Шөп те, су да аз: Шаруалардың жағдайы биыл да мәз емес

24 Шілде 2023, 13:08 1736

«Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз», – дейді Қазыбек би. Халқымыз әлимсақтан бері алдына салып баққан төрт түлік малымен күн көріп келді. Мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын, терісі – киім болды. Ғасырлар бойы дәстүрлі мәдениеті қалыптасып, биік өркениет жаратты. Бүгінгі таңда мал шаруашылығының жай-күйі қандай? Ауылдағы алдына бес-алты қарасын салып бағып отырған халықтың тұрмыс-тіршілігі не болып жатыр? «Мал баққандыкі» дейді қазақ. Мал баққан елдің жан бағуы қиын ба? Малдың шөбін, жем-суын әзірлеу оңайға түспесі анық. Шаруалардың төккен тері ақталып жатыр ма? Көкейде жүрген осы сұрақтардың жауабын алу үшін El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылына барды. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен, зейнеткер Қасқырбай Шайманұлы өз тажирибесімен бөлісіп, мал өсірудің жай-жапсарын баяндап берді.

Мал бағу жылдан жылға қиындап барады. Оның жем-шөбіне кеткен шығынды малың сатылғанда әрең ақтайды. Биыл бір телешкі шөптің (2 тонна) бағасы 150000 теңге болып тұр. 20 килограммдық бір байлам шөп 1000-1500 теңгеден сатылып жатыр. Күннің ыстығы, Нұра өзеніне су шықпауының салдарынан шөп аз шыққанын зейнеткер тілге тиек етті.

Қазір егістігі бар, мыңғыртып мал ұстайтын шаруа қожалығында ғана пайда қалды. Ал үйдегі бірлі-жарым малды асырап, оны семіртіп сатудан пайда өте аз. Еңбегіңді ақтамайды. Малдың астын тазарту, үш уақыт тамағын беру, тағы қаншама жұмысыңның жемісін көрмейсің. Біздің орталық өңір Ақмола, Қостанай аймақтарында қар көп түспей, боран соқпай жылы қыстың болғаны – қуаншылықтың келгені. Биыл қыстың соңында жауған қар ғана қуаншылықтан сақтап қалды. Ол қар жаумағанда біздің жағдайымыз нашарлау болатын еді. Қазақтың ертеден келе жатқан жыл санаулы бойынша биыл ақ қоян жылы. Ақ қоян жылының Құдай қайырын берсін! Үлкен кісілердің айтуынша бұл жылдың жақсы, елге жайлы, жұмсақ болғанын мен естіген жоқпын. Ақ қоян жылынан өту үшін шаруа қожалықтары, бірлі-жарым мал ұстаған адамдар болсын осы бастан шөбін, жемін қамдай берсін. Ал біздің қазақтар қазан айына таяғанда көмір алып, қарашада жем іздеп, ұзын арқан кең тұсауға үйреніп қалды. Ал бұл жалқаулық талай рет маңдайымызды тасқа тигізді, - дейді шаруа.

Ұзақ жылдар мал бағудың қыр-сырын қанық меңгерген Қасқырбай Шайманұлы қыстың қамын жаз ойлайды. Ерте бастан қорасына пішен жинап, алдағы қоян жылының қамына кірісіп жатыр екен. Зейнеткердің жылы, жайлы, кең қора-жайын көрген адам тажирибелі малшы екенін бірден түсінеді.

Далада тебіндейтін жылқының өзі қатты қыста қолға келеді. Бірақ сенің шөбің жоқ болса қыста ол екі есе қымбаттайды. Мал ұстаған адам ерте қамдануы керек. Жұт пен қуаншылық айналып соғып тұрады. Оған дайын болуымыз керек. Биыл шөп те, су да аз болды. Шөп енді-енді жетіліп, бой көтеріп келе жатқанда сарғайып кетті. Шөп шабатындар күтеміз деп жүргенде ыстыққа ұрынды. Сарғайған шөптің нәрі аз болады. Атам заманнан бері өмір сүріп келе жатқан қазақты мен малсыз елестете алмаймын. Мұнаймен, газбен осы қазақ күн көріп кетеді дегенге сенбеймін. Біздің қалай болса да үйімізде 10-15 тұяқ қой-ешкіміз, 2-3 қара сиыр, жылқымыз болса сонымен жан сақтап шығатын халықпыз. Әрине, қалалық өмірге үйреніп кеттік. Бірақ ауылдық жерде қаймақ жеп, айран ішіп, жағдайың болса қымыз ішіп бетке қызыл жүгірткенге не жетсін?! Бірақ оған халықтың жағдайы осы, көріп отырмыз.., - дейді Қасқырбай Шайманұлы.

Көпті көрген зейнеткер халықтың тұрмысы күн өткен сайын кейін кетіп бара жатқанына тоқталды. Оған мысал ретінде соңғы 5 жылдың өзінде зат бағасы екі есеге таяу қымбаттағанын, бірақ зейнеткерлер сол баяғы зейнетақыны алатынын келтірді. Бұл – халықтың күн көрісінің нашарлап бара жатқаны. Кеше екі қасық май жеген ел бүгін бір қасық май жейді деген сөз.

Қабанбай ауылы – Астананың маңайындағы, 50 шақырым көлемінде шаруашылығы, халық саны жағынан алдыңғы үштікте тұрған ауыл. Арыға бармай-ақ қояйық, бертінде сиырдың өзінен 3-4 табыннан бүгінгі таңда жарты-ақ табын қалған. Бұрын өріске 1000 бас шығатын болса қазір 200-ақ бас шығады. Жеке мал ұстаушылардың саны азайған.

Қасқырбай Шайманұлы бұрынғы Торғай обылысы Амангелді ауылында туған. Қаршадайынан атасының қолында өскен.

17 жасыма дейін Арқалықтан ұзап шығып көрмегем. Осы жақта (Целиноградта) жамағайын апам тұрушы еді, сол кісіні сағалап осында оқуға келдім. Бес жыл оқыдым. Бес жылда бір-ақ мұғалім қазақша сөйледі. «Мал азығын даярлау» деген пәннен беретін Бекболатов деген кісі еді. Тілім жетпей тұрғанда «қазақша айта берші, сендер Торғай жақта мал азығын қалай даярлайсыңдар?» деп еді. Басқа мұғалімдердің аузынан қазақ тілін естіген жоқпын, - деп қазақ тілінің кеудесі басылған Кеңес заманын да еске алып өтті.

Зейнеткердің атасы өз өңіріне белгілі, аты шыққан аңшы болған. Баласының есімін де сондай бір салбурыннан келгенде қойыпты.

Әкем әйдік аңшы болған. Қасқыр, күзен аулаған. Аңшының ішінде кімді сыйлайсың деген сұрақ туса қасқыр мен күзенді құрықпен, қақпанмен аулаған аңшыны ғана сыйлаймын дер едім. Ал жүйрік шанаға мініп алып, қолындағы бесатармен қыра беретіндер мен үшін сыйсыз адамдар. Мен туғанда қасқырлар күшіктеп, бауырын көтеріп жатқан сегізінші маусым екен. Әкем жылда көктемде бір жетідей қасқырға кетеді, орнына басқа адам мал бағады. Мен туған жылы 24 қасқыр әкеліпті. Екі үйірлі қасқыр, 20 күшігімен. Іннен күшіктерін қазып алғанда қыр басында арлан мен өлекшін қарап тұрады екен. Жүйрік атымен аңдып отырады. Екеуі жақындағанда қуып жетіп соғып алады екен. Егер сол 20 күшіктің біреуін ауылға тірі әкелсең ізімен қуып келіп қасқыр қойыңды қырып кетеді. Сойып тастап кеткен күшігін қасқырдың өзі жеп қояды. Терінің ізімен келмейді, тірі алып кетсең құтқармайды. Баласының көңілін қимай алып келген талай аңшы ауылының малын қырғызып алды, - дейді көпті көрген зейнеткер.

47 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келе жатқан зейнеткер қазір Қабанбай батыр ауылында малын бағып, тіршілгін жасап отыр. Шай үстінде өмірлік қосағымен жарасымды әзілдесіп, жан-жағындағы қауымды думанға бөлеп жүреді.

«Ауыл-шаруашылығында бес-алты мамандық бар. Соның ішінде абырой алып бермейтін, төсіңе медаль тақпайтын, маңдайыңнан сипамайтын нағыз маман – мына мен», дейді. Бірақ өткен күнге өкпе артпайды. Құдайдың берген нығыметіне шүкір деп отырған зейнеткердің ендігі бар арманы – ел еңсесінің биік болғаны.

Қазір үкімет мал ұстаған адамға субсидия беріп жатыр. Оны әркім әртүрлі жолмен алады. Өзінің 1-2 мың гектар жері бар, шабындығы мен егінін қамдай алатын қожалықтар алға озып кетіп жатыр. Ал баяғыдай он-жирма тұяқ малды үй жанында ұстаймын деген заман қалды. Комбайннің астында қалған қалдықтардың тоннасы 100 мыңнан түсіп көрген жоқ. Орта шаруаларға бір қыста 3 тоннадай жем керек, ол 300 мың. 20 тоннадай шөп қажет. Қатты боран болып қыстың аяғы созылса ол да жетпейді. Бір жақсысы Қабанбай батыр қаланың түбіндегі ауыл болғандықтан жол жабылып көрген жоқ. Шөп үзілмейді. Қазақ «сиырды бауырдан, жылқыны сауырдан» дейді. Жылқының сауыры тоңса жүдейді. Ал сиыр малы жатқанда сыз жерге жатса азады. Сиырдың астындағы төсеніш жапасымен, күнделікті шашқан шөбіменен асты биіктеген сайын далада жата береді. Терлеп келген ат аязда далада тұрса өліп қалады, оның үстін жабулау керек. Қазақтың ертеден келе жатқан ғұрыптарымен өмір сүрсек аштан өліп, көштен қалмаймыз. Қаншалық технологияға сүйенсек те байырғы қазақтай ешкім мал семірте алмайды, - дейді шаруа.

Малды да тілін білетін адам баға алады. Құт болып әркімге жұға бермейді. Төрт түлікті тек пайда үшін асырап, оның обал-сауабына қарамайтын қатігездіктің түбі адамның бағын тайдырады. Малдың иесін шошындырады. Зейнеткер керімсал далада жайылған, шөпті таңдап жеп семірген малға ештеңе жетпейді деп тамсана айтып отырады.

Біздің Торғайда мал сыртта жүріп, қалаған шөбін таңдап жеп семіреді. Ол малдың етін қолдан семірген мал етімен салыстыра алмайсың. Торғай, Ерейментау сияқты өңірлердің жері жақсы, ықтасын төбе-төбешік көп. Астананың маңындағы ондай жердің бәрін қазіп, қопарып тастады. Сондықтан қолға ғана семіреді. Оның өзінде сатуға болса екі айдан кем семіртпейсің. Сонда ғана бойына ет алып, жілігіне май жиналады. Европадан Солтүстік Қазақстанға 5000 доллардан сиырлар әкелген. Бәрі тегіс қырылып қалды. Мына Арқаның аязына қазақы таза қанды малды ғана ұстау керек. «Сиырдың сүті тілінде» дегендей бәрі тамаққа байланысты. Оңтүстіктің жүгері мен жем жеген сиыры мен солтүстіктегі күн түспейтін жайқалған орманның арасында жайындай болып жүрген сиыр ұқсамайды. Солтүстіктің сиырын ыстық жаққа апарсаң, әрине, өліп қалады. Басқа өңірден мал әкеліп асыраймын деген адам бұзауынан, құлынынан бастап бағуы керек.

Бұл – өмірлік қортқан тағылым, тажирибе. Мал бағуды алдына шөп тастау деп білетін адам ешқашан өсіре алмайды. Мал шаруашылығымен шұғылданған қаншама халықтың еңбегі еш, тұзы сор болып жүр. Еліміз ауыл шаруашылығын дамытса экономикасының үлкен тірегі болатыны жиі айтылып-ақ келеді. Оны жандандыру үшін ауылдағы осындай қарапайым тұрғындардың еңбегін, төккен терін бағалап, қадіріне жете білу керек.

Қазір Қасқырбай Шайманұлы алты-жеті бие ұстайды. Аталары сияқты көктем шыға бие байлап, қымыз ішпесе орнында тыпыршып отыра алмайды.

Зейнеткер біздің көшпелі өмір салтынан күннен күнге алыстап бара жатқанымызға налиды. Қазіргі жастар етті тұздап кептіруді, май шайқап қарынға салуды, тезек теріп келіп шай қайнатуды, қойдың қиын оюды қайдан білісін, ол өмір алыстап барады дейді. Егер мына заманның жарығы, суы, жылуы бір мезетте тоқтап қалса қалай күн көрер екен деген сауал жиі ойландырады.

Шай үстінде зейнеткердің жездесі Мұхаммед Оспанов келіп қалды. Ол кісі ұзақ жылдан бері құс шаруашылығымен айналысып келеді екен. Біздің қолқалап сұрауымызбен өзінің жинаған тажирбесімен бөлісуді теріс көрмеді.

Қазды көп ұстадым. Биылдың өзінде 2000 қаз сатқан шығармын. Екі-үш жыл бұрын қаздың балапанын өзіміз шығаратынбыз. Қазір Башқұртстаннан сәуірден бастап бір жолда 7-8 мың балапан әкеледі. Содан аламыз. Қаздың балапаны 2,5-3 күнге дейін су сұрамайды. Шыққан күнінен бастап үш күн бойы жүре береді. Бір рет су ішкеннен кейін ары қарай іздей бастайды. Алғашқы он бес күнде аяғынан тұрып алғанша жақсы күтім керек. Қаз бағу шөбің болса қиындығы жоқ. Мал жейтін көк шөпті алып келем. Мал шөптен қырқынды қалтырады. Ал қаз қалтырмайды, шөбін баспай шетінен үзіп жей береді. Кейбір адамдар шөп бермей жем, тағы басқалармен өсіреді. Бірақ оның дәмі шөп жеген қаздай болмайды. Шөп жеген қаздың еті тығыз болады, жылқының етін жеп отырғандай боласың. Шөптің иісі бәрібір дәмінен аңқып шығып тұрады. 2000 теңгеден алған балапанды 4-5 айда 15 мыңға сата аласыз. Жұбайым екеуміз бір кеште 15 қазды сойып, үйтіп, аппақ қып даярлап қоямыз. Тұтынушылар өздері келіп алып кетеді. Жүнін бөлек жинаймыз. Он қаздікі 5000 теңге болады. Қаздың бауыры қарға тисе ішіндегі шықпаған жүн шығады. Ол шықпай сою қиын. Қаз тамыздан ары қарай көп салмақ қоспайды. Ата қаздар 10 килограмм ет береді. Оның салмағы енді нәсіліне де байланысты. Ал үйректі 55 күн ұстайсың. 56-ыншы күннен бастап соя бастайсың. Үйрекке қарағанда қаз таза болады.

Иә, мал бағу оңай тірлік емес екені белгілі. Еліміздің ауыл шаруашылығын қаншама қарапайым тұрғындар өркендетіп, туын жықпай ұстап тұр. Ауыл шаруашылығының күйреуі – біз үшін бір өркениеттің жер бетінен жойылуымен тең. Сондықтан төрт түліктің соңында жүрген әр адамның еңбегі ерен. Бозала таңнан қара түнге дейін тыным таппайтын еңбегінің өнбегін көрсе екен дейміз!

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: