, бейнелеу өнері, поэзия, музыка, анимация, қолөнердің әйгілі туындыларынан анық байқаймыз. Осы уақытқа дейін халық ауыз әдебиеті музыка тілінде тамаша бейнеленгеніне мысал көп-ақ. Соның бірі – қазақ оркестрі репертуарында берік орныққан, тыңдарманын бірден баурап алған композитор Ермұрат Үсеновтың  «Шыңырау құс» шығармасы. Шығармашылық қиялына шабыт берген автордың бұл туындысы қазақ ертегілерінің ізімен жазылған. Бала күннен санаңа сіңген сұлу да сиқырлы суретті әп-сәтте көз алдыңа әкелетін музыканың мазмұнын талдамас бұрын «шыңырау құс» атауына тоқтала кетсек дейміз.

Қазақ ертегілерінде жиі кездесетін сюжет әр ертегіде түрлі атпен ұшырасады. «Жазушы» баспасынан 2000 жылы жарық көрген алты томдық «Қазақ ертегілері» жинағының бірінші томына енген «Алтын құс пен сұр қасқыр» ертегісінде «алтын құс», «Ғыпша» ертегісінде «бақыт құсы», «Опасыз туыс» ертегісінде «қара құс», «Төрт дәруіш» ертегісінде «үлкен құс», «Мерген мен баласы» ертегісінде «дәу құс», «Жоғалған хан қызы» ертегісінде «алып қара құс» деген атаумен кезігеді. Екінші томдағы «Ер Төстік» ертегісінде «дәу қара құс – самұрық» екен. Үшінші томдағы «Опаға-опа» және «Күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетін...» ертегілерінде «самұрық құс» деп аталады. Ал, алтыншы томға енген «Жарты Төстік» және «Аюалпаң, Судысалпаң, Таудыталпаң» ертегісіндегі «самұрық құсымыз»  –  «Аюдәу» ертегісіндегі «семір құс». «Құйын батырда» «алып қара құс» болса, «Ақбілек қыз – Тұрғын балада»  «самұрық», «Ханшентайда» «қарақұс» аталады. Шығарманың атына байланысты «Шыңырау құс» деген атауды осы томдағы «Көл  түбіндегі алтын» ертегісінен таптық. Тек мұндағы оқиға сәл өзгеше өрбиді. Көл астындағы алтын күнбатыс жақтағы таудың басын мекен еткен Шыңырау деген құстың ұясында екені айтылса, «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде Самұрық құсқа қатысты оқиға қысқа ғана баяндалады. «Керқұла атқа тіл бітіп:

– Аспанмен тірескен анау бәйтеректің басында Самұрық құстың ұясы бар. Ол алты айда бір рет азық іздеп кетеді де, он бес күнде кері айналады,  – дейді  Кендебайға».  

Барлық ертегідегі көрініс оқиға желісіне қарай қилы өзгеріске ұшыраса да, негізгі кейіпкер – біреу. Ол – құс атаулының патшасы Шыңырау-Самұрық. Бәйтерек бірде Алып ағаш немесе үлкен ағаш аталса, жылан кейде Айдаһар бейнесінде келеді. Мысал ретінде «Ер Төстік» ертегісіндегі нұсқаны алайық. Бұлақ басындағы үлкен бәйтерек түбінде демалып жатқан Төстік балапандардың шуылынан оянып кетеді. Оларды жеуге бір айдаһар жоғары өрмелеп барады екен. Төстік дереу садағын алып, айдаһарды атып түсіреді. Балапандар тынышталады, Төстік ұйқыға кетеді. Әлдебір дауыстан шошып оянса, дауыл тұрып артынша жаңбыр жауған, суылдаған дауыс естіледі. Жайған бір қанаты бір айлық жерді алатын алып қарақұс суылдап кеп қонғанда, бәйтерек майысып сына жаздайды. Төстікті жұтайын дегенде, балапандары араша түсіп, болған оқиғаны айтып береді. Екеуі дос болып, Төстікті жер астынан қанатына мінгізіп жер бетіне шығарады. Бар сюжет осы.

2008 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»  шың және шыңырау сөздеріне мынадай түсіндірме берілген. Шың – 1. Таудың ұшар басы, биік жері. 2. Шатқалдың терең түбі, табаны. Шыңырау – 1. Биік құз, таудың ұшар басы. 2. Тұңғиық, терең. Демек, шыңырау терең мен шыңырау биікке – екі әлемге еркін бара алатын құдіретке ие болғандығы үшін алып құс «Шыңырау» аталған. Фольклортанушы Берік Жүсіповтың пікірінше «Самұрық құс – ілкі ізгілік пен жақсылық атаулының ишарасы, азат рухтың белгісі».  

Ертегідегі кейіпкерлердің мифологиядағы орны, атаулардың шығу тегі, олардың мән-мағыналық сипаттарына тоқталып жатпаймыз. Композитордың осы аталған көріністі музыка тілінде қалай өрнектегенін әңгімелеп көрейік.

Мөлдір бұлақ басындағы алып ағаштың саясында тыныстап, даланың сұлу көркіне көз тоймай, алыстағы бозторғай үніне құлақ қойған көрініс D-dur  тональдігінде, 2 өлшемімен жазылған шығарманың кіріспесінде тамаша бейнеленген. Алғашқы тактідегі фермата қойылған кіші және бірінші октавадағы ре-ля квинта интервалы сазсырнай, шертер, домбыра, қылқобыз сияқты қоңыр үнді аспаптардың тембрімен керемет үйлесім тапқан. Шымылдық ашар осы аккорд дем біте үзіліп, әрі қарай шертпе дәстүріндегі баяу жүретін әдемі әуенге ұласады. Әр үлесті нығарлап, әуенге ерекше рең беретін шаңқобыз үні сегіз такт бойы бірге жүреді. Әуеннің 1-цифрдағы сегіз тактілік екінші қайырымына енді қобызшылар тобы мен прима мен бас домбыра тобы қосылып суретті айшықтай түседі. Дабыл қағып қауіпті білдіретін сәт 2-цифрдан басталады. Дүр етіп кіші секундамен берілетін белгіні, әрине, сырнайлар алған. Келесі тактідегі тоқылдақтың сұп-суық үш соққысын естіп жаныңыз байыз таппайды. Екі қайталап нықтай түседі. Ізін ала алыстан естілетін ащы үнмен прима-домбыра мен сырнайдағы кіші секунда, тритон дыбыстардан балапандардың жанұшырған дауысын естиміз. Осы кезде қобыз тобы да сызылтып тритон дыбыспен «ажал жақын» деп растай түседі. Енді композитордың шеберлігіне қараңыз. 2а-цифрынан бастап жыланның жоғары қарай баяу өрмелеуін сазсырнай мен қобыз тобы түгел үзбей сызылтып бейнелейді. Әр екі такт сайын ауысатын қияқтың бағыты дыбысты ауырлата түсіп, көз алдыңа ысылдап, бәйтеректі қапсыра орап жоғары өрлеген жыланды әкеледі. Балапандар шаңқылын прима-домбырадағы сегіздік ноталар береді. Домбыра, бас, контрабас аспаптарында бір дыбыс ұзақ қайталанып, «не болар екен» деген дәрменсіз күй. Қос сырнайдың безектеген оналтылық ноталарынан «жан шіркіннің тәттілігін» сеземіз. Сылдырмақ та сылдыр-сылдыр етіп жыланның ысылын ба, әлде жапырақтың сыбдырын бейнелеп үрейлендіріп тұр. Балапандардың еріксіз «шаңқ» еткенін 3-цифрға төрт такт қалғанда сегіздік ноталар арқылы шертер мен прима ойнайды. Қауіптің жақындай түскенін білдіргендей тағы да тоқ-тоқ етеді тоқылдақ.  Ал, 3-цифрдан бастап оналтылық ноталармен жоғары регистрлі барлық аспап жыланның балапандарға жақындаған сайын тезірек жылжып бара жатқанын, міне, жетіп те қалғанын керім суреттейді. Сырнайлардың алты такт бойы жанайқайға ұласып шиыршықтаған оналтылық ырғақтары, бірте-бірте үдеген дауылпаз гүрілі, мыс табақшаның тоқтаусыз шуылына ысқышты квинтеттің тремолосы қосылған аласапыран шақ! Әлсіз дыбыс күшейді, баяу темпті accelerando арқылы тездеттік. Міне, 4-цифр. Жүрдек темп, g-moll тональдігі. Төстік бейнесі. Айқас. Арпалыс. Төрт такт кіріспеден кейінгі әуенді Шыңырау құстың лейтмотиві деп таныдық. Азық іздеп алты айлық сапарға шыққан, алыстан жүрегі бір жамандықты сезген, бір айлық жерді алатын қанатының суылы дүлей дауыл тұрғызып, көзінен тамған жасы сел боп ағып, балапандарын аман көрем бе деген алып ана құстың бейнесін бесінші тактідегі екі такт сайын қайталанатын балапандардың көмек сұрап «шаңқ» еткен дауысы бөліп жібереді. 5-цифрдағы бес тактілік әуенде анасымен өткен бейбіт күнге деген балапандардың сағынышы басым. Үмітін үзбейді. Бәйтерек түбіндегі сұрапыл шайқас, ұшар басындағы анасының жолын тосқан балапандар, қияннан қанаты талып егіліп келе жатқан алып құсты бір мезетте көз алдыңа әкеледі. Жаналғыш кейпіндегі жыланның қайтпас мінезін беретін «жылан-әуен» 6-цифрда екі рет қайталанады. Дауылпазда қатар соғылған екі акценттен тап-тап берген суық жыланның бейнесі елестейді. 7-цифрдың алдындағы екі такт Төстіктің ширығуы екен. Соңғы күшін бойына жиған, айқас алаңына атой салып кірген балғын батырдың бейкүнә бейнесі.  7-цифрдағы Төстік темасы қисын бойынша сегіз такт болуы керек. Жоқ, бұл жерде де автор музыкалық қалыпқа салмай, сегізінші тактіде шарықтау нотасын жеріне жеткізіп, қосымша тағы бір такт ұстап ұтымды әдіспен шыға білген. Әрі қарай кеттік. Зар! Жан алысып, жан беріскен жекпе-жектің саябыр тапқан сәтінде балапанның беймаза дауысы сырнай, шертерден бөлек тоқылдаққа тиіпті. Демек, әлі қауіп сейілмеген. Әлқисса, қарақұстың хәліне келейік. Бұның баяны 9-цифрда айтылады. Әлі сол жанталас, көл болған көз жасы, азығы бар болсын, «бір көрсем-ау» деген жалғыз тілек! Құлақта шаңқылдаған балапан үні...

Осы суретпен қатар өрілген мына қызықты қараңыз! Сұлқ түскен жыланыңыз басын көтеріп, айбат шегіп бәйтерекке қайта өрмелеп барады. Не деген жаны сірі еді! 10-цифрға дейінгі төрт тактіде басталған музыка 11-цифраға дейін тұтас он екі такт бойы бір жерде тұралап тұруын біз былай ұғындық. Екеуінің де күші сарқылған. Жыланның бой бермей бәйтеректі он орап, тұмсығы ұяға жақын қалып еді. Төстік те жыланның құйрығын тастүйін орап алған. Әрі-сәрі, итжығыс түскен кез. Мұны бейнелеуде триоль мен хроматизмнен асқан әдіс бар ма! Бүкіл аспап осы ырғақта бебеулеп тұр. Бұл 11-цифр еді. Жыланның ысылдаған дауысын бейнелейтін сылдырмақ та триольге көшкесін не сұрайсыз? Сірә, ажал ауылы да жақын-ау... Дауылпаз бен мыс табақша да жанығып растап тұр. 12-цифр. Кульминация! «Әуп» деп көтерген алмас қылышымен жыланның басын шауып түсті. Бітті! Бұл цифрдің соңғы тактілеріндегі оналтылық ноталардың бірде октава төмен, бірде октава жоғары мазасыз ойналуы – ирелеңдеп барып жантәсілім еткен жылан бейнесі. Жебір жылан ирелеңдеп жатқанда Шыңырау құс та жеткен! Ес жиып, ентігін басу... Ер Төстік пен Шыңырау құстың мәмілеге келуі. Бұл сурет 13 пен 14-цифр аралығында бейнеленген. Шығарманың негізгі D-dur тональдігіне 14-цифрде қайта оралдық. Балапандардың анасымен қауышқан сәті. Қуаныш! Кейінгі бөлім шартты түрде жеңісті жырлау болса, түйініміз – Мадақ жыры болмақ!

Тыңдарман мен музыканттардың сан концерттер мен оркестр репетициясы барысында осы тектес халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан сусындаған шығармаларды ерекше шабытпен, өзгеше ықыласпен қабылдағанына куә болдық. Тамырын тереңнен тартқан тұтас дүниенің ғұмыры қашанда ұзақ болған. Сөз соңында композитор Ермұрат Үсенов ағамызға бала кезден ауыз әдебиеті арқылы әр қазақтың санасына сіңген сыры мол суреттерді қиялымызда қайта жаңғырта беріңіз дегім келеді.

Мүсілім ӘМЗЕ,

Халықаралық және республикалық дирижерлар конкурсының жүлдегері,

Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және

Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық

 «Отырар сазы» оркестрінің дирижері

Бөлісу: