Шігілдер

21 Тамыз 2014, 09:46

Шігілдер

“Академик В. В. Бартольд: шығылдар (шігілдер) Ыстықкөлдің солтүстік шығысын мекендеген ел еді  дейді. Олай болғанда, ертеректе Үйсін мемлекетінің астанасы болған Чығу қаласының маңын мекендеген болады”  деген сөзді жоғарыда айтылған үйсіндер Памир солтүстігіне ауғанда Күнгей Тарбағатайда қалып қойып, кейінірек Жетісуға - ежелгі үйсін жерінің кіндігіне көшіп келген үйсін бөлігінің Жікіл (Шігіл, Шығыл) қаласын ұстап тұрғандықтан, алғашқы атын (“Сары Үйсін” не “Дулат” сықылды бір атын) тастап, өздерін осы қаланың атымен атайтын болғанын [311] бірлестіре ойлансақ, бұл қала - Шігіл (Шығыл) сол ежелгі Үйсін астанасы Чыгу екеніне, хəндердің оны толық дыбыстық аудармамен недəуір таяу алғанына сене түсеміз.

Сондықтан да шығар, Қызылкүреннің орны жайында “Жаңадан табылған деректерге сүйене отырып көптеген ғалымдар оны Кеген немесе Шарын алқабында орналасуы мүмкін деп есептейді. Кеген жазығында Үйсін дəуірінің патшалар қорымы тобына жататын алып обалар көп.

Бұл Үйсін билеушілері осы маңайда тұрған деген қорытынды жасауға негіз болды. Оған қоса Қарқараның маңында Құмтөкей аталатын ат төбеліндей ашық аймақ бар. Айналасы көк шалғын, биік тау жазығындағы осы жерден көне заттардың түрлі қалдықтарын жергілікті тұрғындар тауыпты. Қытай деректерінде айтылатын үйсіндер еліндегі суық ауа райы осы жердің климатымен сəйкес келеді”  деушілер де бар. Бұл пікірді бірқыдыру ғалымдар қолдап Қызыл күрен - “Кеген ауылынан (Алматы облысы Нарынқол ауданына қосылған бұрынғы Кеген ауданынан. - С. Ж. ) 10 км жердегі Құмтөкей. Бұл ескі қала мейлінше ірі болған.

Қалың құм басып кетсе де, бір орталық екенін еске салады. Құмтөкей деген ат ол қаланы құм басқаннан кейін аталғанға ұқсайды. Құмтөкейдің ұзындығы 2200 метр, ені 1000 метр. Баласағұнның ұзыны 650 метр, ені 400 метр. Сөйтіп Құмтөкей Баласағұннан 3 есе үлкен. Қаланың тұрған жері де жаугершілік заманға сай. Тегіс жазықтың дөңестеу жеріне салынған. Қаланың төңірегінде жау жасырынып келетін сай-сала, адыр-бұдыр жоқ. Бұл қалаға суды 12 км жерден үлкен тоған арқылы əкелген. Тоғанының кеңдігі 3 метрдей. Су құбыры да болған” дейді.

Тағы бір пікір бойынша, “Шығу Шарын өзенінің оң жағалауынан табылған көне елді мекеннің орнымен сəйкес келеді. Бұл елді мекен б. з. б. III-б. з. IV ғасырларында өмір сүргендердікі”  екен.

Ал, кейбір зерттеушілер Шығу (Қызылкүрен) Ыстық көлдің оңтүстік жағалауында деген пікір білдірген. Су Бейхай “Шоқан Уəлиханов Ыстық көлдің шығыс-оңтүстігінен ежелгі қала ізін тауыпты жəне көне қала ішінен қытайша құрылысты, Хəн əулеті кезінің бұйымдарын, қытайша жазуларды көріпті. Көне қаланың сыртынан ертедегі суару тоғанын да байқапты. Уəлиханов та Қытай жылнамаларындағы Шығу - осы, дейді” деп жазған екен.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: