Шолпан-Атада ОА елдері СІМ басшыларының кездесуі өтті

20 Шілде 2022, 23:59 1961

СІМ басшылары саммиттің күн тәртібі мен қорытынды құжаттарының жобаларын жан-жақты қарастырды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты, деп хабарлайды EL.KZ.

СІМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан СІМ басшылары мен Түрікменстанның Қырғызстандағы елшісі қатысты.

Қатысушылар ағымдағы жылғы 21 шілдеде Шолпан-Ата қаласында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы төртінші Консультативтік кездесуіне дайындық барысын талқылады. СІМ басшылары саммиттің күн тәртібі мен қорытынды құжаттарының жобаларын жан-жақты қарастырды. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, көлік, гуманитарлық салалардағы өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың жай-күйі мен перспективалары және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз сөзінде Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық өзара іс-қимылы соңғы жылдары сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін және бесжақты қатынастарда серпіліс жасалғанын атап өтті. 

Қазақстан Орталық Азияның тұрақты дамуына, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға одан әрі үлес қосуға ниетті, - деді ҚР СІМ басшысы.

Кездесуге қатысушылар қырғыз тарапына іс-шараны сапалы ұйымдастырғаны және Қырғызстанның өңірлік интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс білдірді.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші Консультативтік кездесуі 2018 жылғы наурызда Нұр-Сұлтан қаласында (Қазақстан), екіншісі - 2019 жылғы қарашада Ташкент қаласында (Өзбекстан), үшіншісі - 2021 жылғы тамызда Түрікменбашы қаласында (Түрікменстан) өтті.

EL.KZ
Бөлісу: