22 Сәуір 2016, 14:46
Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Шие» комедиясы қойылды.
Орыстың классик жазушысы Антон Чеховтың шығармасын қою үшін театр басшылығы Саха (Якутия) Республикасынан танымал кино және театр режиссері Сергей Потаповты аттай қалап алдырған екен. Премьераны тамашалауға келген көрермендердің көңіл-күйіне қарасақ, режиссерге артылған сенім еселеп ақталғандай әсер қалдырады. Потапов Чеховтың классикалық туындысын қазақы танымға икемдеп, небәрі жиырма күн ішінде сахнаға шығарған.
Біз премьераның екінші күні әртістермен аз-кем тілдесу үшін театрға ертерек барған едік. Режиссердің көмекшісі Арай Амантауова мен әртістердің сөзінен ұққанымыз, олар өздерінің «Шие» секілді тыңнан түрен салған спектакльге қатысқандарына дән риза. Сергей Потапов театрға келген бетте әртістердің арасында кастинг ұйымдастырыпты. Шығарманы оқып, талдауға 5 күндей уақыт арнаған соң, дереу комедияны қоюға кіріскен.
Мұнда Раневская – Шие, Гаев – Ғайып, Лопахин – Балташ, Петя Трофимов – Пәтөнай... Бәрінің есімі қазақшаланған. Шиенің рөлін әдеттегіше егде жастағы әйелдің емес, өрімдей жас актриса Ақмарал Танабаеваның ойнауы режиссердің көп адамды ойландырған ерекше шешімі деуге болады.
Айтпақшы, Чеховтың шығармасында Раневская Парижден Мәскеуге келеді. Ал, Сергей Потаповтың шешімі бойынша, Шие ханым Парижден Қазақстанға келеді. Шығарма Чеховтікі, өзі осыдан бір ғасыр бұрын жазылған демесеңіз, қойылым қазіргі қазақ қоғамын дөп басып суреттейтіндей. «Шиеде» қазақша хит әндердің орындалуы мен сахнадағы оюлы реквизиттер, домбыра мен қобыз, қазақтың асық ату ойыны, әртістердің костюміндегі ұлттық нақыштарға қарап отырып, шын мәнінде шығарманың орыс жазушысына тиесілі екенін ұмытып та кетесіз.
Театрда 2010 жылдан бері қызмет ететін Шахмұрат Ордабаев спектакльдің ерекшелігі cахнада қолданылатын әдістер мен сөйлеу тәсілдеріндегі қарама-қайшылығында екенін айтады:
– Премьераның алғашқы күнінде көрерменнің реакциясы қызық болды. Олардың жартысы спектакльді қабылдаса, жартысы қабылдай алмады. Мұны көрермен шапалақ соққан кезде байқадым.
«Шие» – біздің театр үшін жаңа тәжірибе. Осындай жүйемен жұмыс істейтін режиссер бізге алғаш келіп отыр. Негізі, спектакльді қою тәсілі өзгеше болса, оны көрермен де басқаша қабылдайды екен. Премьераның алғашқы күнінде көрерменнің қойылымнан кейінгі реакциясы қызық болды. Олардың жартысы спектакльді қабылдаса, жартысы қабылдай қоймады. Оны көрермен қол соққан кезде байқадым.
Бұған дейін дәстүрлі театрларда әртістер шығармада айтылар ойды көрерменге шайнап беріп келді. Ал, «Шие» тек көрерменге ғана емес, өнердің сан саласын түсінетін сауатты сыншылар қауымына арналған. Бұл – театрдың көркемдік деңгейін түсінуге көмектесетін қойылым.
Кез келген басқа дүниелер сияқты театр да эволюциядан өтеді, жаңа формасын табады. Осындай схема бойынша құрылған спектакльдер Еуропада бұрыннан бар болғанымен, бізге бұл үрдіс енді-енді келе жатыр. Біз шетелдік үлкен театрларға лайықты бәсекелес болу үшін заманауи жаңа шешімдерді білуіміз керек.
Шахмұрат «Шиеде» Раневскаяның көмекшісі Жарасты ойнады. «Жарас –жеңіл өмірді, Парижді аңсап жүрген атқосшы. Көрерменге соншалықты көп астарлы ой айта қоятын кейіпкер емес. Есіл-дерті – байлық, Парижге бару, аққайнар ішу» дейді актер.
Ал, режиссердің көмекшісі Арай Амантауова Потапов қойған премьераны отшашуға теңейді:
– «Шие» біз үшін тың дүние, жағымды жаңалық болды. Неге десеңіз, біздің театрда бұрын-соңды мұнда қойылым болмаған. Режиссер әрбір детальға ерекше мән береді, проблеманың өзін көрерменге қалжыңмен шебер жеткізеді.
Шарлоттаның рөлін ойнаған актриса Айман Аймағамбет режиссердің қатаң кастингінен өтіп, осы рөлге ие болғанын бақытқа балайтынын айтты:
– «Шие» біздің елімізде бұған дейін де талай қойылған болар. Бірақ, дәл мынадай жаңаша көзқараспен алғаш рет қойылып отыр. Өзі – динамикасы жоғары, кішкентай детальдардан құралған спектакль. Мұнда басты кейіпкер деген жоқ, режиссер барлық кейіпкерді бірінші планға шығарды. Яғни, ешқандай әртіс көлеңкеде қалмады. Театрда қазірге дейін ойнап келген рөлдерім көп. Дегенмен, дәл осы Шарлоттаның рөлін алғаным үшін өзімді бақытты актрисамын деп санаймын.
Небәрі 23 жастағы актриса Ақмарал Танабаеваға егде әйелдің рөлін ойнау қиынға соққан екен. Өзінің кейіпкері Шие туралы актриса былай дейді:
– Бақ дегеніміз – аллегория. Әркім бақты әртүрлі деңгейде қабылдайды. Мысалы, Шиенің бағы – оның жастық шағы. Ол өзінің жастық шағын қимайды, қайта-қайта еске алған сайын жүрегі қан жылайды. Жалпы, бұл шығармада әр кейіпкер өзінше бақытсыз. Олар бір-бірінің мұңына құлақ аспайды, әркім өз басының қайғысымен әуре.
Жас болсам да, қанжығамда Чеховтың шығармасындағы басты рөл бар екендігі көңіліме қанат бітіреді. Бұл рөл мен үшін кез келген актрисаның маңдайына бұйыра бермейтін рөл болғандығымен құнды.
Роза ӘРЕН
Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ