«Шетте білім алған жастардың потенциалын пайдалануымыз керек»

16 Қараша 2022, 22:25 8125

Жақында АҚШ-қа іс-сапармен барған Мемлекет басышысы IT саласында қызмет істеп жүрген жас мамандармен кездескен болатын

Бүгінде жақсы жұмыс, жайлы өмір іздеп, шетелге кетіп жатқан азаматтар саны аз емес. ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы 32 мыңнан астам қазақстандық шетелге кеткен. Оны 2020 жылмен салыстыратын болсақ, 2021 жылы кеткен саны 10,7 пайызға көп. Ал биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елден кеткендер саны 20 мыңнан асқан. Енді Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметіне назар аударсақ, елден кетіп жатқан әрбір үшінші адам - этникалық қазақ екен. Осы эмигранттардың төрттен бірі - 15 пен 28 жас аралығындағы жастар. Оның үстіне шет мемлекеттерге кеткендердің жартысынан астамы, яғни 77 пайызы жоғары білімді. Сондықтан да мамандар жыл сайын елден кетіп жатқандар санының артуы ойланарлық мәселе екенін айтады. Әсіресе, Қазақстанның дамуына үлес қоса алатын білікті әрі білімді азаматтардың басқа мемлекетке қоныс аударуы еліміздің экономикасына да, халықтың тұрмыс салтына да әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті де сарапшылар жоғары білімді әрі білікті өз ісінің мамандарын елде ұстап қалу үшін мемлекет барқатар іс-шара қабылдау керегін айтады.

Жалпы азаматтардың, әсіресе жастардың шетелге кетуінің себептері қандай? Олардың елде қалып, мемлекеттің экономикасын дамытуға үлес қосуына не кедергі? Мемлекет білімді, талантты әрі дарынды жастарды елде ұстап қалу үшін қандай шаралар қабылдағаны жөн? Міне, осы сауалдарға жауап іздеу үшін мамандардың пікірін білген едік.

Статистикаға назар аударсақ, 2021 жылы шетелге (32 209 азаматтың) кеткендердің  8 жарым мыңнан астамы жоғары оқу орнын тәмәмдаған. Ал 5 мыңнан астамы техникалық маман болса, 1 600-ден астамының педагогикалық білімі бар. Сондай-ақ мыңға жуығы медицина саласының мамандары екен. Бұл сандар елден шын мәнінде белгілі бір саланың мамандары кетіп жатқанының дәлелі бола алады.

 «Шетке кетіп жатқандардың басым бөлігі – жастар»

Әлеуметтанушы Әсел Сәрсенованың пікірінше, қазақстандық білімді әрі білікті азаматтардың шетелге кетуіне елдегі әлеуметтің-экономикалық жағдайдың төмендігі себеп болып отыр. Өйткені білікті әрі білімді азаматтар өздерін дамытуға, әртүрлі жағдайда сынап көруге, қосымша кәсіпті меңгеруге, сонымен қатар жаңа нәрселерді игеруге мүдделі. «Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатысы бар мәселе. Негізінен, жоғары білікті мамандар қазіргі тілмен айтқанда ағылшын, яғни шет тілін меңгерген білікті азаматтар көп жайғдайда әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында шетелге кетіп жатыр. Ал олардың саяси не діни себептерге байланысты қоныс аударып жатқандары көп емес. Көп жағдайда бұндай топтарды жастар құрайды. Жастардың арасындағы білікті кадрлардың елден кетуіне бірқатар фактор әсер етеді. Жастардың шетелге кетуінің басты себептері – жоғары өмір сүру деңгейі, тәжірибе жинау, жоғары жалақы алу, карьералық өсу мүмкіндіктерінің жоғары болуы, жеке және кәсіби деңгейде өсу перспективаларының болуы деп айтар едім»,-деді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл – алаңдайтын мәселе. Өйткені шетке кетіп жатқандардың басым бөлігі белгілі бір мамандық иелері, яғни ел экономикасының дамуына үлес қоса алатын азаматтар. Сарапшының бұл сөзіне біздің жоғарыда келтірген статистикалық деректеріміз де дәлел бола алады. Осы тұста айта кетейік, медицина, педагогика, мамандарынан бөлек, 2021 жылы сәулет-құрылыс саласында қызмет істейтін 437 адам, экономика саласында жұмыс істейтін 2568 азамат, сонымен қоса заң саласы бойынша 616 адам, ауыл-шаруашылылығы саласында 218 адам басқа елге қоныс аударған. Бұдан біз қоғам өмірінің бір бөлігі саналатын әрі қоғамның үшін пайдалы болатын маман иелерінің шетке кетіп жатқанын байқай аламыз.

«Әрине, бұл мәселе бүгінгі күні ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі Қазақстанның дамуына елеулі үлес қоса алатын ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер немесе жұмыс орындарын құра алатын бизнесмендер тағы басқа сол сияқты азаматтардың соңғы кезде елден кетуін байқап отырмыз. Білімді әрі білікті жастардың елден кету тенденциясы елдің адами капиталының сапасына кері әсер етері сөзсіз. Өйткені адами капитал – бұл бағаланатын басты байлық»,-деді Әсел Сәрсенова.

«Әлеуметтік фактордан гөрі, сасяи фактор басымырақ»

Ал әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова шетке кетіп жатқандардың көпшілігіне саяси фактор себеп болып отырғанын айтады. «Қазір көпшілік экономикалық, әлеуметтік факторларды атап өтіп жатыр. Бірақ менің ойымша, бұл жерде саяси фактор басымырақ. Себебі біздегі еркіндіктің, мәселен, сөз бостандығының жоғы секілді нәрселер бірден-бір себеп болып отыр деп ойлаймын. Елде саяси еркіндіктің болуы, азаматтардың өздерін дамыта алуы өте маңызды. Сондықтан да қазақстандық жастардың шетелге кетуінің басты себептерінің бірі – осы»,-дейді маман.  

Дегенмен сарапшы жастардың елде қалып, мемлекеттің дамуына үлес қосуы үшін үкімет олардың жағдайын жасау керек екенін айтып отыр.

«Жастар елдің болашағы деп жатамыз ғой, сондықтан бірінші кезекте жастарға, жас мамандарға жағдай жасалуы керек. Олардың пәтер жалдап тұруы, жатаханадағы орындардың жетіспеуі, шәкіртақының төмен болуының өзі өздерінің әрі қарай дамыта алмауының бірден-бір себебі дер едім. Олардың елде қалғысы келмеуі, өз елін дамытуға ықтиярының жоқтығы да әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жасалмағанынан. Сондықтан да жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешпей, яғни базалық қажеттіліктерін өтемей, білімді әрі білікті жастардың елде қалуы екіталай. Ал білім беру, беріліп жатқан білімнің сапасы – ол екінші мәселе»,-деді әлеуметтанушы.

Ал Әсел Сәрсенованың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда жастардың көбі шетелде білім алуды қалайды. Өйткені кейбір жастар үшін ол кейін шетелде қалып қою үшін мүмкіндік. «Жастардың елден кетуінің тағы бір себебі – шетелдік сапалы жоғары білім алу. Ал бұл өз кезегінде шетелдік жоғары оқу орындарына да, қабылдаушы елдерге де экономикалық жағынан да, демографиялық жағынан да тиімді. Себебі жастар тілді оңай меңгереді, олар репродуктивті жаста, білікті, сонымен қоса әр нәрсені тез қабылдайды. Сонымен бірге көптеген жас шетелде оқуды сол елде тұрақтап қалудың бір мүмкіндігі ретінде қарастыратыны жасырын емес»,-деді ол.

«Азаматтардың елде қалуына мемлекет мүдделі болуы тиіс»

Салтанат Оразбекованың сөзінше, мемлекет әр адам үшін қаржы жұмсайды. Мәселен, тегін білім алады, оған бюджеттен қаражат бөлінеді. Сол себепті де білімді жастардың елде қалуына мемлекеттің өзі мүдделі болуы тиіс деп есептейді. «Жалпы білімді әрі білікті мамандардың шетелге кетуі әлемде бар проблема. Бірақ олардың елде қалуы, елдің экономикасын дамытуына мемлекет мүдделі болуы тиіс. Өйткені ол жастарға білім беріп, оларды оқыту үшін бюджеттен қыруар қаражат жұмсалды. Мәселен, бір азаматты есептеп көрсек, менің ойымша, бұл өте көп ақша. Сондықтан Қазақстанның экономикасы тұрғысынан қарасақ, ел экономикасы «минусқа» кетіп жатыр деген сөз»,-деді ол.

«Шетте білім алған жастардың потенциалын пайдалануымыз керек»

Жалпы Әсел Сәрсенованың айтуынша, жастардың шетелде білім алуының позитивті жақтары да жоқ емес. Өйткені дамыған елдің білім жүйесі қалай десеңіз де, дамудың бірнеше сатысынан өтті. Оның үстіне ғылым мен соңғы технологияның отаны да солар. Сондықтан да дамыған мемлекеттерде білім алушылар қатарының көбеюі дұрыс деп санайды әлеуметтанушы.

«Егер қоғамның басты әлеуметтік тобы – жастар шетелден жаңа білім, дағдылар мен тәжірибе алып, отанына оралып, оны мемлекет игілігіне пайдаланса, онда бұл мемлекеттің даму жолында үлкен рөл атқарар еді. Сол себепті олардың білімін, потенциялын елді дамытып, экномикамызды көркейту үшін пайдалануымыз қажет. Бізде Қазақстанда талантты, дарынды жастар өте көп. Мысалы, ресейлік жоғары оқу орны өкілдері Қазақстаннан барған мықты талапкерлерге қызығушылық танытуда. Олар олимпиадалар өткізеді, кейін қабілетін жоғары деңгейде көрсете алған оқушыларды Ресейдің беделді университеттеріне оқуға шақырады. Олар бюджет есебінен тегін білім алады, бірақ сол жастар ЖОО аяқтағаннан кейін белгілі бір жылға келісімшартқа отырып, Ресейде қызмет етулері қажет. Бұл қазақ балалары ертең Ресей ғылымы мен экономикасы үшін жұмыс істейді деген сөз»,-деді ол.

Сондықтан да талантты қазақстандықтардың көрші не шетелдің экономикасын дамытуға емес, туып өскен Отаны Қазақстанның дамуына жұмсауы үшін бірқатар шараларды қолға алу керек деп есептейді. «Осындай себептерді ескере отырып, Қазақстанның жоғары білім беру мекемелеріндегі оқыту сапасын арттыру, оны заманауи техникалық құралдармен жарақтандыру, ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының аясын кеңейту, екі дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру практикасын дамыту, шетелдік ғалымдар мен оқытушылармен ынтымақтастықты кеңейтуді қолға алу керек деп ойлаймын»,-деді ол.

Бұған дейін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы елімізден басқа мемлекетке қоныс аударып, сонда жұмыс істеп жүрген азаматтардың базасы жасақталатынын айтқан болатын. Оның мәліметінше, қазіргі таңда АҚШ-та 100 мыңға жуық, Еуропа елдерінде 10 мыңға жуық, бауырлас ел Түркияда 30 мыңға жуық қазақстандық тұрады. Ал тек Американың өзінде 100-ден астам өте ІТ-маман жұмыс істейді екен. «Сырттағы түрлі саладағы мамандар мен тұлғалардың ортақ базасын жасаудың және олармен жұмыс істеудің нақты алгоритмі мен жобаларын ұсыну міндеті тұр. Осы ретте қоғам бұл бағытта толық база құруды бастады», - деген еді ол. Бұл да болашақта шетте жүрген жас мамандардың ел игілігіне қызмет етеуіне мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Бұдан бөлек жақында АҚШ-қа іс-сапармен барған мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласында қызмет істеп жүрген жас мамандармен кездескен болатын. Оның айтуынша, жаңа Қазақстанда жастарға көп мүмкіндік беріліп, жағдай жасалатын болады. Міне, осындай шаралар қазақстандық жастардың елде қалып, ел игілігіне қызмет етуіне әсер тигізеді деп сенеміз.

Назерке Мұратқызы
Бөлісу: