Шотландияның тәуелсіздік референдумы туралы білуімізге тиісті 6 мәлімет

18 Қыркүйек 2014, 11:23

Шотландия референдумы туралы

Шотландия тәуелсіздік референдумы туралы білу керек 6 мәлімет

 Jeff J Mitchell

Осы бейсенбі, 18 қыркүйек күні өтетін референдумда шотландықтар: «Шотландия тәуелсіз мемлекет болу керек пе?» деген сұраққа жауап береді. Егер де халықтың көпшілігі «иә» деп жауап берсе, Шотландия 2016 жылдың 24 наурызында тәуелсіздігін жариялайды. Егер «жоқ» деп жауап берсе, Шотландия Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия секілді Ұлыбритания құрамында қала береді.

Осы тақырып бойынша ұсынылып жатқан ақпарат көп, бірақ оның ағымынан шынайы түрде не болып жатқанын түсіну қиын. Неге шотландтықтар тәуелсіздікке ұмтылуда? Тәуелсіздік алған жағдайда салдары қандай болмақ?

1. Шотландия тәуелсіздігі үшін қозғалыс

Шотландия Ұлыбританиядан азат болуын қолдайтын қозғалыс халық арасында «Yes campaign» деген атаумен танымал. Қазақ оқырманы үшін қазіргі референдум шотландықтардың тәуелсіздік үшін болған ұлт-азаттық қозғалысының жалғасы ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ «Батыл жүрек» (Храброе сердце) фильмінде көрсетілген оқиғалар ел тарихының бір жағы ғана. Кейінгі уақытта Шотландия Британияға өз еркімен қосылды. Бір одақ ішінде өмір сүргенімен де, шотландтықтардың басым бөлігінде Ұлыбритания туралы скептикалық көзқарастар басым.

Шотландия тәуелсіздігін қолдаушы кішкентай бала. (Jeremy Sutton-Hibbert/Getty Images)    

Шотландияның қазіргі таңда тәуелсіздікке ұмтылысы Ұлыбританияның  басқа өңірлерінен идеологиялық айырмашылықтарына байланысты. Шотландия мемлекеті қалған өңірлерге қарағанда либералды келеді. Экономикалық жағдайының жақсырақ болуы мен идеологиялық айырмашылық шотланд саясаткерлерінің тәуелсіздікке ұмтылысын күшейте түсті. Ұзақ жылдар бойы Шотландия өзін-өзі басқаруды арттырып келді. Осының салдарынан Шотландия ұлттық партиясы пайда болды және алдағы сайлауларда жеңіске жете бастады. Бұның барлығы референдум басқа ұлттың қысымынан құтылу, не басқару формасын толық өзгерту үшін жасалып жатпағандығын көрсетеді. Егемендікті қолдаушылар Ұлыбритания монархынан да бас тартпайдығын айтады. Басты сұрақ: Шотландия аумағындағы барлық институттар мен қаржы реттеуді жергілікті билік қолына беру.

2. Тәуелсіздік үшін қозғалыс қалай басталды?

Абердиндағы Уильям Уоллестың мүсіні. (Axis 12002)

Англия королі Шотландияны 1296 жылы басқара бастайды. Бірақ Уильям Уоллестің қысқа мерзімді көтерілісі арқасында Шотландия 1314 жылы қайтадан тәуелсіздікке қол жеткізді. Ал 1603 жылы Шотландия королі VI Джеймс Англияның да монархы болып таққа отырады. Осылай екі ел арасындағы Уния пайда болған.  Бірақ мемлекеттер тәуелсіз болып қала берді. Монарх өлімінен кейін Уния ыдырап, екі ел XVIII ғасырға дейін жеке-жеке өмір сүрді. Саяси және экономикалық қиыншылықтарға байланысты Шотландия 1707 жылы Ұлыбритания құрамына енеді. «Yes campaign» құжаттарында тарихи оқиғаларға сілтеме жоқ екенін аңғару қиын емес. Себебі, елдің дербестігіне ұмтылыс тарихи әділеттілікті қайтаруға емес, қазіргі саяси келіспеушіліктерге көбірек байланысты. Атап өтетін нәрсе, Уильям Уоллес өзі уэльстік болған.

Қазіргі орталық биліктен бөлініп шығу себептері жақынырақ уақытпен тығыз байланысты. Жоғарыда айтылғандай, Шотландия қоғамы либералды құндылықтарға жақын келеді. Орталықтағы консервативті саясатқа қарсылық ретінде Шотландия либералды саясат жүргізуге талпынады. 1997 жылдан бері Парламенттің  (Шотландия парламенті) тек бір шақырылымында ғана консервативті партия басымдыққа ие болған. Соңғы екі онжылдық ішінде өзін-өзі басқаруда көбірек құзырет алған Шотландияның келесі қадамы тәуелсіздікке қол жеткізу. Ал 2011 жылдан бастап сепаратизм жайында мінберлерден ашық айтыла бастады. Сол кезеңде Шотландия ұлттық партиясы парламентте көпшілік дауысқа ие болып, референдум идеясын іске асыра бастады.

3. Тәуелсіздікке қарсы аргументтер

«Бірге жақсырақ» қолдаушыларының іс-шарасы. Andy Buchenon (AFP/Getty Images)

Осы оқиғаға қатысты материалдарды оқығанда шотландықтардың барлығы азаттық алуды қолдайды деген пікір қалыптасуы мүмкін. Алайда Шотландия қоғамында да референдумға қарсы көпшілік бар. Аталған көзқарасты қолдайтын қозғалыс «Better Together» (Бірге жақсырақ) деп аталады.  Бұл қозғалыс Шотландияның Ұлыбритания құрамында қалуын қолдайды. Тәуелсіздікке қарсы аргумент ретінде Шотландия экономикасының кіші көлемі мен әлсіздігі айтылады. Ұлыбритания экономикасымен тығыз байланыста болып, өзара байланыстардың үзілуі мемлекеттік бюджет пен халықтың хал-ахуалына кері әсер етеді. NIESR зерттеулері бойынша, егер де Шотландия тәуелсіздік алатын болса, мемлекеттік қарызы 143 млрд £ құрайды. Бұл жаңа пайда болған ел ЖІӨ-нің 80%-ын құрайды. Сонымен қатар қарсы тарап Шотландияның тәуелсіз мемлекет ретінде болашағы бұлыңғыр екендігін айтады. Ұлыбританиядан бөлінген кезде әскери қуаты азайып, басқа елдерге шекарадан өту қыншылықтары, бюджетке түсетін қаржы көлемі төмендейтіндігіне назар аудартады. Дэвид Кэмерон Ұлыбритания Орталық банкінен, мемлекеттік қордан Шотландияға бөлінетін субсидиялар тоқтайтындығын мәлімдеді. Экономикаға басты пайда әкелетін мұнай салдарынан тәуелсіз Шотландияның экономикасы шикізатқа тәуелді болуы мүмкін деген қауіп те бар. Бөлінуге қарсылар эмоциялық аргументтерді де келтіруде. Бір ұлт болып ортақ үйді – Ұлыбританияны, 307 жылдық тарихы бар Унияны сақтауға ұмтылу керек. Шотландияның Еуропалық Одақ, НАТО және басқа да халықаралық ұйымдарға мүшелік ету сынды проблемалар туындайды деп ескертуде.

4. Шотландия тәуелсіздігі жайында жұлдыздар ойлары?

Әртіс Алан Камминг Глазгодағы тәуелсіздікті қолдау іс-шарасында. (Jeremy Sutton-Hibbert Images)

Танымал тұлғалар өкілдері екі жақта да бар. Тәуелсіздікті Джеймс Бонд рөлін сомдаған Шон Коннери қолдап шықты. Сонымен қатар Джерард Батлер, Алан Камминг, Робби Колтране секілді әртістер Шотландияның Ұлыбритания құрамынан шығуын қолдайды.

Шотландия дербес мемлекет болуын қолдамайтындар қатарында «Гарри Поттер» авторы – Джоан Роулинг, футбол жаттықтырушысы – Сэр Алекс Фергюсон, әртістер – Сузанна Бойле, Эмма Томпсон бар.

5. Тәуелсіздік референдумы қалай өтеді?

Тәуелсіздікті жақтаушылар. (Jeff J Mitchell/Getty Image)

Алдын ала зерттеулер бойынша халықтың басым бөлігі тәуелсіздікке «жоқ» деп жауап берген. 2014 жылдың тамыз айындағы сауалнама бойынша халықтың 61%-ы Шотландияның бөлінуіне қарсы болған. Бірақ 7-ші қыркүйек күнінен кейін жағдай өзгере бастады. Тәуелсіздікті қолдаушылар үлесі 51%-ды құрады. «Yes campaign» қолдаушыларының артуы Шотландияның бірінші министрі Алекс Салмондтың теле-дебаттардағы сөздеріне байланысты болды. Көпшіліктің пікірінше сол пікірсайыс нәтижесінде Алекс Салмонд жеңіп шықты.

Референдумға Шотландияда тұратын Еуропалық Одақ және Британдық ұлттар қауымдастығына (Commonwealth) кіретін мемлекет азаматтары қатыса алады. Бірақ шетел мен Ұлыбританияның басқа бөлігінде тұратын шотландықтар дауыс бере алмайды. Дауыс беру құқығы 16 жасқа дейін төмендетілді. Себебі, 18-ші қыркүйекте өтетін халықтың пікір білдіруі, келер ғасырда екі ұлттың болашағын анықтайтын оқиға. Шотландияның болашақтағы даму тағдыры шешіліп жатқан референдум.  

6. Шотландия тәуелсіздік алса не болады?

Шотландия туындағы фунт тиындары. (Jeff J Mitchell/Getty Image)

Референдум қорытындысы бойынша халықтың басым бөлігі тәуелсіздікке дауыс берсе, келіссөздер кезеңі басталады. Мемлекет бірден тәуелсіз болып кетпейді. Ұлыбритания мен Шотландия арасындағы шешілуі керек маңызды мәселелер тізімі: Ұлыбритания мемлекеттік қарызының қанша бөлігіне Шотландия жауапты болады; жаңа мемлекет қандай ақшаны пайдаланады, фунт стерлингі ортақ ақша болып қала бере ме; Шотландияның Еуропалық Одақтағы мүшелігі; Глазгодағы ядролық қарулардың Шотландия аумағынан шығарылуы; Шотландия мен Англия арасындағы шекара мәселесі; азаматтық мәселесі. Бұл техникалық сұрақтар, одан бөлек жаңа тәуелсіз мемлекет салық жүйесін, әлеуметтік қорғау жүйесін, миграция, қорғаныс жүйелерін жаңадан жасақтау керек болады. Сонымен қатар жеке мемлекет ретінде экономикалық өсімді сақтап отыру маңызды болмақ.

 

Бөлісу: