Шежіре туралы

5 Қыркүйек 2014, 11:08

Шежіре туралы ақпарат

Елдігіміздің, кешегі өткен бабалар ерлігінің рухы әрқашанда биік, халқымыздың арманы заңғар болуы - бүгінгі ұрпақ, келешек уақыт үшін аса маңызды болып саналады. Біздің бұл мақалада атап өтер жайтымыз да, жанымыз да – Кіші жүздің ноқта ағасы саналатын Тама тайпасы жөнінде болмақ.  

Таманы айтуды бастамас бұрын қазақтың ұлттық-әкімшілік бөлінісінің тарихы, жүзге бөлінудің қай уақытта басталғанын білмек қызық. Әрине, қазақтың шежіресін талдағандар, үш жүзді ағайынды үш жігіттен немес үш қожадан таратып айтатыны белгілі. Дегенмен, тарихтың тереңінен толғап, тарихын таразылап жүрген жандар тарихи шығармаларда жүз атаулары 1616 жылғы жазбалардан бері қарай ғана көрініс тапқанын жазады. ХІІІ ғасырда Жошы ханның уағында өзіне тиесілі ұлысты оң қанат, сол қанат және орта қанат деп үшке бөліп билегенін, ол қанаттарының кейін ұлыс деп аталғанын жазған тарихшылар, тура сол аумақта, сол жерлердің көлемінде «Қасым салған қасқа жол» аталатын заңын шығарған Қасым ханның уағында үш жүздің құрылғандығын айтады. Үш жүзге бөліну шамамен, 1533-1538 жылдарды меңзейді. Байқап қарасаңыз, біздің жүз деп жүргеніміз – туыстық жолмен құрылған одақ емес, тарихи-географиялық аймақтардағы елді біріктіру мақсатымен құрылған одақ болып шығады.

 Ал, осынау үш қанаттың бірінің құрамынан кіші жүздің құрамына енген Таманың тарихын зерттеген жандар да, ол жөнінде айтатын жанның барлығы ол Нәріктің әкесі Тама батырдан тараған деп жорамалдайды. Біздіңше, ол Тама батыр – ертеректен Арғын, Қыпшақ, Керей, Үйсін, Алшын деп аталып келе жатқан тайпалармен қатарлас Тама тайпасының атын қойған батырдың бірі ғана. Тама тайпасының тарихы жоғарыда айтылған тайпалармен қатарлас, яғни біздің заманымыздан бұрынғы уақытқа барады. Оған дәлелді мен толық атап көрсете алмағаныммен, Қарабура бабамыз басқарған Яғма тайпасы қытай жылнамалық тарихында қате жазылып кетуі де мүмкін, бұл жерде мен яғманың «Тама» болуы тиіс деген жорамалды құптаймын. Одан соң Ноғайлы заманында дүниеге келіп, Сыпыра жырау жырлаған, біздің заманымызда қағаз бетіне түсіп, осы күнге мұрты бұзылмай жетіп отырған «Қырымның қырық батыры» жырлар жинағының «Ер Шора» жыры басталғанда: «Алаш-алаш болғанда, ала тай ат болғанда, Орманбет хан өлгенде, Қазан қаласында қырық мың үйлі тамада төрт түлігі сай болған Нәрікбай деген бай болған» деп айтылушы еді ғой. Қырық мың үйлі Тама деген - Тама батырдан Тана, Танадан Нәрік туған, айналасы алпыс-жетпіс, әрісі жүз жылдың ішінде бола кетпейді ғой. Ол екі ортада жүз әйел алғаныңмен қырық мың жан болмайсың, ендеше қырық мың үйлі Тама да болмайсың.  

Тіптен қырық мың үй дегенге де таласым бар. Қырық мың үйлі елді Тама руы биледі десе келісуге болады. Мысалы, сыртқы ел біздер отырған Сарысу ауданын – Тамалар елі деп те атайды. Онда қырық мың жан тұрады. Бізді қырық мың адамы бар Тама деп айтады. Ал, бірақ осы Сарысу ауданы түгелдей Тамадан тұрмайды. Тіптен жартысы да оған келмейді. Ошақты, Тілік секілді Ұлы жүз руларымен қатар Тарақты, Найман секілді Орта жүз руларымен қатар Кіші жүздің Шеркеш, Жағалбайлы секілді іргелі руларының да жандары тұрады. Осыдан келіп Сарысу ауданы түгелдей Тама батырдың ұрпағы деген түсінік тумауы керек секілді, Қазан хандығындағы қырық мың үйлі Таманың да Тама батырдың ұрпағы еместігі анық та айқын емес пе?! Дегенмен, Тама тайпасының халқы қырық мың үй болмағанымен қырық мың жан болғанды аян болып тұр. 

Себебі, Таманың үлкен ру болғаны сонша, Ноғайлы Ордасы ыдырап, әр ел өз алдына шаңырақ көтеріп кеткендіктен, ондағы тайпалардың да шаруашылық жайымен, сол уақыттағы басшыларының дүрдараздық жағдайымен әр ұлыстың құрамында кетуі де соның дәлелі. Әйтпесе, түрікпен, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт ұлттарында Тама руы қайдан жүреді.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: