Шортандылық шебер Өзбекстанда өткен халықаралық қолданбалы өнер фестивалінің қазылар алқасын таң қалдырды

18 Қыркүйек 2019, 15:11 6314

Өзбекстанның шығысында орналасқан Қоқанд қаласында «Хунарманд» атты халықтық қолданбалы өнердің бірінші халықаралық фестивалі өтті. 


Қоқанд күні кеше Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енген қаланың бірі болып табылады.


Қоқанд қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін бұл фестиваль үлкен мерекеге айналды. Ән де, би де осында, көздің жауын алатын сауда қатарлары да сап түзеген.


Худоёрхон резиденциясының аумағында көрсең көз тоймайтын тауарлар орын алған: жиырма жылдан артық киюге болатын саптама етіктер, табиғаттың баға жетпес сыйы – үйеңкі тамырынан ойылып жасалған бірегей үстелше, он саусағынан өнер тамған тігіншілердің бұйымдары.


Тұңғыш халықаралық фестиваль Худоёрхон резиденциясының аумағында өткізілуде. Бұл аумақ шартты түрде 13 қалашыққа бөлінген екен.


Ауқымды деңгейдегі көрмеде әлемнің 78 елінен 1200 қолөнерші жасаған бірегей зергерлік бұйымдар мен киімдер самсап тұр.  ЮНЕСКО қолдауымен өткізіліп жатқан фестивальде тұтастай алғанда 34 қолданбалы өнер түрі бойынша бұйымдар мен мыңдаған жауһарлар ұсынылды.


Осынау ерекше іс-шараның ашылу салтанатына Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің өзі қатысты. 


Президент өз сөзінде халықаралық фестивальді өткізу арқылы ұлттық мәдениетті дамыту маңыздылығына назар аударды. Өзбекстанның Мемлекет басшысы қонақтарды бірегей мерекемен шын жүректен құттықтап, қолөнер көрмесін аралап шықты. 


Сонымен қатар Өзбекстан Президенті республиканың ұлттық мәдениетіне назар аударғаны үшін шетелдік қонақтарға ризашылығын білдірді.


Шавкат Мирзиёев құттықтау сөзінде: «Әрбір халықтың қолданбалы өнері жалпы адамзаттық мәдениеттің ажырамас бөлігі бола тұра, сол елдің менталитеті мен құндылықтарын қалыптастыруда ерекше орын алады. Шынымен, қолөнердің пайда болуы өркениетке бастаған маңызды тарихи қадам болды»,- деп атап өтті. 


Президенттің пікірі бойынша, Қоқанд қаласындағы фестиваль тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің шеберлері үшін нағыз мейрамға айналды. Бұл ретте Шавкат Мирзиёев: «Аталған ауқымды іс-шара мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастыққа ықпал ететін болады»,- деп қосымша мәлімдеді.


Дүниежүзілік шеберлер кеңесі осындай кездесулерді екі жылда бір рет өткізіп тұруды ұсынды. Бұл – бірегей ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа берілуінің кепілі. Осындай фестивальде міндетті түрде шеберлік кластары өткізіліп, соның барысында тәжірибесі бар қолөнершілер өз білімдері және ісіндегі құпиясымен бөліседі.


Бұл ретте атап өтетін мәселе, атаулы іс-шараға ресми тұлғалар мен шетелдік меймандар да қатысты. 


Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды да бұл көрмеге қызығушылық танытты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі фестивальге бұйымдарын әкелген қазақстандық қолөнершілердің стендтерін аралап шықты. 


Отандық қолөнершілер бірқатар халықтық қолданбалы өнер туындыларын паш етті. Оның ішінде әртүрлі картиналар, ұлттық аспаптар, қазақ оюымен бедерленген киім мен кестелер, күмістен жасалған зергерлік бұйымдары, ағаш және былғарыдан әзірленген ыдыстар және т.б.


Ал Қазақстаннан осы ауқымды іс-шараға 18 қолөнер шебері, Астаналық қолөнершілер альянсының ұлттық киімдер жөніндегі дизайнерлері де белсене ат салысқан.


Қазақтың ұлттық киімінің сән дизайнерлері Әсел Өмірбекова, Ләззат Исаханова, Анаргүл Нұрботанова "Дефиле-шоу" барысында "шашу" бағдарламасын, ал қазақтың батыр жігіті Тимур Спатаев өзінің күш-қуатымен жиналған қауымды тамсандырған. 

15 қыркүйекте ауқымды әрі дүбірлі мерекенің салтанатты жабылу рәсімі өткізілді. Оның барысында фестиваль жеңімпаздары марапатталып, өзбек эстрадасының жұлдыздары мен халықтық орындаушылардың қатысуымен концерт болды.

Әділқазылар алқасының шешімімен "Үздік шебер" атағына біздің жерлесіміз, Шортанды ауылының тұрғыны, Бектас Кәрім лайық деп танылып, жеңімпаз Дипломымен қатар 2500 АҚШ долларының ақшалай сертификаты да табысталды. 


Қазақстандық шебер Бектас Кәрім Шортанды аудандық Мәдениет үйінде жұмыс істейді. Оның сүйікті ісі – жануарлардың сүйектерінен мүсіндер ойып жасау.


Халықтық қолданбалы өнердің бірінші халықаралық фестивалі аясында халықтық серуен ұйымдастырылып, қуыршақ театрлары, фольклорлық ұжымдар, даршылар өнер көрсетті.


Бұған қоса, қолөнершілер бұйымдарының көрмесі аясында «Қолөнерді және халықтық қолданбалы өнерді дамыту келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Атап өтетін жайт, Халықтық қолданбалы өнердің бірінші халықаралық фестивалінің алдында бір апта бұрын Қоқанд қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізілген.


Аталған Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бастап қалыптастырылып келеді. Оның құрамында бүгінгі таңда 30 қала бар.


Ферғана алқабында орналасқан Қоқанд қаласы X ғасырдан бастап әртүрлі атаулармен белгілі болған. XVIII ғасырда хандықтың астанасы атанған Қоқанд қаласы өркендей бастайды. Осы қаланың ежелгі бөлігінде зергерлік бұйымдарды әзірлеу цехтары, тігін және қыш-құмыра кәсіпшілігіне арналған цехтар күні бүгінге дейін сақталған. Тұрғындар арасында аса қызығушылық тудыратын орын – «пичокчи» мектебі (пышақтар жасайтын мектеп). 


Салтанатты іс-шара Өзбекстандық өнер майталмандары мен жас орындаушылардың концерттік бағдарламасымен тәмамдалды. Соңында әсерлі отшашу да болды.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Әсем Жұмабекова
Бөлісу: