Шығыс табиғаты жайлы 5 аңыз

23 Тамыз 2017, 09:30 43461

Әр аңыздың астарында бір шындық бар

Табиғаты көркем, шұрайлы өңірдің бірі - Шығыс Қазақстан облысы. Халық аузында мұндағы әрбір тау мен тастың, өзен мен көлдің шығу тарихы жайлы аңыздар жүреді. 

«Бөрітостаған» тасының жұмбағы

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында тұрған жұмбақ «Бөрітостаған» тасы туралы халық арасында тараған бірнеше аңыздар бар (Оны кейде «Бөрітастаған» деп те атап жатады). Ен далада, басқа таулардан тым алыста жатқан тасты кім, қалай алып келгені көптің көкейіндегі сұрақ. Халық аңыздары осы сауалдарға бір жауап іздейді.

Ерте заманда Тарбағатайда алып кемпір өмір сүріпті. Ол осы мидай далаға отар қой-ешкісін жаюға келеді екен. Күндердің бір күнінде тосыннан бөрілер шауып, кемпір мен оның қойларына маза бермей қойса керек. Ашуланған алып әжей ұршығының тасын алып, қасқырлар ентелеген тұсқа лақтырып жібереді. Өзі үлкен кемпірдің ұршығының да тасы сондай үлкен болса керек. Айдаладағы Бөрітостаған сол ұршықтың тасы деседі жұрт.

Халық тіпті Бөрітостағанды ертегідегі Толағайдың өзі Қалбатауынан әкелген тас деп те жатады.

Ғалымдардың пікірі сан сақа жүгіреді. Тасты зерттеген жергілікті математиктің айтуынша, бұл тас аспаннан түсіп кеткен қатты пергаменттік дене. Ол метеориттердің қопарылуынан өз ұясынан жылжып, жерге құлауы әбден мүмкін. Себебі, тастың құрамын арнайы тексеріс оның метеорит екенін дәлелдеп берген. Ал геологтар болса, тасты мол су көзінің үстінде тұрғанын айтады, оған жергілкті халық та келісетін секілді. Себебі тас арасы әрдайым ылғал болып жатады.

Аягөз өзені кімнің көз-жасы?

Бір замандарда Шығыс өңірінде керемет сұлу ару өмір сүріпті. Оның есімі – Аяу екен. Тал бойында бір міні жоқ Аяудың сыртынан қызығатын ер адамдардың саны шексіз болыпты. Бірақ, оның ынтасы көрші ауылдағы Жайсаң есімді жігітке ауады. Екеуі көңіл қосып, мәңгілік бірге болуға сөз байласады. Дегенмен, көп ұзамай Аяудың ауылына оған құда түсіп, Нойыс атты жігіт келеді. Қалайда сұлуды өзіне жар қылуға тырысқан Нойыс Жайсаң жайлы естіп, қызғаныштан көзі байланып, қыздың сүйіктісін өлтіріп тынады.

Ауыр қайғы қабырғасын қайыстырған Аяу ешкімге тіл қатпай, нәр татпай, көз жасын көл етіп жата береді. Ақыры, жігітінің ажалы аруды ана дүниеге алып кетеді. Оның көзінен аққан жас осындай үлкен өзенге айналған деседі. Аты да Аягөз деп содан қалса керек.

Алтай жайлы аңыз

Өткен ғасырларда дәулеті шағын ғана, бірақ ақыл-парасатты шал мен кемпір болыпты. Олардың жар дегенде жалғыз ұлы бар екен. Күйбең тірлік күйттеп, бір күні қарт кісілер ауыр дертке шалдығады. Олардың сырқаттары күн сайын асқынып, жағдайлары мүшкілдене түседі. Жалғыз ұлдары ата-анасын қиын халге түсірген дерттің сырын сұрап, көрші ауылдағы мүкіс құлақты бір қария емшіге барыпты. Емші кісі ата-анасының ауруына шипа бола алмайтынын айтып, емін білетін адамға жөн сілтейді. «Балам, шығысқа қарай күн-түн демей жүре бер, жүре бер. Алдыңнан үлкен тау шығады, сол жердегі үңгірде сақалы беліне жеткен менің ұстазым өмір сүреді. Ол мың жылдан бері адамдарды түрлі сырқаттан емдеп келе жатыр. Бір көмек сол кісіден келетін болады», – деп баланы ұзақ сапарға шығарып салады.

Бірнеше айлап жол жүрген бала ақыры тауға жетіп, қарияны кезіктіреді. Емшінің ұстазы баланың келген қадамына құт тілеп, жөнін сұрайды. Сөйтсе, қарт ата-ата безгек деген дертке шалдығыпты, ал оған ем болатын шөп сол маңда ғана өседі екен. Түйнек шөпті тағы да ұзақ-ұзақ жол жүріп, бала қарт ата-анасына әкеліп қайнатып, ішкізеді. Олардың жағдай оңалып, беттері бері қарайды. Кейін безгек ауруы сол маңайға кең тарай бастағанда, халық баладан шөпті қайдан әкелгенін сұрайды. Сонда бала шығысқа қарай алты ай жүріп, сол тауға жеткенін айтады. Осыдан бастап, алыс шығыстағы таудың аты Алтай аталып кетіпті.

Қатонқарағайда қайтыс болған жесір әйел

Ертеде осы қарағайлы өлкеде жалғыз қызы бар жесір әйел тұрған екен. Ол аң аулап, терім теріп күн кешіпті. Өтіп жатқан күйбең тірліктің бірінде кішкентай қызы қаты ауырып, жесір әйел аңға шыға алмай, тамақ таба алмай, жағдайы қиындап кетеді. Ашқұрсақтықтан шаршаған әйел, қызының ұйықтағанын күтіп, аң аулауға аттаныпты. Жаралы қоянды ұстаймын деп, қуа-қуа үйінен тым ұзап кеткенін байқамай, боранды күні адасып кетеді. Сол уақытта үйіне құдайы қонақтар келіп, ауырып жатқан қызы солардың алдында көз жұмады. Әйел сол кеткеннен оралмайды. Ауыл адамдары оны іздеп бес күннен кейін орман арасынан тізерлеп отырған, жансыз мүрдесін табады. Содан бастап орман Қатынқарағай аталып кетіпті. Бұл атау келе-келе Қатонқарағай болып өзгеріп кетсе керек.

Маңырақ – қазақ қырылған тау

Зайсан көліне жақын маңда Маңырақ атты тау бар. Әсем жартасты, биік құз-шыңды тау туралы мынандай аңыз бар.

Таудың айналасында бұрын қазақ халқы көшіп-қонып жүрген екен. Жаугершілік заман болса керек, тосыннан тиген жау қазақтың малын айдап, қыздарын күңдікке әкетіп, әбден әбігерге салады. Сол кезде ақсақалдар бас қосып, жау тағы тимей тұрғанда таудың ішіне барып жасырынуды ұйғарады. Аз-маз қалған қойларын айдап, дұшпан көзінен тысқары кетуге тырысады. Бірақ, қойлардың ішінде бір ақсағы жоғары шыға алмай, артта қалып, мазаны әбден алады. Сонда біреуі ол қойды жоғарыға көтеріп шығарайық дегенде, басқасы жаудың жақындап қалғанын айтып, тастап кетелік деп кеңес айтады. Ақыры ақсақ қой сол маңда қалып қояды. Ентелеген жау тауға да жетіп, ары-бері іздеп жасырынған қазақтарды таба алмай жүргенде, маңыраған қойдың даусына естіп қалады. Жылдам басып қойдың жанына келсе, айналысында әлі суи қоймаған адам іздері жатыр екен. Сол ізбен жүріп отырып, ақыры  қазақтардың жасырынған жерін тауып алып, қырып салады. Содан бастап тау Маңырақ аталып кетіпті.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: