Шорт-тректен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан тағы екі медаль алды

7 Қараша 2022, 11:19 1380

Шорт-тректен АҚШ-тың Солт Лейк Сити қаласында өткен әлем кубогі кезеңі қазақстандықтар үшін сәтті болды, деп хабарлайды El.kz.

Жарыстың екінші күні тағы екі қазақстандық медальға ілікті.

Ұлттық құрамадағы тәжірибелі спортшылардың бірі Денис Никиша 500 метр қашықтықта мәре сызығын екінші болып қиды. Денистің көрсеткіші – 40.675. Сөйтіп ол күміс медальға ие болды.

Сондай-ақ Әділ Ғалиахметов 1 мың метр қашықтықта 1.25:325 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды. Бұл – Орал шорт-трегінің түлегі, қазір Ақтөбе облысы атынан сынға түсіп жүрген Әділдің әлем кубогі кезеңіндегі екінші медалі. Өткен жылы Бейжіңде 1500 метрде күміс жүлдені еншілеген болатын.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем кубогінің биылғы екінші кезеңінде үш медаль алды. Алғашқы күні Абзал Әжіғалиев 500 метрден күміс жүлдегер атанды.

Бөлісу: