Шығыс Қазақстан облысында есірткі сату дерегін хабарлаған тұрғынға ақшалай сыйақы берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қаңтар айында облыс прокуратурасына есірткі таратылу дерегі туралы алғашқы белгі келіп түскен. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 60 гр астам синтетикалық есірткі тәркіленген азамат анықталып отыр. Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат α-пирролидиновалерофенон (α-PVP) психотроптық заты екені анықталды.
Қазіргі уақытта құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Берілген ақпарат үшін хабарлаған азаматқа 305 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы төленгені айтылды.
«STOP есірткі!» жобасы азаматтық қоғамды есірткінің таралуына қарсы күреске белсенді түрде тартуға бағытталған және есірткі құқық бұзушылықтары туралы шынайы ақпарат берген азаматтарға ақшалай сыйақы төлеуді көздейді.