Шетелдік өнімдерге «Қазақстанда жасалған» деген сертификаттар берілген- депутат

Кеше, 12:16 257

Мәжілістің жалпы отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірыңғай тізілім құру туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Бұл бастама арқылы мемлекеттік органдарға тауар өндірушілер туралы толық ақпарат алу мүмкіндігі беріледі және сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігі қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов 2023 жылы Қазақстанда 206 заң бұзушылық анықталғанын, сондай-ақ 42 тексеріс нәтижесінде 40-тан астам әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл мәселелер экономикаға теріс әсерін тигізіп, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, мемлекеттік бюджеттің шығынға ұшырауына әкелуде.

Сондай-ақ депутат импорттық тауарларға «Қазақстанда жасалған» деген жалған сертификаттар берілуі жағдайына тоқталды. Бұл қатарда латекс қолғаптары, LG теледидарлары және жасанды көгалдандыру сияқты тауарлар бар. Мұндай жағдайлар өнім сапасының төмендеуіне және санитарлық талаптардың бұзылуына әкеледі, мысалы, Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін жерде өндірілген.

Бұл проблемалар экономикамызға кері әсерін тигізуде. Салдарынан кәсіпкерлер бәсекелестік мүмкіндігінен айырылады. Мемлекеттік бюджет жалған өндірістерді қолдай отырып, шығынға ұшырайды. Бюджетіміз өзгелердің экономикасына жұмыс істейді. Ең бастысы — бүкіл мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенім азаяды. Бүгін қаралып отырған заң жобасында Қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды тізілімін құру ұсынылады. Бұл мемлекеттік органдар үшін қолжетімді, орталықтандырылған ақпараттық жүйе болады. Жүйе сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар ол ыңғайлы және тегін болмақ, — деді Нұртай Сабильянов.

Диана Орынбасар
Бөлісу: