ШҚО-да 2,5 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды

8 Қыркүйек 2023, 11:38 923

Еліміздің шығысында тәртіп сақшылары ШҚО бойынша ҚР ҰҚКД-мен бірлесіп, сондай-ақ арнайы мақсаттағы жауынгерлерді тарта отырып, 2,5 тоннадан астам жабайы қарасораны өртеп жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

“Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және олар өздігінен өсетін орындарды анықтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының аумағын тікұшақпен ұшып өту жүзеге асырылды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде Зайсан ауданының аумағында биіктігі адам бойына жеткен, ұзындығы 5 шақырымнан асатын қарасора тұқымдас өсімдік плантациясы жойылды. Бұл өсімдіктен марихуана және гашиш сияқты есірткі әзірленеді.

“Қарасора – 2023” ЖПІШ негізгі мақсаттарының бірі – құрамында есірткі заттары бар өсімдіктердің жабайы және заңсыз өсірілген дақылдарын анықтау және жою. Есірткінің қайталама айналымына жол бермеу мақсатында тәркіленген есірткілерді өртеу акциясын полиция қызметкерлері комиссияның және жұртшылықтың қатысуымен үнемі өткізеді, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Алмаз Төкенов.

Жыл басынан бері өңірде 90-нан астам есірткі қылмысы мен құқық бұзушылықтар оның ішінде құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірудің 11 фактісі анықталды. Осы жылы заңсыз айналымнан 250 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 5,5 келі синтетикалық заттар тәркіленді.


Равиль Ашығали
Бөлісу: