ШҚО-да 230 келіден астам шаянды құжатсыз тасымалдаған азамат ұсталды

24 Қазан 2023, 12:17 632

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 230 келіден астам шаянды құжатсыз тасымалдаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, «Браконьер» ЖПІШ аясында рейдтік іс-шараларды өткізу барысында Бұқтырма су қоймасы учаскелерінің бірінің жағасында тиісті құжаттарсыз шаян тасымалдаған 44 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы ВАЗ-2121 автокөлігі тоқтатылған. Тексеру кезінде көлікте жалпы салмағы 230 келіден астам 10 қапқа жуық тірі шаян бар екені анықталды. Күршім ауданының инспекциясы залал сомасы шамамен 1 млн 452 мың теңге болғанын хабарлады.

Сотқа дейінгі тергеу барысында жауап алу кезінде көлік иесі шаянды бұрын белгісіз адамдардан сатып алғанын, содан кейін оларды көлікке тиеп, сату үшін облыс орталығына шығуды жоспарлағанын жеткізді.

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: