Шығыс Қазақстандағы «Алтай жауһарлары»

28 Сәуір 2018, 17:07 18655

Шығыстың киелі орындары

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек деген тапсырмасынан кейін, алдымен өңірлерде комиссиялар құрылып, қасиетті орындар мен ескерткіштер түзілді. Мамандар алты бағыт бойынша – Солтүстік, Шығыс, Орталық, Оңтүстік, Батыс, Алматы облысы және Алматы қаласына экспедицияға шығып, киелі мекендерді аралады. Сапар нәтижесінде  «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» тізіміне барлық аймақтан іріктеліп, сарапталған 100 нысан енген еді.

Шығыс Қазақстан облысынан бұл тізімге осы өңірдегі 8 тарихи орын ұсынылды. Олар: Зайсан ауданындағы Шілікті жазығы, Катонқарағайдағы Берел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғибадатханасы, Мұзтау шыңы, Күршім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Тарбағатайдағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі мен Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі.

Бұдан кейін де «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығының басшысы, тарихшы Берік Әбдіғали арнайы шығыс топырағына барып, осы өңірдегі ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың киелі орындар картасы тізіміне енгізілетін жерлердің жайын бірлесе талқылаған болатын. Тізім тағы өзгеріп, келесідей 8 нысан таңдалған екен. Олар: Семейдегі Ф.Достоевскийдің музей-үйі, осы қаладағы «Алаш арыстары» музей-үйі, Берел қорымы, Қоңыр әулие үңгірі, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Ырғызбай әулие кесенесі, Аягөздегі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары және «Өлімнен де күшті» мемориалы. Десе де бұл нақты бекітілген нұсқа емес. Алдағы уақытта бұл тізім тағы өзгеруі мүмкін. Өңірдегі зиялы қауымның пікірінше Ұлан ауданындағы Ақбауыр үңгірі мен Тарбағатайдағы Бөрітастаған секілді қасиетті орындар енбей қалып отыр.

 

Ф.Достоевскийдің музей-үйі

Әлемде ұлы классик жазушы Федор Михайлұлы Достоевскийдің өмірі мен шығармашылығына арналған жеті музей бар болса, соның бірі – Семей шаһарында. Музей ғимаратының тарихы тереңде. Ескі Семейдің өз заманында Крепостной  атанған көшесінде пошташы Лепухиннің үйін жазушы Федор Достоевский пәтер ретінде жалдаған. Музей директоры Татьяна Автушконың айтуынша, бұл Семейдегі көнеден сақталып қалған, көрнекті орыс жазушысының өмірі мен шығармашылығы қатар өрілген тарихи орындардың бірі.  Осы үйде тұрғанда Фёдор Михайловичтің тұңғыш қазақстандық ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынасы нығая түскен екен.  Ғимарат 1838 жылы бой көтерген, бір жарым қабатты ағаш үй.

Достоевскийдің шығармашылығы Семей қаласымен тығыз байланысты болғандықтан, оның ісін жалғастырушылар 1902 жылы Орыс империялық географиялық қоғамының бөлімшесін ашқан. 1902 жылы жазушының туғанына 80 жыл толуына байланысты Семей қалалық Думасына географиялық қоғамнан, яғни 64 адамнан Достоевскийдің есімін қалада мәңгілікке сақтау туралы өтініш келіп түсіпті. Қалалық билік Крепостной көшесінің атын «Достоевский» көшесі деп өзгерту туралы, ал үйінің алдына «Достоевскийдің бұрынғы пәтері» деп жазылған тақтайша қою туралы шешім қабылдайды. Алайда 9 жыл өткеннен кейін ғана сол өтінішті Семей Орыс империялық географиялық қоғамы бөлімшесінің мүшелері тағы талап еткеннен кейін 1911 жылы көше атауы ауыстырылады. Жазушы қайтыс болғаннан кейін 30 жыл өткеннен кейін ғана орындалған еді. Сол кезден бастап, қазіргі уақытқа дейін көше Достоевскийдің атымен аталып келеді.

Осы жылы 7 мамырда музейдің ашылғанына 47 жыл толады. Музей қорында 24000 сандық құрамы бар бай қор жинақталған. Қордағы ең қымбат жәдігер – Ф.М.Достоевскийдің қолы қойылған құжат. Мұнда сондай-ақ оның замандастарының шығармалары да сақталған.

«Алаш арыстары» музей-үйі

Семей қаласындағы Бөгенбай батыр көшесі, 132-үйде орналасқан «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйі ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған. Қос қабатты ағаштан қаланған ғимараттың астыңғы қабаты қызыл кірпіштен салынған. Бұл – Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды ұлылардың Семейде қызмет еткен жылдарына ерекше қатысы бар тарихи мекенжай.

Өз уақытында осы үйдің иесі болған Әнияр Молдабаев (1856-1934) Шыңғыс болысынан, Абайдың замандасы, жерлесі, шәкірті деген дерек бар.  Тарихи мәліметтерге сенсек, Абай мен М.Әуезовтің өміріне тікелей қатысы бар тарихи орын болғандықтан, Ә.Молдабаевтың үйінде 1944-1967 жылдары Абай мұражайы орналасыпты. 1988 жылға дейін қаладағы балалар кітапханасы болған ғимарат 1990 жылы Абай мұражайына қайта берілсе керек. Ал, 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш арыстары – М.Әуезов» атты жаңа мұражай экспозициясы болып ашылған.

Музей М.Әуезовтің Семейдегі кезеңіне, шығармашылығына, қоғамдық қызметіне және Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қызметіне арналған төрт бөлімнен тұрады.

Тарихи деректерде Мұхтар Әуезовтің алғашқы көркем туындылары, сахна өнерінің іргетасын қалаған драмалық шығармалары да осы өңірде дүниеге келген деп айтылдаы.

Берел қорымы

1865 жылы Вильгельм Радлов тұңғыш болып Берел ескерткішін зерттеп, «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын. Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына еніп отыр. Тарихты парақтасақ, Вильгельм Радловтың зерттеуінен кейін арада тек 100 жыл өткеннен кейін ғана Берел қорымына Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажынан Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Ал, одан кейінгі кезекте есімі Берел ескерткіштерімен қатар аталатын зерттеуші, ғалым Зейнолла Самашев. Мыңжылдықтар тарихын бүккен, теңдессіз олжалар мекені – Берел қорымына Зейнолла Самашев 1998 жылы қазба жұмыстарын жүргізіп, «патшалық оба» кезеңін зерттеу барысында №11 нысаннан алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапқан болатын.

«Қоңыр әулие» үңгірі

«Қоңыр әулие» үңгірі – Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырымдай жердегі Ақтас тауында орналасқан. Аңыздарға сенсек, Қоңыр әулие үңгірі табиғи құбылыстың негізінде пайда болған деседі. Ақтас тауында орналасқан үңгірдің ауызғы қуысы сырттан қарағанда елеусіз көрінгенімен, ені 80 метр, биіктігі 1,5 метрдей болатын жіңішке дәліз арқылы кіргенде кеңейіп сала беретін үңгірдің бітімі таңдай қақтырмай қоймайды. Жіпше ирелеңдеп жатқан жіңішке дәлізбен бойлай жүріп, солға бұрылғанда үңгір кеңейе түседі.  Бір ғажабы үңгірдің оң қанатында ерекшеленіп жатқан қуыстар бар. Деректерде бұрын осы қуыстарда  шалқалай жатқан әйел затының тастан қашалған мүсіні болғаны айтылады. Ел аузынан жеткен аңыздарға сенсек, осы қуыстарда ертеде 15-ке таяу балбал тастар болған екен.

Үңгір ішімен бойлай бергенде тас жолдар күрт төмендеп, ал кесек тастар тіктеп, үңгір көліне бастап апарады. «Қоңыр әулие» үңгірінің бар қасиеті осы үңгір көлінде. Ұзындығы – 25 м, ені – 10 метр болатын суы мөлдір әрі тұщы көлдің емдік қасиеті көп. Көл суының кереметі туралы ел ішінде сан түрлі аңыздар тараған. Бір кереметі көлдің суы жылдың төрт мезгілінде де бір температурада болады. Тағы бір тарихи деректерде, Абай атамыз осы үңгірге жиі келіп тұрғандығы айтылады. Ақынның Петербордан келген ұлы Әбішті бір топ жолдастарымен сергіп қайту үшін «Қоңыр әулиеге» жіберуі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Өкініште» атты тарауында кеңінен баяндалған.

«Жидебай-Бөрілі» әдеби-мемориалдық қорық-музейі

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі М.Әуезовтің ұсынысы бойынша ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында құрылды. Аталмыш музей еліміздің тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады.

1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай музей Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып құрылды. Қорық-мұражайдың негiзгi қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану мұражайына тапсырған заттары құрайды. Аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы.

Ырғызбай әулие кесенесі

XVIII ғасырдағы тарихи ескерткіштер қатарына жататын Ырғызбай әулиенің кесенесі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы Күмісбастауда орналасқан.  

Тарихи мәліметтерде Ырғызбай әулие – XVIII ғасырда өмір сүрген абыз деп айтылады. Тарбағатай тауларының қойнауында өсетін шөптермен адам емдеп, дем салып, тәуіптік еткен. Ел аузында тарап кеткен аңыздарға сенсек, Ырғызбай әулиенің Алтайдың күнгейіндегі қытай емшілерімен байланыста болғаны айтылады. Әулие деп тегін атамаса керек,  атамыз кім, қашан, қандай сырқатпен келе жатқанын алдын ала біліп, дәрісін дайындап отырыпты деген деректер де кездеседі. Ырғызбай ата жасаған емі үшін бір тиын ақы алмаған көрінеді.

Бүгін де Ырғызбай әулие атамыздың жатқан жері мәдени-рухани орталыққа айналды. Осында салынған мешіт, кітапхана, мұражай, 50 орындық қонақ үй зиярат етуге, ем іздеп келушілердің қасиетті орнына айналды.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары

Қозы көрпеш – Баян сұлу мазары 10-11 ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Таңсық ауылына таяу жерде орналасқан. Тарихта мазар туралы алғаш жазған академик И.П. Фальк. Тарихи деректерде 19 ғасырдың 30-жылдары В.Федоров, 40-жылдары А.И. Шренк, Ш. Уәлиханов, Н.А. Абрамов, М.Путинцев, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясызерттегені айтылады.

Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары – қос ғашықтың қайғылы махаббатына арнап соғылған махаббат некрополі. Ескерткіш адырнасы оншақты шақырымға кере тартылған алып садақтың атылуға даяр тұрған жебесіне ұқсайды. Садаққа ұқсаған иін жиырма шаршы шақырымға жуық жерді алып жатыр. Бабаларымыз некропольды тұрғызғанда оның меңзейтін ойын қоса ойластырыпты. Қашанда жебенің жауды нысанаға алатыны белгілі. Мына ескерткіш-жебенің нысанаға байлағаны жауыздықты сипаттап тұрғандай.

Қос ғашықтың мазары қазір халық пір тұтатын қасиетті жерге айналған. Мазардың биіктіті 11,65 метр. Қабырғасы жалпақ гранит тас пен балшықтан қаланған.

«Өлімнен де күшті» мемориалы

Қазақстанның тарихындағы соңғы ядролық сынақ 1989 жылғы 19 қазанда болды. 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жас тәуелсіз мемлекет үшін әлем тарихындағы маңызды оқиға еді. Ядролық сынақтарды тоқтатуға Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» қозғалысының белсенді қызметі көп жәрдемдесті.

Полигон орнына қойылған мемориалдық ескерткіш бейбітшілікті, соғыстың болмауын, береке мен бірлікті, өткен күннің қаһарлы қасіретін білдіреді. Ескерткіш жобаның авторы Шота Уәлиханов.

Асыл Айдар
Бөлісу: