Шығыстан шыққан ағайындылар

12 Қыркүйек 2018, 15:39 12894

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары жаңа марапатқа ие болды

ШҚО білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев пен ШҚО əкімі Даниал Ахметов бір үйден шыққан екі ағайынды, өткен жылғы «100 жаңа есім» жобасының  жеңімпаздары, ғалым, полиглот, аудармашы, докторант Қуаныш Жұмабекті «Білім беру саласының үздігі», ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, докторант Ержан Жұмабекті «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Қос сыйлық иегерімен тілдесудің сәті түскен еді.

– Ержан, марапатыңыз құтты болсын, бұл төсбелгінің жауапкершілігі жоғары шығар?

– Рақмет! Өте жоғары.

Сіздің шығармашылыңыз жайлы сөз қозғасақ, мәдениет саласында жүруіңіз поэзияның арқасы ма? Өлеңге қалай келіп едіңіз?  

– Поэзияға әкелген фольклор деуге болады. Біз ән мен жырға құмартып өстік. Бала кезімізде ата-анамыз  ұйықтар алдында ертегі, жыр-дастандарды айтып, халық ауыз әдебиетімен сусындатып өсірді. 4-5 жасқа келгенімізде  әкеміз домбыра тартуды үйретті. Ауылда атқа мініп, өзенге түсіп ер жеттік. Соның бәрі өлең өлкесіне келуіме өз әсерін тигізді. Жалпы, кішкентайымнан әке-шешем жайлы, үйдегі төрт-түлікке арнап ұйқастырып бірнәрселер айтып жүретінмін. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында Абай атындағы орта мектеп-лицейінде 7 сынып оқып жүргенімде, Серік Жексенбаев деген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сыныпқа кіріп, «кім домбыра шертеді, өлең жазады?» – деп сұрады. Шалқар Сембаев деген бала екеуіміз қол көтердік. «Онда ертең еркін тақырыпта өлең жазып әкеліңдер», – деді ағамыз. Бір күн өткесін мен екі бет қып жазып бардым. Шалқар бір шумақ бірнәрсені шимайлап әкепті. Сөйтіп, өлеңім де, домбырада ойнауым да жақсы болса керек, мені таңдап алып, Үржар ауданы бойынша өтетін оқушылар айтысына қатысатынымды және өзі дайындайтынын айтты. Сол жыр сайысына қатысып, бас жүлдені иелендім. Келесі жылы тағы да бас жүлде алдым. Кейіннен облыстық, республикалық айтыстарда бақ сынап, талай рет жүлделі орындар алдым. Ал,  поэзияға келуіме аталмыш мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Серікбек Туғанов деген азамат себепші болды. Қаламды он үш жасымнан қолыма алдым деуге болады.

– Ақын ретінде айтыңызшы, бара алмай жүрген тақырыбыңыз бар ма?

– Ондай тақырып жоқ.

– Өлең сізге не берді?

– Италияндық ақын,  Эудженио Монтале Нобель сыйлығын алғанда, «мен бұл жерге өлең жазғанымның арқасында келдім», –деген екен. Мен өлең мен өмірді бөліп қарай алмаймын. Осы күнге дейінгі жеткен жетістіктерім мен болашақта алатын асуларымның бәрі өлең жазғанымның арқасы деп білем.

– «Қазіргі ақындарға өткірлік жетіспейді» деген пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

– Бұл пікірмен мүлде келіспеймін! 
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды от боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған», – дейді, Қадыр Мырза Әлі. Әйтпесе, ақын ақын болар ма?!

Өнер жолында бірнеше сыйлық мен марапаттарыңыз бар. Жалпы, шын өнерпаздың бағасы сыйлықпен өлшене ме?

–Шын өнерпаздың бағасы сыйлықпен өлшенбейді. Дегенмен, шын дарынның көзі тірісінде бағаланғанына не жетсін?! Жалпы, қандай заман, қандай қоғам болса да,  ақын-жазушылардың, ғалымдардың мәртебесі биік болуы керек деп есептеймін.

Кітабыңыздың түрік тіліне аударылғанын білеміз. Бұл идея қайдан туындады?

– 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Шексіздік шұғыласы» атты кітабым Түркия Республикасында «Medeniyetin Burçları» ұйымының қолдауымен «Sonsuzluk Şûlesi» деген атпен Ыстамбұл қаласы, «Ezgi» баспасында басылып шықты. Оны түрік тіліне аударған інім Қуаныш. Мен ол жайында мүлде хабарсыз едім. Інімнің тосын сыйы болды. Өлеңдеріңді өзге ұлт қолдап, өздері кітап қып шығарып жатса, ақынға одан асқан бақыт бар ма?! Талантымен басқа елдерді де мойындатып жүрген алтын інімнің барына шүкір!

– Жалпы, түрік тілді оқырмандар қалай қабылдады?

– Түрік ағайындар мені арнайы шақыртып, Кайсери қаласында кітабымның тұсаукесерін жасап берді. Нақты айтсам, Түркияның білім саласындағы Али Дурсун, Забит Кекеч, Мустафа Акдениз сияқты азаматтар кештің өтуіне мұрындық болды. Түрік тілді оқырмандармен сұхбаттасып, өлең оқып, шығармашылық кешім өте жоғары деңгейде өтті. Сол елдегі қазақ бауырлар да қатысты. Кеш соңында келгендердің бәріне бір-бір кітаптан сыйлыққа бердік. Сөйтіп, Қазақстан мен Түркияның ортасындағы әдеби,  мәдени байланысқа сәл де болса өз үлесімді қостым.

– «100 жаңа есім» жобасы сіздің өміріңізге, шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы ұлт руханиятының жаңаша өркендеуіне жол ашты. Президент идеясының жүзеге асуына бәріміз  атсалысуымыз керек! Себебі, бағдарламаның орындалуына үкімет қана міндетті емес, біз де жауаптымыз. Сондықтан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кіріссек,  шын мәнінде рухани жаңғыра аламыз. Ал, туған інім Қуаныш екеуіміз бірдей «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары атанғанымыз өте үлкен қуаныш. Шығармашылығымызға тың серпіліс берді. Бізге  сенім артып, қолдаған халыққа алғысымыз шексіз. Болашақта осы атаққа сызат түсірмей, ел ертеңі үшін қолдан келгенше еңбек ете беруге сөз береміз.

– Елбасының «Жастар саясатын қолдау» жобасының жастарға тигізіп жатқан ықпалы қандай деп ойлайсыз?

– Қазір біреудің арманы үшін емес, өз арманың үшін жұмыс істей жүріп, ұлтқа қызмет етем десең ешкім,  «қой» демейді! Елбасы «жанам деген жастарға от, шабам деген жастарға ат» беріп отыр.  Мүмкіндікті пайдалана алмағандар өздерінен көрсін! Еңбек пен төзімге бас ұрғанның жолы әрқашан ашық болады!

– Әңгімеңізге рақмет, шалқар шабыт тілеймін!

– Қуаныш,  төсбелгіңіз құтты болсын, білім саласына сіңіріп жатқан еңбегіңіз еленіп жатыр. Әсеріңіз қандай?

– Рақмет! Ерекше әрине!

– Аудармашы, ғалым ретінде есіміңізбен таныспыз, сіз туралы 8 не 4 шет тілін меңгерген дегенді оқып жүрміз, өзіңізден естиікші, қанша шет тілін білесіз?

– Көп тілді білу - заман талабы. Мен нақты қанша тіл білетінімді санамаппын. Бірақ, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгергем деп айта алам. Одан бөлек, бірнеше түркі тілдес халықтардың тілдерін бір кісідей түсінем. Мысалы, қыпшақ тілдері тобына қазақ, ноғай, қарақалпақ,  татар,  башқұрт тілдері жатса, оғыз тілдері тобына түрік, әзербайжан, афшар, қырымлы, ғағауыз т.б. Ал, қарлұқ тілдері тобына өзбек, ұйғыр тілдері кіреді. Яғни, бір-біріне туыс тілдер болғандықтан, бір түркі халықтарының тілін үйренсеңіз, басқасын меңгеру оңайырақ болады.

Керемет. Ал қазақ аудиториясына әзірлеген ағылшын тіліндегі оқулығыңыз жалғасын таба ма?

– 2015 жылы Анкарадағы «Bizim Büro» баспасынан ағылшын тілінде «Let’s Learn to Speak English» атты кітабым жарық көрген. 3 бөлімнен тұратын кітаптың жаңалығы – ағылшын грамматикасын тек қазақ тілінде түсіндіретін алғашқы оқу құралы және қазақ ертегілерінің ағылшын тілінде ұсынылуы. Сонымен қатар, кітапта американдық ағылшын тілінің сөздігі де берілген. Кітап 300 бетке жуық. Еңбекті Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы UCTІ университетінде білім алып жүргенімде жазғанмын. Көп материалдарды Англиядан алдырып, пайдаландым. Ағылшынды енді үйренушілерден бастап, аdvanced деңгейіндегілерге де пайдасы зор кітаптың алып-қосары жоқ деп ойлаймын. Қазір көркем аудармаға назар аударып жүрмін. Қазақтың классикалық шығармаларын ағылшын, түрік т.б. тілдерде сөйлеткім келеді.

– Ол оқулықтың басқа аудармалардан ерекшелігі қандай?

– Ол кездегі ағылшын тілін оқытатын оқулықтардағы жер-су, адам аттары т.б. Англия не Америкаға қатысты еді. Бұл еңбекте барлығы Қазақстанға қатысты берілген. Сосын, бізде бұрыс етістіктің шамамен 150 түрін оқытса, мен 270-ке жуық түрін көрсеттім. 

– Аударма ісінде басты назарда нені ұстанасыз?

– Аударма деген өте қиын жұмыс. Түпнұсқа мағынасын жоғалтпай аудару негізгі талап! Көркем аударма жайлы айтайын. Мысалы, қазақ тілінен ағылшыншаға кейде бір күнде 10-15 бетті аударып тастасаң, кейде 1 фразеологизмнің мағынасына дөп түсу  үшін не басқа тілдегі соған ұқсас тұрақты сөз тіркесін табу үшін таңнан кешке дейін еңбектенесің.

– Қазір қандай кітапты аударып немесе жоспарлап жүрсіз?

– Жақында өмірлік серігім, ғалым, полиглот, аудармашы, докторант Самал Жұмабек екеуіміз бірігіп жазған п.ғ.д., профессор Жарқын Сүлейменованың алғы сөзімен «Тапқыр бала» деген қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі ертегілер жинағы мен «Қазақша-Ағылшынша сөздік» атты екі кітабымыз Семей қаласындағы «Zhardem» баспасынан 1 000 данамен жарық көрді. Ақын, жазушы Құл-Керім Елеместің «Шырағым-ай» кітабын ағылшын тіліне аудардым. Бұйыртса,  кітап «Өнер» баспасынан алдағы уақытта жарыққа шығады. Түрік драматургі Нежіп Фазыл Кысакүректің «Рейс мырза» атты кітабын қазақ тіліне аударғам. Ол Ыстамбұл қаласындағы «Ezgi» баспасынан жарық көрмек. Болашақта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» тарихи шығармасының ұлттық бояуын сақтай отырып, ағылшын тіліне аударуды армандаймын.

Іске сәт, ал сізше, қазақ әліпбиінің латынға көшірудің қаншалықты пайдасы бар?

– Кейбір жандар жаңа алфавитті меңгеру оңайға түспейді дейді. Бірақ бүгінгі 42 әріптен гөрі латын әліпбиіндегі 32 әріпті үйрену қиынға соқпас. Елбасы «балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – дейді. Яғни, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие екені айтпаса да түсінікті. Латын әліпбиіне көшудің ең үлкен пайдасы - қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтеріліп, ел боп қазіргі заман талабына сай өсіп-өркендеуімізге жол ашады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан «100 жаңа оқулық» туралы пікіріңізді біле кетсек, қазақ қоғамына қаншалықты әсер етпек?

– Бұл жобамен  Ұлттық аударма бюросы айналысып жатыр ғой. Осының аясында Джордж Ритцердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспесі» сияқты құнды еңбектер қазақ тіліне аударылып жатқаны қуантады. Әлемдік өркениет көшіне ілесу үшін студенттердің әртүрлі бағытта толыққанды білім алуын қолдау дұрыс нәрсе! Мұндай игі бастамалар өз жемісін міндетті түрде беру керек. Қазір Қазақстандағы аударма мектебінің дамып жатқаны анық. Сонымен қоса, болашақта өзіміздің де мықты-мықты ғалым-педагогтардың  оқулықтарын басқа тілдерге аударуымыз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

(Фотосуреттер Жұмабектер мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: