Шығыс өңірі биыл спортпен тыныстап тұр. Сонау Париж төрінде төртжылдық бәсекесі аяқталып жатқанда Кенді Алтайда араға бес жыл салып Халықтық спорт ойындарының алауы тұтанды. Қарапайым халық арасында «кіші олимпиада» аталып кеткен дүбірлі доданың Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қайта жандануын дүйім ел жақсы ырымға балады.
Соңғы рет Халықтық ойындар облыста 2018 жылы өткізілді. Одан кейін жергілікті билік жыл сайын ұйымдастырылып келген дәстүрлі жарысты екі жылда бір атап өту жөнінде шешім қабылдаған еді. Сол аралықта әлемді әбігерге салған тәжтажал пандемиясы ушығып, қалың бұқара сүйікті спорт мерекесінен бірнеше жылға қол үзген. Биыл Шығыс жұрты көптен күткен XXII Халықтық ойындармен ерекше форматта, кең ауқымда қайта қауышты. Бұл дүбірлі жарысқа облыстың барлық аудан-қаласынан екі мыңнан астам адам қатысып, спорттың 22 түрінен 144 медаль жиынтығын сарапқа салды. Атап айтсақ, жеңіл атлетика, үстел теннисі, қазақ күресі, жазғы президенттік көпсайыс, гір спорты, волейбол, футбол, армрестлинг, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, садақ ату, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен бақ сынады. Халықтық ойындардың ұлттық спорт түрлерінен жарыс 12-17 тамыз аралығында Зайсан ауданында өтсе, қалған түрлерінен сайыстар 18-23 тамызда облыс орталығы – Өскеменде болды.
Еліміздің Шығыстағы қақпасы – Зайсан жерін бір апта бойы дүбірге бөлеген сайыскерлер көкпар тартып, теңге ілді, ат үстінде жекпе-жекке шығып, аударыспақтың көрігін қыздырды, құралайды көзге атқан садақшылар сап түзеп, баба дәстүрін жаңғартты. Қысқасы, Зайсандағы бұл ұлттық спорт сайыстары 8 қыркүйек күні елордада шымылдығы түрілетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы үлкен бір дайындық сияқты болды. Айта кетейік, Астанадағы байрақты бәсекеде ел намысын шығысқазақстандық спортшылар дәстүрлі садақ ату, арқан тарту және таяқ тарту (мас-рестлинг) сынды сайыс түрлерінен қорғайды.
Ұлттық спортты ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жалғастыру – Халықтық ойындардың басты мақсаттарының бірі. Бұл жарыстар елімізде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беретінін айтады ұйымдастырушылар.
Түсінген адамға бұл спорт бәсекесінің маңызы терең, берері мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамыту жөнінде үнемі айтып келеді. Осы орайда ел ішінде салуатты өмір салтын насихаттаудың бір тиімді жолы осы Халықтық спорт ойындары екені айтпасақ та белгілі. Өйткені бұл ойындарға облыстың барлық аудан-қаласынан, ең бастысы ауылды жерлерден өкілдер қатысып, 22 спорт түрінен тағайындалған жүлделерге таласуда. Ойындардың бір кезеңі Зайсан жерінде өтіп жатқанына қуаныштымыз және бұл бәсекенің Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұйымдастырылып жатқанын да жақсы ырымға балап отырмыз, – дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.
Иә, алыптар ауылдан шыққан. Олимп шыңын бағындырған кіл мықтылардың бәрі де ауылдың топырағына аунап, суына шомылып өсті десек ешкім дау айта қоймас. Ал Халықтық ойындар аты айтып тұрғандай халық ішіндегі шын жүйріктердің танылуына, тасада қалып жүрген таланттардың жарыққа шығуына мүмкіндік беретін нағыз бәсеке. Бүгін бұл сайыста қара үзіп шыққан саңлақтар ертең әлемдік аренада атой салып шықса таңғалмау керек.
Зайсандағы ұлттық спорт түрлерінен сайыстардың жоғары деңгейде өткенін Халықтық спорт ойындарының бас хатшысы Әділ Әбдіғалиев атап өтті.
Біздің елде бұқаралық спортқа зор көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, ат спортына деген ықылас айырықша, өйткені ол ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасып келе жатқан төл өнеріміз. Оны біз бүгінгі заманның талабына сай дамыта түсуіміз керек. Бұл ретте Халықтық ойындардың берері мол. Жалпы, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Төрешілер әділ, бұра тарту деген жоқ. Шын мықтылар жеңіске жетіп жатыр. Неше күн бойы Зайсан өңірі тұлпарлар тұяғының дүбіріне бөленіп, ұлттық рухымыз бір серпіліп қалды, – деді Әділ Әбдіғалиев.
Аптаға созылған аламанда Самар ауданының көкпаршыларына тең келер команда болмады. Неше жылдан бері көкпардан бас жүлдені ешкімге бермей жүрген Тарбағатайдың тастақым жігіттері бұл жолы үздіктер қатарынан көріне алмады. Аударыспақтан Ұлан ауданының командасы жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Сол сияқты бұл күндері бәйге, теңге ілу, қазақ күресі, арқан тарту, асық ату сияқты төл спортымыздан сынға түскен сайыскерлер анықталып, марапатталды.
Халықтық ойындардың екінші кезеңі Өскеменде өтті. Бұл мерекелік шараның ашылу рәсімі Спорт күнімен тұспа-тұс келгендіктен облыс орталығындағы О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде үлкен салтанатты кеш болды. Оған өңірдің аудан-қалаларынан келген спортшылармен бірге Париж олимпиадасында ел намысын қорғаған семсерлесушілер Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая, сонымен қатар жас таеквондошы Батырхан Төлеуғали қатысты. Осы кеште ел спортына еңбек сіңірген спортшылар мен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, туризм және спорт министрінің, сондай-ақ облыс әкімінің атынан мемлекеттік наградалармен, алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Атап айтсақ, даңқты кикбоксшы, бүгінде осы спорт түрінен жаттықтырушы болып еңбек етіп, жас ұрпақты жекпе-жек өнеріне баулып жүрген Ержан Шегеновке «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі табысталды. Кеше Парижде жақсы өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жеткен семсерші Руслан Курбановтың көкірегіне «Ерен еңбегі үшін» медалі тағылды. Сондай-ақ алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан ел намысын қорғайтын Ажар Төлеуқанова да еңбегі елеусіз қалмай, лайықты марапатқа ие болды. Ал бір өзі ғана бірнеше олимпиаданың алтын, күміс, қола жүлделерін еншілеген әйгілі жеңілатлет Ольга Рыпаковаға өңір спортын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін темір тұлпар мінгізді.
Қазір мен кәсіби спортшы болмасам да, бұл саладан мүлдем қол үзіп кетпедім. Жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың жетістікке жетуіне ұдайы қолдау көрсетемін. Спортшыларға діттеген мақсатқа жеткізетін қажырлы қайрат пен таудай талап, табандылық тілеймін. Ең бастысы денсаулықтарыңыз мықты болсын. Аянбай еңбек етіп, тер төккен адам түбінде жемісін көреді. Биік белестерді бағындыру осындай халықтық ойындардан басталады, – деп ағынан жарылған олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова сыйға алған көлігі үшін алғыс айтып, ел спортының дамуы жолында қал-қадірінше еңбек ете беретінін жеткізді.
Айтпақшы, Париж олимпиадасының қатысушылары да сый-құрметтен кенде болған жоқ. Айталық, Руслан Курбановқа 5 миллион, Вадим Шарлаимовке 2,5 миллион, Елизавета Матвеева, Надежда Дубовицкая мен Батырхан Төлеуғалиге 1 миллион теңгеден ақшалай сыйақы берілді. Олардың бапкерлеріне де сый-сияпат жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым спортқа айрықша көңіл бөліп, тиісті міндеттер жүктеп, бұл бағыттағы жұмысты тікелей бақылауына ұстап отырады. Бұл ретте Шығыс Қазақстанда ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтқым келеді. Бүгінгі таңда облыста 305 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Бұл – өңір халықының 42 пайызына тең көрсеткіш. Бұқаралық спортты дамытып, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау үшін жыл сайын жаңа спорт нысандары салынып жатыр, – деп атап өтті облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов.
фото - Қуан Сейіт
Сөйтіп екі аптаға созылған XXII Халықтық спорт ойындары да өз мәресіне жетті. Өңірдің аудан-қалаларынан жиыны 13 команда қатысқан дүбірлі доданың нәтижесінде Өскемен қаласының командасы І орынға ие болды. Оның ізін ала екінші орынға Ұлан ауданының командасы жайғасты. Ал үздік үштікті Күршім ауданының спортшылары түйіндеді.
Болашақ олмипиада чемпиондары осындай елішілік сайыстардан шығады. Нағыз мықтылар ауылда жүр. Оларды тәрбиелеп, үлкен аренаға алып шығу керек. Ол үшін аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстардан, яғни төменнен бастаған жөн. Бұл орайда Халықтық ойындардың алар орны ерекше. Нағыз бұқаралық сипаттағы спорт мерекесі ғой бұл. Біраз жылдық үзілістен кейін қайта қауышып, спортсүйер қауымды қуантып жатыр. Алдағы уақытта бұл ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері республикалық бәсекеде Шығыстың намысын қорғайды. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз, – деді спорт ардагері Оралбек Әділханов.