ШҚО-да жыл басынан бері 700-ден астам алаяқтық оқиғасы тіркелді

14 Қараша, 08:34 701

ШҚО-да 2024 жылдың басынан интернет-алаяқтықтың 700-ден астам жағдайы тіркелген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Нұрай Арыстанбек ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге алаяқтар да өз әрекеттерін жетілдіріп, олардың қолданатын әдістері күрделене түсуде. Ең кең таралған әдістерге банктер мен коммуналдық қызметтердің қызметкері ретінде өзін таныту, мемлекеттік органдардың атынан хабарласу және зиянды сілтемелер арқылы мессенджерлерді бұзу кіреді, - деді Нұрай Арыстанбек.

Интернет-алаяқтықпен күресудің тиімді әдістерінің бірі — алдын алу шараларын жүзеге асыру. Сондықтан өңірде ақпараттық-профилактикалық іс-шараларға басымдық беріліп отыр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған киберқылмыспен күресу бағдарламасына сәйкес, облыста жыл сайын жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, ағымдағы жылы 12-14 қараша аралығында бүкіл ел аумағында «Анти-Фрод» жедел профилактиқалық іс шарасы өткізіледі.

Сонымен қатар, өңірде «Стоп-алаяқ» профилактикалық іс шарасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бұл іс-шараның үшінші кезеңі өткізіліп жатыр. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, интернет-алаяқтықтың түрлері туралы ескертулер жасап, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпарат таратуда. Сондай-ақ, облыс және Өскемен қаласы әкімдіктерімен бірлесіп ақпараттандыру бойынша медиажоспар әзірленді.

Бүгінгі күні қылмыстарды тиімді тергеу үшін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жанынан киберқылмыстарды ашумен айналысатын арнайы «Киберпол» бөлімі құрылған.

Перизат Саденова
Бөлісу: