ШҚО-да қатарласын ұрған жасөспірімдер үш жылға сотталды

6 Шілде 2023, 03:10 1164

Шығыс Қазақстанда кәмелетке толмаған қызды ұрғандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Нәтижесінде кәмелетке толмаған екі қыз бен жасөспірімге қатысты үкім шықты.

Іс екі бап негізінде: ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы (алдын ала сөз байласқан топтың бұзақылығы); 194-бап, 2-бөлігі, 1, 2-тармағы (алдын ала сөз байласқан топтың күш көрсете отырып бопсалауы) және тағы бір жасөспірімге қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы (алдын ала келіскен топтың бұзақылығы) бойынша қаралды.

Сот ісі кезінде 1 наурызда ADK River ойын-сауда орталығында кәмелетке толмаған екі қыздың бір адамды соққыға жығып, дене жарақатын келтіргендері анықталды. Келесі күні алдын ала сөз байласқан екі қыз тағы сол жасөспірімге әлімжеттік көрсеткен. Денесі мен бетіне соққы жұмсап, күш көрсету арқылы қоқан лоқы ұйымдастырған. 

Адамның ар-намысын таптап, кемсіту жолымен телефонға түсіріп, жәбірленушінің іш киімін шешуге мәжбүрледі, - делінген сот құжатында.

Кәмелетке толмаған қыздар бұл әрекеттерінің соңында 50 мың теңге ақша талап еткен. Оны тауып бермесе, бейнежазбаны жан-жаққа бөлісетіндіктерін айтқан.

Айыпталушылар бопсалаудан басқа, кінәларын біртіндеп мойындады.

ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабы, 2-бөлігі орташа ауыр қылмысқа, ҚР Қылмыстық кодексі 194-бабы, 2-бөлігі ауыр қылмысқа жатады. Сот айыпталушы  А. мен Т.-ның кәмелетке толмауын жазаны жұмсартуға себепші екенін айтты. Ар-намысын таптау, қатігездік, біреуді қорлауға деген құмарлық, керісінше, жазаны ауырлатуға негіз болды. Айыпталушылардың жеке деректері мен болған жағдай ескеріле келе, А. мен Т.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы негізінде бір жылға бостандығын шектеу, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 2-бөлігі, 1-2 тармақтарына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру, соңғы шешімде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделді. Айыпталушы О.-ға бір жылға бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылады, - делінген ШҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.

Перизат Саденова
Бөлісу: