ШҚО мен Вьетнамның Бак Нинь провинциясының Халық комитеті бауырмалдық қарым-қатынастар орнату және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам президенті Во Ван Тхыонгпен сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, бірқатар құжаттарға қол қойғаны белгілі. Сол бастаманың аясында бүгін Вьетнамның Бак Нинь провинциясының Халық комитеті мен ШҚО әкімдігі арасында тағы бір меморандумға қол қойылды. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев осы меморандум аясында шығысқа инвесторларды тартуды көздеп отырғандарын айтты.
Өздеріңіз білетіндей екі ел президенттері осыған дейін кездесіп, бірнеше келісім жасасқан болатын. Сол келісімдерді іске асыру, екі ел арасындағы қарым-қатынасты арттыру мақсатында осы меморандумға қол қойдық. Бұл ең бірінші біздің экономикаға тиімді болмақ. Азия елдерінің арасында Вьетнамның дамуы мен экономикасы жоғары деңгейде. Бұл елде жоғары технологиялық үлкен кәсіпорындар да бар. Бак Нинь провинциясымен жасасқан келісімшарт барысында осы саланы да қарастырамыз. Олар біздің мүмкіндіктерімізді қарап, болашақта кәсіпорындар ашсақ деген жоспар бар. Бірақ ең бірінші жеңіл өнеркәсіпті дамыту жағын қолға аламыз. Вьетнамның жеңіл өнеркәсіптегі кәсіпкерлері өте тәжірибелі. Олар біздің шекаралық аймаққа келіп, жаңа өндіріс орындарын ашса, халыққа да тиімді болады деп ойлаймын, – деді Ермек Көшербаев.
Екі тарап меморандум аясында мына салаларда ынтымақтастық, ақпарат және тәжірибе алмасуды жандандырмақ:
Өнеркәсіп, құрылыс;
Ақпараттық технологиялар;
Қызметтер;
Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы;
Инвестициялар;
Білім;
Инфрақұрылым;
Көлік және логистика;
Қала құрылысы;
Туризм;
Мәдениет;
Медицина.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жақын арада Вьетнамның кәсіпкерлері ШҚО-ға келетінін мәлімдеді. Айтуынша, бизнесмендер шығыстың нарығын зерделеп, қандай кәсіпорын ашуға болатынын зерттеп, инвестиция тарту мәселесін пысықтамақ.
Айта кетейік, бүгінгі меморандумға да Вьетнамның бірқатар жеңіл өнеркәсіп орындарының өкілдері қатысты.