Шымкентте меринос қой жүнінен сәнді киімдер шығарылады

24 Желтоқсан 2016, 18:10 6372

Іскер әйелдер кеңесі 

Шымкент индустриалды аймағында ашылған «Өнер.kz» шағын кәсіпорны меринос қой жүнінен сәнді киімдер тоқып шығарады. Киімнің, аксессуарлар мен бижутериялардың киізден жасалған сәнді жаңа нақыштары ұмыт қалған көненің жаңғыруы десек те болады.

Шымкентте өткен іскер әйелдердің аймақтық ІІ бизнес-форумында «Өнер.kz» шағын кәсіпорнының өнімдері таныстырылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған айтулы шараға 300-ге жуық бизнесмен қыз-келіншек арнайы шақырылған.

Жылдың қорытынды басқосуына арулар, әдеттегідей, құр қол келмепті. Ісмерлердің бірқатары тындырымды тірлігінің өнімдері мен жемісін көрмеге қойған. Олардың бірі – Шымкент индустриалды аймағында ашылған «Өнер.kz» шағын кәсіпорнының өнімдері. Кәсіпкер Ғалия Исабекова меринос қой жүнінен бас киім, жейделер мен камзол, аяқ киім, әшекейлер жасауды қолға алған.

«Киіз таза табиғи өнім ретінде адам денсаулығына зиян тигізбейді. Сәндік үшін киізді табиғи бояулармен бояп әсемдеген. Киіз – қазақ халқының бренді. Қазіргі таңда оны заманауи технологиялармен өңдеп дизайнерлік заттарға қолдануда» дейді Ғ. Исабекова.

Араларында аграрлы өңірдің негізгі өнімдерінің бірі – мақта-мата кластерін дамытуды қолға алғаны да бар. 120 ісмердің басын қосқан кеңес төрайымы қорытынды жиында экономиканың өркендеуіне үлес қосу үшін әйелдер 5 түрлі мәселені шешуде қолдау күтетінін нақтылады.

«Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында қалыпты түрде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 175 мыңды құрайды, – деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы. – Ал сол кәсіпорындардың 30 пайыздан астамын нәзік жандылар басқаруда. Аталған көрсеткіш бүгінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметімен айналысуға деген белсенділігін көрсетеді.

Айта кетейік, биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ОҚО-да 18 кәсіпкер әйел 39,5 миллион теңге көлемінде грант иеленіпті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш. Биылдың өзінде «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 386 кәсіпкер әйелге 1 миллиард 23 миллион теңге көлемінде несие беріпті. Сондай-ақ, өңірдегі «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалы барлық аудан-қалаларда жұмыс жүргізуде. Мұнда ісін жаңа бастағалы отырған кәсіпкерлер өз біліктілігін арттырып қана қоймай, бизнесті жүргізудің жаңа тәсілдерін үйрене меңгере алады. Осы орталықтарда оқыған тыңдаушылардың 40 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Облыс әкімімен емен-жарқын әңгіме барысында нәзік жанды кәсіпкерлер өткендеріне көз жүгіртіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Кездесу соңында өңір басшысы кәсіпкер қыз-келіншектерді жаңа жыл  мерекесімен құттықтап, бірқатар номинациялар бойынша сыйлықтар тапсырды.

Ая Өміртай
Бөлісу: